Сарапшылар "арнайы әскери деградация" басталғанын айтуда

2377

Жазда жаңа күш жинап, Украина Қарулы күштеріне соққы берген Ресей әскері үш ай ішінде бірер жүз шақырым ғана ілгері жылжи алған. Нәтижесінде, Украинаның Луганск облысын толықтай өз қолына көшіріп, әлем мойындамаған ЛХР-ға қоса алды. Ал Донецк облысын түбегейлі басып алу қолынан келмеді.

Сарапшылар "арнайы әскери деградация" басталғанын айтуда

Украина әскері болса, тек он күн ішінде ғана мың шаршы шақырымнан астам аумақты азат ете алды. Бүгінде ресейлік пабликтер кері шегініп, жандәрмен қашқан ресей әскері колонналарының видеоларына толды. Біраз күн үнсіздік сақтаған, айтарға сөз таппаған РФ Қорғаныс министрлігі Балаклея, Изюм қалаларынан әскерін әкеткенін мойындауға мәжбүр болды. Бірақ Харьков облысындағы жаппай шегіністі "Донбассты босату бойынша арнайы әскери операцияның мақсаттарына қол жеткізу үшін" әскерлерді қайта топтастыру маневрімен түсіндіруге тырысты.

Қалай болғанда, Ресей наурыз айының басындағы ауыр шайқастарда қаншама жауынгерін жер жастандырып, жаулап алған Балаклея және Изюм қалаларынан енді лезде айырылып қалды.

Бұдан бұрын ресейлік әскер Изюм қаласын және Харьков бағытындағы ондаған елдімекенді тастап шыққанын әлем мойындамаған ДХР өкілі Денис Безсонов хабарлаған болатын. Ол мұны "өте жаман" және "жоғарғы басшылықтың өрескел қателіктерінің салдары" деп бағалады.

"Бірақ бұл жағдайдың жасырын астарын іздеу мәнсіз. Өйткені мұның құпия ымыраласуға немесе сатқындыққа еш қатысы жоқ. Тек біз осылай, нашар соғысамыз", – деп күңіренді оккупант.

9 қыркүйек күні кешке Украина Президенті Владимир Зеленский украиналық армияның Харьков облысындағы 30 елдімекенді дұшпаннан азат еткенін мәлімдеді. Бірақ қандай қалалар мен деревнялар қайтарылғанын нақтыламады. Осыған байланысты ресейлік пабликтер РФ бақылауында делінген елдімекендердің қайсысы уыстан шығып кеткенін анықтай алмай, абдырап, дүрбелеңге түсуде.

Әзірге басқыншылар үдере қашып, Балаклея – Изюм – Купянск желісі бойынша алғы шеп әрі қарай күйреп жатыр. Жаудың босап қалған окоптарын, тастап кеткен снаряд, оқ-дәрі арсеналдарын, жол жиегіне құлап, шұңқырға түсіп, батпаққа батып, сынып қалған әскери ауыр техникаларын ғаламтор арқылы ЗСУ (Збройні сили України) жауынгерлері мақтана паш етуде.

Ресейлік әскери сарапшы Юрий Федоровтың түсіндіруінше, Украина майданында қос тараптың әскери өнері сыналды. РФ армиясы кеңес кезінен бері көбіне бетпе-бет шабуылды жақтайды. Салдарынан, тікелей шабуылдар барысында қаншама жауынгері жантәсілім етті. Мысалы, жазда Луганск облысындағы Северодонецк және Лисичанск қалаларын алу барысында Ресейдің әскері қатты шығын шекті.

Ал Украина Қарулы күштері басқа әскери айла-шарғыны ұстанады. Мысалы, Ресей жағы бірнеше ай бойы Балаклеяны мықты бекініске айналдырды. Алайда ЗСУ Балаклеяға тура шабуылдауға бармады, РФ әскері қорғанысының екі бірдей шебін қос қанаттан айналып өтіп, қоршауға ала бастады. "Қазан" ішінде қуырылып қалғалы тұрғанын түсінген ресейлік бөлімдер бей-берекет қаша жөнелді. Нәтижесінде, Украина армиясы өз қалаларын бомбалаған жоқ.

Қазір ЗСУ қарсыласының Харковь облысындағы әскерін және донбасстық тобын жабдықтап отырған көлік тораптары мен маңызды трассаларды өз бақылауына алуға күш салуда. Егер бұл ниетін жүзеге асыра алса, дұшпанның кем дегенде он мың жауынгері толық қоршауда қалады. Оларға қару-жарақ, оқ-дәрі, әскери техника жеткізілмейді.

"Новая газета. Европа" басылымының түсіндіруінше, әскери сарапшылар Украина армиясының бұл тактикасына "майдан шептерін каскадтық күйрету және операциялық өріске шығу" деген атау берді. Бұл – дұшпан бекінісінің барлық үш желісін бір мезгілде іске жарамсыз етіп, қиратуды және қоршауда қалмау үшін жаппай қашуға мәжбүрлеуді білдіреді. Жау табан тірер жер таппай, тұра қашқандықтан, оны түре қуу да жеңілірек. Украиналық әскерлер тәулігіне 50 шақырымдап алға жылжып барады.

Сарапшылар тағы бір маңызды қулыққа назар аудартады. 2022 жылғы 9 шілдеде Зеленский Украина армиясына елдің оңтүстігін жаудан азат етуге бұйрық берді. The Times британдық басылымына сұхбатында Украина Қорғаныс министрі Алексей Резников бұл ниеттерін жария түрде растады. Бұл 24 ақпанда соғыс басталғалы оккупацияланған жалғыз облыс орталығы – Херсон қаласын және өңірін босатуды білдіретін.

Ізінше америкалық HIMARS дүркін атыс реактивті жүйелері Херсон (Кәрсөн) облысындағы ресейлік әскери базаларды бомбалауға кірісті. Сонымен бірге Днепрдің жағалауларын жалғайтын үш көпірді аяусыз атқылап, істен шығарды. Салдарынан, Ресейдің Днепрдің оң жағалауындағы әскері қоршауда қала бастады. Арғы жағалаудан қару-жарақ, керек-жарақты қалқымалы понтон көпірмен, баржалармен тасуға тура келген.

Херсондағы әскерді күшейту және контршабуылға шыққан украиналық күшті тоқтату үшін Ресей қарулы күштерінің бас штабы өзге майдандардағы, әсіресе Харьков облысындағы әскерлері мен әскери техникаларының үлкен бөлігін әкетіп, осы жаққа төкті. Мәскеу Изюм мен Балаклея жақта ДХР-дан мобилизацияланған, нашар қаруланған солдаттарын, сондай-ақ әдетте Ресей қалаларында митингке шыққан қарусыз адамдарды таяқтауға үйренген, енді қан-қасап қырғын ортасына тасталған ОМОН-дықтарды ғана қалдырды. Олардың көбі қазір тұтқынға түсіп қалғаны туралы видео интернетте көп. Қалғаны әзер дегенде табанын жалтыратты.

Херсоннан айырылып қалмау үшін РФ тіпті Сириядағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ПВО) жүйелерін алып кеткен.

Осыдан кейін Киевтің айласының астары анықталды. Агрессор Херсон жақтан шабуылды күткенде, Украина Харьков жақты қаусатты.

Контршабуылды бастамас бұрын ЗСУ "Хаймарс" кешендері арқылы М-26 басқарылмайтын зымырандарымен ресейлік позицияларды бірнеше күн аяусыз соққылап, жермен-жексен етті. М-26 – ресейлік "Градтың" америкалық баламасы, яғни басқарылмайтын зымыран. 15-32 шақырымға ұшады. АҚШ оны ескіріп қалды деп санап, 2018 жылдан есептен шығара бастаған. Бірақ "Хаймарс" реактивті жүйесі арқылы да атуға болатын бұл зымырандар енді Украинадағы соғыста қажетке жарады. Америкалықтар осылайша М-26-ны Харьков пен Херсон майданында есептен шығаруда.

Сарапшылар Балаклея, Изюм, Старый Салтов, Чугуев сияқты қалаларды бірінен соң бірін қолына көшіре бастаған ЗСУ-дың көздеген басты нысанасы Купянск екенін ескертті. 9 қыркүйекте Украиналық жауынгерлер Ресей үшін аса маңызды осы қаланың шетіндегі алып жазудың қасында Украина туымен бірге суретке түсті. Сөйтіп бұл "ресейлік әскери хабты" талқандауға жақын қалғанын паш етті.  

Ресейлік пабликтер өз жауынгерлерінің тырқырай қашқанын ақтау үшін шөлдегі соғысқа арналып, құм түстес боялған америкалық М-113 және басқа НАТО-лық танктермен жүйткіген украиналықтардың қалың нөпір әскері күннің көзін жауып, лап қойғанын майын тамыза жазуда. Дегенмен шындық әлдеқайда қарапайым: украиналық әскер шағын ғана топтармен жылжып, "байқаусыз шағып алу", тұтқиылдан тап беру тәсілдерін қолданады. Олардың мінгені – Польша берген кеңестік Т-72 танктері. Оған батыстық тюнинг жасалған. Заманауи тепловизорлармен, лазерлік көздегішпен, атысты басқарудың, байланыс пен бақылаудың жаңа жүйелерімен жабдықталған. Оған оталдырудың цифрлық жүйесіне негізделген В-46-6 жетілдірілген қозғалтқышы қойылған.

"Жауға уралап, бетпе-бет лап қою – біздің тактикамызға жат. Онда онсыз да аз әскерімізден сау-тамтық қалмас еді. Біздің әскерлер көбіне бос қалған позицияларға кіруді. Біз мысалы, әзірге жауды жолықтырған жоқпыз. Байрақ ауылына бірінші болып кірдік. Окоптар бос жатты, бірақ олардан кір жуу машиналарын таптық", – деп баяндады украиналық саясаттанушы, бүгінде қолына қару алып, Балаклея жақта жауды арнайы мақсаттағы жасақпен бірге шабуылдаған Бірінші жеке бригаданың пресс-офицері Тарас Березовец.

Ол өзін айта-айта жауыр болған кір машиналары емес, басқа нәрсе қайран қалдырғанын айтады. Бекіністерде оқ-дәрі толы жәшіктер қалған, оларда ірі әріптермен "Негодные" деп жазылыпты. Украинадағы соғыста Мәскеу кеңес кезінен қалған ескі-құсқы қару-жарақты жаратуға мәжбүр. Арсенал шын мәнінде атуға жарамайтын болып шығыпты. Офицер соған қарамастан оларды РФ бас штабының майданға жолдағанына таң-тамаша қалыпты. Мұндай жәшіктер тасымалдау және түсіру кезінде жарылуы мүмкін еді.

Украина жағы Купянск қаласының да азат етілгенін жариялады. Бұл деректі Харьков облыстық кеңесі төрағасының кеңесшісі Наталья Попова растады. Енді міне, жергілікті қалалық кеңестің ғимаратынан украиналық жауынгерлер басқыншының туын алып тастап, өз елінің көк-сары байрағын ілді.

Ресейдің пропагандистік телеграм-арналары өз әскерлерінің Донецкідегі Лиман қаласын да уысынан шығарып алғанын хабарлауда. "Рыбарь" арнасы бұл қаладан Ресей Гвардиясының, ТЖМ, ІІМ бөлімшелерінің жаппай шығарылғанын мәлім етті. Ал "Новости Донбасса" арнасы Лиман әзірге берілмегенін, оның жанындағы Дибров, Брусовка деревняларында шайқас жүріп жатқанын жеткізді.

Донбасстағы және Украинаның оңтүстігіндегі сұрапыл соғыс жалғасуда. Биылғы күзде Украинаға қосымша әскер контингенттерін кіргізіп, Украинаның ішінара басып алған Запорожье, Херсон облыстарын басыбайлы иеленуге, әрі қарай Николаев, Одесса, Кривой Рог облыстарына шапқыншылық жасауға дайындалған Мәскеуге енді әскерін қайта топтастырып, қорғанысқа көшуге тура келді. Бір күн бұрын Владимир Путин РФ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерін шұғыл жинап, кеңес өткізді. Оның ақпарат құралдарына жария бөлігінде Украинаның астығын тасымалдау, көлік саласын дамыту мәселелері талқыланған. Сарапшылар оның жабық бөлігінде Ресей азаматтарын соғысқа жаппай мобилизациялауға дайындық мәселелері қаралды деп болжады.

Егер Кремль жаппай жұмылдыруды жарияласа, онда оған Ресейдің Қазақстанда тұратын азаматтары да ілігуі әбден мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу