Өткен аптада Мәжіліс Салық кодексіне бірқатар өзгеріс енгізуді бірінші оқылымда мақұлдады. Олардың ішінде ең маңыздысы – мобильді төлемдерді реттеу. Атап айтқанда ұялы қосымша арқылы аударым түрінде төлем қабылдайтын кәсіпкерлерге салық салу. Бұған дейін кейбір кәсіпкерлік нысандары қызметі немесе сатылған өнім ақысын мобильді қосымша арқылы аударып алып отырған. Осылайша салық төлемейтін. Енді банктер Салық органдарына жиі аударым жасалатын шоттар бойынша ақпарат беріп отырады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиевтың айтуынша мобильді ақша аударыммен пайда тауып жүрген кәсіпкерлер осы ақпараттар негізінде және арнайы тәртіппен анықталады.
"Бізде қауіп-қатерлерді басқару жүйесі бар. Соның аясында мобильді ақша аудары арқылы пайда тауып жүргендер анықталады. Мысалы, бір адамға күніне 15-100 адам ақша жіберсе, ол кәсіпкерлік белгісі болып саналады. Банктер ондай адамдардың тізімін бізге беріп тұрады. Біз оны ары қарай зерттейміз. Жай ақша аударым емес, төлем екенін дәлелдейміз. Негізі, тәртіп бұзушылық дәлелденсе, алдымен ескерту жасалады. Одан кейін айыппұл салынады", – дейді вице-министр.
Вице-министр айтқан тәртіп те заңға өзгеріс ретінде енгізілген.
Белгілі заңгер Жангелді Сүлеймановтың жазуынша мемлекеттік кірістерге жауапты орган сол талапқа сай шот иелеріне салық төлетіп, айыппұл салумен қатар өсімпұл да алуы мүмкін, тіпті қылмыстық іс қозғауы да ғажап емес.
"Мен мұндай заңды қолдаймын. Салықты бәрі төлеуі керек. Мұны жаңа жылдан бастап енгізеді деп есептеймін. Төлемді аударым арқылы алып келген кәсіпкерлер барлық кірісін көрсетіп, салық есебін жүргізуі керек. Әйтпесе бизнесін жабуға дейін үлкен проблема болуы мүмкін", – деп жазды заңгер.
Салық органдарының түсіндіруінше жеке адамдардың аударымдарына салық салынбайды. Мұны Марат Сұлтанғазиев Мәжілісте депутат Жанарбек Әшімжанға берген жауабында айтты.
"Туыстарға аударым бұрын да болған. Ол қалады, біз бұл заң арқылы төлемдерді заңдастырып жатырмыз. Жеке кәсіпкерге қызмет немесе өнім үшін төлемдер. Ол үшін басқа шот ашылады, ол жәй ақша аударым емес, төлем деп аталады", – деді вице-министр.
Яғни, алдағы уақытта мобильді қосымшаларда "ақша аударымен" қатар "мобильді төлем" де болады. Тұтынушылар өз еркімен қажетті қызметті таңдап, туыстарына ақша аударады немес сауда жасағанда мобильді төлемді жүзеге асырады.
Атап айтайық, мобильді қосымшалар мен шот, карта арқылы кәсіпкерлердің төлем қабылдауы бұған дейін де заңсыз саналатын. Банктердің сайттарында бұл туралы "жеке кәсіпкерлік мақсатта қолдануға боламайды" деп атап көрсетілген. Алайда аударымдардың жеңілдігін кейбір кәсіпкерлер салықтан жалтаруға пайдалана бастады.
Соңғы уақытта тіпті көбейіп кеткен соң, заңға өзгеріс енгізіп, нақты тетіктерін анықтауға тура келген. Заңдағы өзгерісті Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қолдап отыр.
"Атамекен" ҰКП мобильді аударымдарды фискалдандыру туралы заңдағы өзгерістермен келіседі.
"Егер мұндай аударымдар кәсіпкерлікпен байланысты болса, әрине оларға салық салынуы тиіс. Алайда кәсіпкерлікке қатысы бар аударымдарды қалай анықтатыны туралы тетіктер әлі нақтылануда. Мұны Ұлттық банк құзырлы органмен бірге шешеді. Мобильді төлемдерді фискалдандыру әрине экономикаға плюс, салық базасы ұлғаяды, салық түсімі артады, мемлекет тұрғындардың, бизнестің мәселелерін көбірек шеше алады", – дейді кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров.
Оның айтуынша мобильді аударым арқылы төлем қабылдап үйренген кәсіпкерлерді бұл өзгеріс қанағаттандырмайды, өйткені олар кірісінен айырылғысы келмейді.
"Алайда қазіргі жағдайда өзгерістер енгізуге негіз бар, олар тек кәсіпкерліктен түскен табысқа салық салуға бағытталған", – дейді палата төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, заңдағы өзгеріске сәйкес енді банктер шетелдік интернет компанияларға аударымдар туралы да ақпарат беруге міндетті. Сонымен қатар банктердің мобильді қосымшалары арқылы тұрғындарға салық төлеу немесе берешегі туралы ақпарат жіберу, В санатты жүк көліктеріне салық көлемінің өзгеруі, салық қарызын бөліп төлеу, ҚҚС төлеушілерді жабуды жеңілдету, алкоголь мен сигареттерге акциз, ел аумағы арқылы шетелдік автокөліктің жүк алып өту тарифінің артуы заңдастырылды.
Құралай Құдайберген