Сарапшылар мынадай қазақстандық шай түрлерін ішуден сақ болуға шақырды

2523

Олардан тыйым салынған бояғыштар табылды. 

Сарапшылар мынадай қазақстандық шай түрлерін ішуден сақ болуға шақырды Фото: culture.ru

Ақманнан құйылғаннан кейін кесенің жиегін оңай жуылмастай етіп лезде бояп тастайтын шайлар болады. Кейбір адамдар бұған: "Күшті екен!" деп сүйсініп жатады.  

Шынында солай ма? Тұтынушылардың ұлттық лигасы "Нутритест" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зертханасында тәуелсіз сараптама жүргізе келе, халық арасында танымал бірқатар шәй маркаларынан тыйым салынған бояғыштарды тапқанын мәлімдеді.

Бағасы қолжетімді болғандықтан көптеген отбасы қонақтарының шөлін дәл осы шәймен қандырады, өздері де белсенді тұтынады. Оның үстіне қаптамасы әдемі безендірілгендіктен, қазақстандықтар оны бір-біріне сыйлық ретінде тарту етеді.

Қазіргі кезде бояғыштар көптеген азық-түлік өнімдерінде кездеседі. Мысалы, шырындарға, кейбір газдалған сусындарға және басқасына қосылады. Соның қасында тек шайлар қауіпті ме?

Сарапшылардың айтуынша, мұнда бір проблема бар. Өйткені құрғақ шәй мен сұйық сусынға арналған стандарттар әрбасқа. Бөтелкеленген сұйық сусындарда оларға рұқсат етілген, бірақ құрғақ шайда – тыйым салынған.

Бұл талап Кеден одағының 029/2012 техникалық регламентінде жазылған. Алайда өндірушілер бұл талапты өздерінше түсіндіреді де, су қосылғаннан кейін шәйдің де сұйық сусынға айналатынын, демек, оларға ешқандай шағым болмауға тиістігін алға тартады.

Сарапшылар әсіресе, түрлі аллергиясы бар адамдарға абай болуды ұсынды.

Тұтынушылардың ұлттық лигасының президенті Светлана Романовскаяның айтуынша, тексеруге тұтынушылардың шағымы түрткі болды. Адамдар лиганың қауырт желісіне хабарласып, шай ішілгеннен кейін кесені жуу қиындап кеткенін, қалай уқаласа да жағал-жағал із қалатынын, сөйтіп, қымбат ыдыс бүлінетінін баяндаған екен.

Содан қоғамдық ұйым ел ауызға алған шәй түрлерін сатып алып, сынамаларын сараптамаға тапсыруға шешім қабылдады.  

Сарапшылар шай құрамындағы бояғыштарды терең зерттеусіз, үй жағдайында да анықтауға болатынын жеткізді. Тәсілі қарапайым: бір шөкім шәйді құрғақ майлық-салфеткаға төгесіз, үстінен суық су себесіз.

Содан соң шәйді алып тастағанда қағаз майлық қызғылтсары түспен айғыздалса, ол өнім боялған деген сөз. Өндірушілер кесеге құйылған шәйға көз сүйсіндірер әдемі реңк беру үшін бояғыштар қосуға барады.

Лигадағылар бояғышқа қатысты даулар тіпті сотта қаралғанын, алайда өндірушілер жауапкершіліктен бәрібір жалтарып кеткенін айтады.

Сондықтан қандай шәй ішетіні, денсаулығын қаншалықты сақтайтыны енді әрбір адамның өзіне ғана тәуелді болады. Мемлекеттік жауапты органдардың бұл тұрғыда өндірушілерді тәртіпке шақыратын түрі жоқ.

Светлана Романовская сот арқылы емес, адамдарды ақпараттандыру арқылы қимылдағанды дұрыс санайды.

"Біз бұл ақпаратты барынша кең таратуға тырысамыз. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 41-бабына сәйкес, біз лабораториялық зерттеулердің нәтижелерін қоғаммен бөлісуге құқылымыз. Біз солай жасаймыз. Сараптама аккредиттелген зертханада өткізілді. Барлық деректері ресми расталды. Біз өндірушілерге қарсы ұжымдық талапарыз бермейміз. Өйткені сот тәжірибесі көрсеткендей, тіпті жеңіске жеткенімізбен, біздің шығынымызды ешкім өтемейді. Ал, соттасу – шығынды іс, оның тиімділігі минималды. Оған қарағанда бұл туралы тұтынушыларға айтып берген тиімдірек", – деді Романовская.

Тұтынушылардың таңдауы деген – ұлы күш. Егер адамдар зиянды деп тапқан өнімін жаппай сатып алуды қойса, өндірушілер не ол өнімді нарықтан алып тастауға, немесе оның құрамын өзгертуге мәжбүр болады.

Айта кету керек, былтырғы 2024 жылғы тамызда "Роспотребнадзор" Еуразиялық одақ аумағында сатылатын танымал 4 маркадағы шайдан қауіпті заттар табылғанын жариялаған болатын.

Мұндай хабарламалар көршіде дүркін-дүркін жарияланады. Күдік тудырған шәй түрлерін ресейлік құзырлы органдар Ресейдегі дүкендерден тәркілеп, алып тастатқызды. "Роспотребнадзор" аталған шәй түрлерін саудалаған сауда желілеріне талапты бұзуға жол бермеу туралы ескерту жолдады.

Айта кету керек, өз кезегінде барлық өндірушілер тағылған айыпты жоққа шығарды және өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қатаң бақылайтындарын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу