Сарапшылар нарықта бензин тапшылығы қаупі барын жариялады

74

​Көрші елде АИ-95 бензинінің бағасы литрі үшін 100 рубльге (660 теңгеге) жуықтады.

Сарапшылар нарықта бензин тапшылығы қаупі барын жариялады Фото: ЖИ

Ресейдегі отын нарығында бағаның биікке шарықтауының негізгі себептері анықталды, бұлар: Украинаның ұшқышсыз ұшақтарының шабуылдары, РФ мұнай өңдеу зауыттарының (МӨЗ) басым бөлігінің лажсыздан жөндеуге жабылуы, сондай-ақ туристік және саяжай маусымы кезіндегі дәстүрлі жоғары сұраныс.

Ресейде МӨЗ-дердің мәжбүрлі "демалыс маусымы" басталды

Reuters агенттігінің хабарлауынша, РФ-тың еуропалық бөлігінде соққыға ұшырамаған бірде-бір ірі МӨЗ қалмады. Соғыс басталғалы Украина қарсыласының мұнай өңдеу инфрақұрылымына 170-тей шабуыл жасады.

Тек 2025 жылдың өзінде Украина Қарулы күштері ресейлік МӨЗ-дерге 88 соққы берсе, 2026 жылдың алғашқы бес айында-ақ бұл көрсеткіш 50-ге жетті. Ең көп соққыға Рязань және Саратов МӨЗ-дері душар болған: әрқайсысына 15 шабуылдан тиесілі. Екі кәсіпорын да РФ-тың еуропалық бөлігіндегі ең ірі зауыттар. Рязань МӨЗ-і жыл сайын шамамен 17 миллион тонна мұнай өңдейді және қуаттылығы бойынша Омбы және Кириши зауыттарынан кейін 3-орынды иеленеді. Саратов МӨЗ-і жылына шамамен 7 миллион тонна мұнай өнімдерін шығарады.

Басқа зауыттар да елеулі шығынға тап болды: Краснодар өлкесіндегі Афипский, Ильский және Туапсе МӨЗ-дерінің әрқайсысына 12 соққыдан жасалды. Олардың өндірістік қуаты Саратов зауытымен деңгейлес – жылына 7-9 миллион тоннадай. Самара облысындағы Сызрань МӨЗ-і қатарынан 11 рет шабуылға ұшырады.

"Орталық Ресейдегі барлық дерлік ірі МӨЗ-дер соңғы апталарда Украина дрондарының соққыларынан кейін өндірісті жаппай тоқтатуға немесе қатты қысқартуға мәжбүр болды", – деп жазды Reuters.

"Вот Так" басылымы да таяуда Пермь МӨЗ-іне жасалған шабуылдардан кейін РФ-тың еуропалық бөлігінде соққыға жығылмаған ірі мұнай зауыттары қалмағанына назар аудартты. Оның мәліметінше, жылына 10 миллион тоннадан астам қуаты бар зауыттардың ішінде шабуыл аймағынан тыс тек Орал жақтағы Омбы және Ангар МӨЗ-дері ғана қалған. Ресейде былтыр барлығы 33 мұнай өңдеу зауыты болған еді.

Шабуылдар саны бойынша 2025 жыл рекордтық болды, алайда 2026 жылдың алғашқы 5 айында-ақ Украина бүкіл 2024 жылдың көрсеткішінен асыруға шақ тұр. Бұған дейін Reuters Украинаның соққылары Ресейдің мұнай өңдеу қуаттылығының 40%-ына дейінгісін істен шығарғанын жариялаған болатын. Өз кезегінде Bloomberg ресейлік МӨЗ-дерде мұнай өңдеу көлемі сонау 2009 жылдан бергі ең төменгі деңгейге – тәулігіне 4,69 миллион баррелге дейін құлағанын тіркеді.

"Жұмысын толық немесе ішінара тоқтатқан МӨЗ-дердің жиынтық қуаттылығы жылына 83 миллион тоннадан асады немесе тәулігіне шамамен 238 000 тоннаны құрайды. Агенттіктің анонимді дереккөздерінің мәліметінше, бұл Ресейде шығарылатын бүкіл бензиннің 30%-дан астамын, дизелдің шамамен 25%-ын құрайды", – деп мәлім етті DW.

Осы жазда РФ жанармай құю станциялары бос қалуы мүмкін

Дрондардың МӨЗ-дерге соққыларынан кейін тәуелсіз ЖҚС (жанармай құю станциясы) желілері бензин тапшылығына тап болды. "Новая газета Европа" басылымының мәліметінше, РФ-тағы отын саудасының шамамен 40%-ын қамтамасыз ететін бұл желілер қорын толықтыруда үлкен қиындыққа тап болуда.

Басылымның байламынша, мұнай трейдерлері мен ЖҚС менеджерлерінің кәсіби чаттарында "дүрбелең басталды". "92-ші бітті, 95-ші жоқ! Бензин тасушы көліктер ВЛПДС-та (Володарск сызықтық-өндірістік диспетчерлік станциясында) босқа тұр. Отын құймай жатыр", – делінген хабарламалардың бірінде.

Мәскеу мен Мәскеу облысынан, сондай-ақ Сібірден келген екі тәуелсіз ЖҚС желісінің менеджерлері журналистерге мамыр айында мұнай өнімдерін сатып алу мүмкін болмай қалғанын жария етті: "Отын атымен жоқ!". 25 мамырдағы жағдай бойынша ең ірі отын тораптарында бензин "тек тапсырыспен" босатылады. Сонымен қатар, бұл ауыр ахуал тек бензинге ғана емес, дизель отынына да қатысты болып отыр. Ал, ол РФ-та ішкі тұтыныстан артық өндіріліп, қалғаны экспортқа шығарылатын.

Дереккөздердің мәліметінше, тәуелсіз ЖҚС желілері мамырда украиналық "беспилотниктердің" МӨЗ-дерге шабуылы күрт үдегенге дейін сатып алған бензин қалдықтарын сатып тауысуда. Нарық қатысушыларының болжамынша, жазда Ресейде бөлшек сауда бағасы еселеп өсуі мүмкін. Көтерме сауда нарығында АИ-92 құны мамырдың аяғына қарай ақпанмен салыстырғанда 25-27%-ға өсіп үлгерген.

Ресейлік ЖҚС-тардағы баға жүргізушілердің әмиянын босатып, жүйке жүйесіне салмақ салуда. РФ-тың бірқатар аймақтарында ең өтімді АИ-95 маркалы бензиннің құны литріне 100 рубльдік үш таңбалы көрсеткішке таяп қалды. auto.ru/mag басылымының журналистері автокөлік шығындарына қатысты төбе шашты тік тұрғызатын статистиканы жариялады. Бензин бағасы картасы келесідей:

• Қиыр Шығыс федокругі: абсолютті антирекорд – мұндағы орташа баға литріне 89,84 рубльге дейін шығандады.

• Мурманск облысы: 85 рубль көрсеткішімен "күміс" жүлде иеленді.

• Камчатка өлкесі: 80,57 рубль.

• Саха Республикасы (Якутия): 80,35 рубль.

• Магадан облысы: 80,33 рубль.

• Чукотка автономды округі: меже "79 рубльден сәл жоғары" белгісінде тұр.

Маңызды жайт, бұлар тек "орташа көрсеткіштер" ғана. Шалғайдағы жанармай құю станцияларында таблодағы нақты цифрлар бұл шектен әлдеқашан асып кеткен. Салыстырсақ, Қазақстанда отын бұдан шамамен екі есе арзанға түседі.

Кеше ғана миллиардер едің... Мұнай алпауыттары қалай тіленшіге айналды?

"Мұнай зауыттарына жасалған соққылар – Ресейдің мұнай-газ кірістерін азайтуға және ел ішінде отын тапшылығын тудыруға бағытталған Украина стратегиясының бір бөлігі. Украина Президенті Владимир Зеленский мұндай шабуылдарды Кремльді келіссөздер үстеліне отыруға мәжбүрлеуді мақсат еткен Киевтің "алысқа сілтейтін санкциялары" деп бірнеше рет атады", – деп жазды The Moscow Times.

Алайда Кремль МӨЗ-дерге соққылар салдарынан отын тапшылығының туындау қаупін көріп тұрған жоқ, деп хабарлады "Интерфакс".

"Кейбір аудандарда өндіріс қысқаруы мүмкін. Бұл маусымдық профилактикалық жұмыстармен де байланысты. Бірақ тұтастай алғанда, бүкіл отын балансы есептелген және қажетті өтеу жүйесіне ие", – деді Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Ол энергетика министрлігі проблеманы тұрақты бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.

Өз кезегінде РФ Энергетика министрлігі отын нарығындағы жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді. Ведомствоның баспасөз қызметі РБК-ға түсіндіргендей, ішкі нарық тұрақтылығын сақтап тұр және толық бақылауда.

"Қазіргі кезде нарық жеңіл мұнай өнімдерінің қорларымен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілген. Сала сұраныстың маусымдық өсу кезеңін штаттық режимде өтуге дайын", – деп мәлімдеді ведомство.

Отын нарығында болып жатқан дүмпулер экономикадағы тектоникалық өзгерістерге алып келді. Енді бюджет олардың бизнесін субсидиялауда.

Мұнайшылар Үкіметке нақты талаппен жүгінді. Отын демпфері деп аталатын тетікті нөлге түсіруге мораторий енгізу. Билік бұл үндеуге құлақ асты. Шолушы Валерия Доброваның хабарлауынша, жоғарыдан реакция көп күттірген жоқ. Президент Путин жарлыққа қол қойды: оған сәйкес былтырғы 1 қазаннан бастап бензин мен дизель бойынша отын демпферін төлеу үшін ауытқу шегі бұдан былай ескерілмейді.

Бұл нені білдіреді? Мұнай компаниялары әлемдік нарықта баға қанша құбылса да (өссе де), бюджеттен миллиардтаған өтемақы алуын жалғастыра береді. РФ Энергетика министрлігі бұл қадамды құтқару шарасы деп атауға асықты. Шенеуніктердің сендіруінше, мұндай шешім екі міндетті орындау үшін өте маңызды: компанияларды шығынға батып, банкрот болудан қорғау үшін мұнай секторына берілетін өтемақыны сақтап қалу және ел ішіндегі ЖҚС-тарда бағаны тұрақтандыру.

Қазақстан дағдарыстан ең көп пайда көрушіге айналуы мүмкін

Бұл ретте көршіде түпкі тұтынушы да зардап шегуде. CUPPER компаниясының бас директоры (CEO) Инесса Стеклованың сөзіне және автосервистердің мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 1,5-2 жылда РФ-та бензин сапасы қатты нашарлаған, соның салдарынан көлік қозғалтқыштарының бұзылу саны 2 есеге жуық артқан.

Отынның жаппай тапшылығы туындай қалса, Ресей Беларусь пен Қазақстаннан бензин импорттау мүмкіндігін қарастыруда. Бұл осы елдердің нарықтарында қысым тудырып, салмақ түсіруі ғажап емес. Алайда ҚР Энергетика министрлігі республикада отын тапшылығының белгілері әзірге байқалмайтынын мәлімдеп отыр.

"Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз етуді жалғастыруда. Жеткізілім бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Жыл басында Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері егіс науқанын жүргізу үшін 402 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесін бекітті. Жеткізілімдер ағымдағы жылдың 1 ақпаны мен 30 маусымы аралығындағы кезеңде жүзеге асырылады. Түпкілікті құнын өңірлік операторлар айқындайды және литріне 281 теңгені құрауы мүмкін. Бұл орташа бөлшек сауда бағасынан 49 теңгеге немесе 15%-ға төмен", – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Ресей нарығының ұзаққа созылған дағдарысы аясында Қазақстанның күн тәртібі мен жоспары мүлдем басқаша және ол өшуге емес, өсуге құрылған. Республика тек төмен бағаны ұстап қана қоймай, экономиканың нақты секторын көтеретін қуат-қарымын көрсетуде.

Бұл ретте дәл біздің Қазақстан Ресейдегі отын күйзелісінен ең көп пайда көретін тарапқа, бенефициарға айнала алады. Өйткені Беларусьтің мұнай өңдеудегі мүмкіндіктері шектеулі: қазіргі зауыттары шамасының шегінде жұмыс істеп тұр. Әрі қолданыстағы халықаралық санкцияларға байланысты жаңа МӨЗ салу жобасын жүзеге асыра алмай келеді.

Ал Қазақстан, керісінше, мұнай өңдеу секторын кеңейтуде. 2026 жылғы 20 мамырда қуаттылығы жылына 10 млн тонна болатын төртінші ірі МӨЗ құрылысына дайындық ресми түрде бастау алды. Жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін (АТЭН) әзірлеу қолға алынып, ол іс жүзінде іске асыру сатысына өтті. Тапсырыс беруші – "Самрук-Қазына" қорының еншілес құрылымы болып табылатын "SK Ondeu" компаниясы. Жобаның аяқталу мерзімі әзірге жарияланған жоқ.

Оның үстіне Қазақстан мұнайды терең өңдеу дәрежесін арттыруды жалғастыруда. Елдегі мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру алға қарай үлкен серпіліс жасады: 2025 жылдың қорытындысында қолданыстағы үш МӨЗ-дегі өңдеу тереңдігінің орташа көрсеткіші 87,4%-дан 90%-ға дейін өсті. Бұл ілгерілеушілік жеңіл мұнай өнімдерінің үлесін 70-79%-дан 75-81%-ға дейін ұлғайту есебінен қамтамасыз етіліпті.

Бұдан бөлек, 2025 жылдың қорытындысында 2024 жылға қарағанда Қазақстанда мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін өндірудің өсімі тіркелді: бензин шығару 5,7 млн тоннаға жетті (өсім 107%), ал, дизель отынын өндіру 6,1 млн тоннаға дейін ұлғайып, 116%-ға өсті.

Бірақ Астана қол жеткізген нәтижелерге тоқмейілсіп, тоқтап қалмақ емес. Жоспарда – қара алтынды өңдеу тереңдігін ғаламат 94%-ға жеткізу көзделген. Бұл өршіл межеге жұмыс істеп тұрған МӨЗ-дерді ауқымды модернизациялау және қуаттылығын кеңейту арқылы қол жеткізу жоспарлануда. Ал, басты көзір – заманауи зауыт салу.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу