Сарапшылар сүзгісінен өткен стратегиялық құжат

2960

Ұлттық экономика министрі "Atameken Business" телеарнасының алаңында Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын таныстырды.

Сарапшылар сүзгісінен өткен стратегиялық құжат Фото: Мария Матвиенко

Оған еліміздің сарапшылар қауымдастығының өкілдері де қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

"Біздің елдегі ең басты құжат – "Стратегия – 2050". Аталған құжаттың негізінде әр 10 жылға арналған стратегиялық жоспарлар түзіледі. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын әзірлеу барысында арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған Қазақстанның сарапшылар қауымдастығының өкілдері енді. Бұл құжат Астана экономикалық форумында да кеңінен талқыланды. Осы орайда аталған форумға Нобель сыйлығының лауреаттары бастаған белді сарапшылар, жаһандық қаржы инситуттарының өкілдері жиналатынын ескерген абзал. Олар стратегиялық жоспарды талқылап, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ біз бұл құжатты Қазақстанда өкілдіктері бар халықаралық қаржы институттарына жолдадық. Тағы бір ерекшелігі стратегиялық даму жоспарын талқылау барысында фокус-топтармен тікелей ашық диолог құрдық. Яғни, өңірлерді аралап, кездесулер ұйымдастырдық", – деді Тимур Сүлейменов "Atameken Business" телеарнасының алаңында өткен ашық диалогта.

Министр мырза әлдеқашан жазылып қойған "Стратегия – 2050"-ден ауытқуға болмайтынын еске салды.

"Десе де, уақыт бір орында тоқтап тұрмайды. Геосаяси, макроэкономикалық жағдайлар өзгереді. Сондықтан негізгі басым бағыттарды анықтап отыру үшін стратегиялық даму жоспары түзіледі. Бұл – уақыттың талабы", – деп толықтырды сөзін ұлттық экономика министрі.

Сондай-ақ ол 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың орындалуына тоқталды.

"2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспар антикризистік сипатта құрылған еді. Аталған құжат 2000 жылдың соңында жазылды. Ал бұл дағдарыспен тұспа-тұс келген кезең болатын. Біз 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда қамтылған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің бәрін ойдағыдай еңсердік. Енді жаңа жоспар түзу керек", – деді ол.

Мәліметтерге сүйенсек, 2009-2016 жылдар аралығында экономиканың өсімі 36,5%-ды құраған. Ал 2017 жылы жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 26 мың долларға тең болды. 2010 жылмен салыстырғанда, 2016 жылы шағын және орта бизнестің өсімі 26,8%-ға артқан. Осы уақыт аралығында 81 мың жұмыс орны құрылған. Адамдардың өмір сүру ұзақтығы былтыр 72,3 жасты құрады (2009 жылы 69,3 жас еді). Былтыр табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2,6%-ға дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш 2009 жылы 8,2%-ды құрап болатын.

"Қазақстан – ашық экономика саясатын ұстанған ел, әлемдік қауымдастықтармен саяси, экономикалық, әлеуметтік, технологиялық тұрғыдан тығыз байланыс орнатқан мемлекет. Сондықтан стратегиялық жоспарды құру барысында әлемдік трендтерді ескермеу мүмкін емес еді. Сол себепті біз 100 жаһандық трендке назар аудардық. Осы трендтердің негізінде бірнеше сценарий құрылды. Сценарийлер позитивті, негативті және базалық сипатқа ие. Сондай-ақ мемлекеттің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайына толыққанды кешендік диагностика жүргіздік. Осылайша, экономикалық өсімнің жаңа моделін жүзеге асыру үшін 7 жүйелік реформа мен 7 әлеуетті саясатты таңдадық", – деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар ойдағыдай жүзеге асса, еліміздегі инфляция деңгейі 4%-дан төмен болмақ. Жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 46,1 мың доллардан айналмақ (2016 жылы 26 мың доллар). Еңбек өнімділігінің өсімі 2025 жылға дейін 4,7%-ды құрамақ. Сондай-ақ ұлттық валютадағы несие қоржыны ЖІӨ-нің 50%-ына дейін өседі деп күтілуде. 

Сонымен қатар негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 2025 жылға қарай 19,4%-ға дейін (2016 жылы 16,4%) артпақ. Қазақстан логистикалық тиімділік индексі бойынша 77-орыннан (2016 жыл) 38-орынға көтерілмек. Шикізаттық емес тауарлар көлемі 2025 жылға қарай 50%-ға дейін (2016 жылы 44,6%) өседі деп жоспарлануда. Шағын және орта бизнестің үлесі 35%-ға дейін ұлғаймақ (2016 жылы 26,8%). Қазақстан цифрландыру индексі бойынша 2025 жылы 25-орынды (2016 жылы 52-орын) бағындыруды межелеп отыр.

Жоғарыда атап өткеніміздей, 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар жеті реформадан тұрады. Олар – жаңа адами капитал; технологиялық жаңару және цифрландыру; бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес; құқықтық мемлекет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл; қуатты өңірлер және урбанизация; қоғамдық сананы жаңғырту; өзгерістердің жетекшісі ретіндегі мемлекеттік сектор.

Алғашқы реформа "Жаңа адами капитал" деп аталады. Министрдің айтуынша, бұл реформа ойдағыдай жүзеге асса, білім саласының сапасы артпақ, жүйенің тиімділігі өспек. Яғни бұл реформа ел экономикасының өсіміне қарқын қосатын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін біржақты етеді деп күтілуде.

Екінші реформа – "Технологиялық жаңару және цифрландыру". Бұл экономиканың өнімділігін арттыруға бағытталмақ. Реформа күткендегідей жүзеге асса, шығындар азаймақ, тауарлар мен қызметтер өндірісі өспек, салалар әртараптандырылмақ және жоғары өнімді жұмыс орындарының саны артпақ. Аталған реформа нәтижесінде 2025 жылға қарай  ЖІӨ-нің өсімін 4,5-5%-ға жеткізу көзделіп отыр. Бұл ретте, оның 1,7-2,2%-ына цифрландырудың арқасында қол жеткізілмек.

"Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес" деп аталатын үшінші реформа бәсекеге қабілетті орта мен экспорттық әлеуетті дамыту есебінен жеке сектордың белсенділігін арттыруды көздейді. Бизнесті "аяқтан шалып келген" кедергілер жойылады, орта кәсіпкерліктің дамуына жол ашылады. Бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлінбек.  

Төртінші реформа – "Құқықтық мемлекет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл". Бұл реформа елдегі сот жүйесінің халықаралық стандарттарға сай болуын, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды негізгі меже етіп отыр. Адами факторды азайтып, процестерді цифрландыру мен оңтайландырудың арқасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу міндеті де осы реформада қарастырылған.

"Қуатты өңірлер және урбанизация" реформасы арқылы аймақтарды дамыту жоспарлануда. Яғни реформа өмір сүру сапасын арттыру тұрғысынан өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарды азайтуға тиіс. Сонымен қатар, әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымды дамыту, бизнесті қолдау, білім берудің заманауи тәжірибелерін енгізу де осы реформаға топтастырылған.

"Қоғамдық сананы жаңғырту" – алтыншы реформа. Бұл реформа ел тұрғындарының өзінің және Қазақстанның болашағына деген жауапкершілігін арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, адамдардың бәсекеге қабілеттілігі мен прагматизмді күшейтуге бағытталған.

"Өзгерістердің жетекшісі ретіндегі мемлекеттік сектор". Бұл – жетінші реформа. Бұл бағыт орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың рөлін арттыруды қарастырады.

Тимур Сүлейменов атап өткендей, 2025 жылға дейінгі даму жоспары сарапшылар қауымдастығының тікелей қатысуымен дайындалған алғашқы құжат. Бүгінде құжатты әзірлеу процесі аяқталуға жақын. Оны үкімет отырысында таныстыру жоспарлануда. Ал одан кейін мемлекет басшысының қарауына жебірілмек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу