Сарапшылардың көбі жол мамандығынан хабарсыз

Қажет Андас, Алматы облысы Қажет Андас, Алматы облысы
5411

Талдықорған жолдары кемелденген инженерлік зертханаға мұқтаж.

Сарапшылардың көбі жол мамандығынан хабарсыз

Жыл басында Талдықорған қаласының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаев тұрғындар алдында есеп бергенде биылғы жылы қалаға қарасты 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін айтқан болатын. Ол өз кезегімен атқарылуда.

Бір қызығы, қала жолдарына асфальт төселіп болған соң газ, жылыту, телефон, электр желісі, тағы да басқа комуникациялық қызметтер тартылады да, салынған жол қайта қопарылып, қыруар қаржы желге ұшады.

Осындайда "Неліктен осы саладағы жұмыстар бір жүйеге бағынбайды" деген көңілді мазалайтын сұрақ көлденеңдейді. Оның үстіне жол жөндеу жұмысының сапасы да халық көңілінен шығып жатқан жоқ.

"Жалпы, жол құрылысы инженерлік қызметпен тікелей байланысты. Ол екі бағытта жүргізіледі. Біріншіден, инженерлік қызмет мердігер мекеме тұрғысында орындалады. Өкінішке орай, Талдықорған жолдарының жөндеу жұмысын атқарып отырған мекемелердің бірде-бірінде өндірістік зертхана жоқ. Бұл өндірістік бақылаудың құрылыс мекемесі тарапынан орындалмайтынын көрсетеді. Екіншісі, инженерлік қызмет өзінің дербес зертханалары арқылы сапа деңгейін анықтап отыруы керек. Әдетте, мұндай бақылау тендер сертификатында негізгі талап болып қабылдануға тиіс", – дейді техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық көлік академиясының академигі Әбді Қиялбаев.

Әлемдік қалыптасқан тәжрибеде жол жөндеу жұмысының сапасын бақылайтын инженерлік сынақ зертханасына халықаралық ISO/IEC 17025:2009 құжаттары бойынша талап қойылады. Осы талап негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық аккредитациялау орталығында бекітілген шартта: "Әрқандай зертханадағы мамандардың еңбек өтілі кем дегенде 3 жыл болуға және кәсіби біліктілігі инженер мамандығына сәйкес келуге тиіс", – деп белгіленген.

"Талдықорғандағы инженерлік қызметпен айналысушы барлық мекемемен таныстым. Олардың кәсіби деңгейіне де ғылыми тұрғыда бақылау жүргіздім. Рас, инженерлік қызметтер Талдықорғанда да аз емес екен. Өкінішке қарай, кейбір мекемелердің сарапшылары жол мамандығынан бейхабар. Инженерлердің тек сарапшылық сертификатпен ғана шектелуі жолдың сапалы салынуына кепілдік бере алмайды. Міне, тендер құнын 50%-ға дейін төмендететін мекемелерде осындай сарапшылар жұмыс істеуде", – дейді техника ғылымдарының докторы Әбді Қиялбаев.

Қазақ автомобиль жолдары академиясы 2010 жылы жол-зерттеу зертханасын құрып, жоғарыда аталған құжат талабымен 3 мәрте аккредитациядан өтсе, 2014 жылы жол-сынақ зертханасы негізінде ғылыми-өндірістік департаментін құрды.

"Аталған департамент Алматы облысы және Талдықорған қаласы қаржы полициясы мен прокуратурасының тапсырысы бойынша, бірнеше автомобиль және қала жолына инспекциялық бақылау жұмысын жүргізіп, сынақ зертханасының дербестігі мен ондағы мамандардың біліктілігін зерделеді. Өкінішке орай, инженерлік қызметтерді атқаруда сарапшылар зертхана мәселесінде мүлдем хабарсыз болып шықты", – дейді профессор.

Айта берсек, бүгінгі таңдағы мердігер мекемелер пайдаланып отырған құрылыс материалдары мен технологиялық процестерді орындау сапасы сын көтермейді. Себебі, мердігер мекемеде құрылыс материалын шығаратын өндірістік зауыты болмағандықтан, басқа кәсіпорындардың өніміне тәуелді. Осының салдарынан өндірістік қателікке жол беріліп, құрылыс заттарын әзірлейтін кәсіпорындар құрылыс жобасына сәйкес келмейтін материалдарды да пайдалана салады. Оны қадағалайтын арнайы зертхана болмағандықтан "бармақ басты, көз қысты" әрекеттердің зардабын тұрғындар көріп жатыр.

"Топырақтың пластикалық сапасын, тас материалдарын, асфальт, бетонның құрамын, оның технологиялық сапасын көз мөлшерімен анықтауға келмейді. Жолдың әр қабатынан сынама алып, оны дер кезінде сараптамадан өткізбесек, жолдың әр қабатының беріктігіне кепілдік бере алмаймыз. Осы тұрғыдан келгенде инженерлік қызметке аккредитациялық зертхана қолдану әдісі талдықорғанда әлі де жүйеленбей отыр", – дейді академик Әбді Қиялбаев.

Иә, 2006 жылы Автомобиль жолдары Комитетінде 14 мемлекеттік жол зертханасы құрылып, аймақтық жол құрылысының сапасы қатаң бақылауға алынды. Мұндай әдіс 2008-2010 жылдардан бастап Қазақстанның автожол саласында және Жамбыл, Паводар, Шығыс Қазақстан облыстарында тұрақты қолданылып келеді. Сол сияқты, бұл талап Қазақ автомобиль жолдары академиясы арқылы 2012-2014 жылдар аралығында "Қазатомөнеркәсіп" АҚ-ның автомобиль жолдарының қайта салынуы мен жөндеу жұмыстары туралы тендерлік сертификаттарына енгізілді және тұрақты бекітілді. Өкінішке орай, бұл игілікті іс өндірісі өркендеп, құрылыс саласы қарқын алған Талдықорғанға әлі жете қойған жоқ.

Шын мәнінде, инженерлік қызметке жауапты маман материалдар мен технологиялық процесте кеткен әрбір қателікке жауапты тұлға. Сондықтан да оның құны құрылысты тапсырушы мекеме қойған бағаның 10%-нен немесе тендер құнының 0,2-2%-нен төмен болмауға тиіс. Одан төмен баға қойылса демпингтік талап бұзылып, инженерлік қызметке қатысушы мекеме тендерден аластатылуға тиіс. Демек, жол құрылысының сапасын төмендетіп отырған тағы да бір себеп осы – тендер. Инженерлік қызмет зертханасы құрылса бұл келеңсіздікке де нүкте қойылар еді.

"Қашанда жол құрылысының сапасы инженерлік қызметтің сапалы еңбегімен бағаланады. Сондықтан "Талдықорған жол зертханасы" мемлекеттік мекемесін ашатын кез келді", – дейді осы салада шыр-пыр болып жүрген Әбді Қиялбаев ағамыз.

Қажет Андас, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу