Сарбаздар өлімінің 20%-ы суицид болса, әскерде не болып жатыр – депутат

1686

Мәжілісмендер қазақстандық армияны бірыңғай келісімшарт бойынша әскери қызметкерлерден жинақталатындай етіп, кәсіби негізге толығымен ауыстыруды ұсынып отыр. 

Сарбаздар өлімінің 20%-ы суицид болса, әскерде не болып жатыр – депутат Фото: newtimes.kz

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының фракция мүшелері ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың атына тиісті депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz

"Бейбіт күнде әскерде қаза тапқандар, мертіккендер жиілеп барады. Арасында әскерге шақырылып, 10 күн ішінде жұмбақ жағдайда қаза тапқандарда бар. Нағыз ер болуға тәрбиелейтін азаматтар үйіне есінен адасып, бірі сал болып, бірі табытқа оранып қайтуда. Қыршын кеткен бозақтардың өлімі жұмбақ күйінде қалуда. Мысалы, Қызылордалық мерзімді қызметтегі сарбаз күтпеген жерден психиатриялық ауруханаға түскен, ал Жамбыл облысында әскери қызметші біреудің үйіне себепсіз кіріп, әйел адамдарды ұрып-соққан немесе аталмыш облыста борышын атқарып жүрген сарбаздың өлімі", – деді депутат Наурыз Сайлаубай.  

Оның сөзінше, жастардың көбі Отан алдында борышын атқарғысы келмейді, тіпті бармау үшін түрлі жемқорлық жолдармен өтірік анықтамаларды жаздыртып, заңға қайшы әрекеттерге баруда.  Спикер балаларының заңсыз әрекеттерін ата-аналары да қолдап отырғанын айтты. 

"Өткені бірнеше рет әскери қоймалардағы болған жарылыстарды, жарғыға қарсы іс-әрекеттер, әскери қызметкерлердің өлімі мен қайғылы оқиғаларды көріп ұлдарын әскерге жіберуге қорқады. Болып жатқан жағдайлардан халық тарапынан қорғаныс саласына деген сенімінің төмендеп жатқанын, жастардың әскерге деген қызығушылығының азайғанын көріп отырмыз. Медициналық тексеруден таза болып өткен сарбаз, әскерде зорлық-зомбылық көріп, денсаулығына байланысты бір кінәраттар пайда болып немесе белгісіз себептерден дүниемен қош айтысуда. Халықтың әскердегі әлімжеттік пен сарбаздар арасындағы суицид оқиғалары туралы естіген жұрттың жағасын ұстатуда", – деді Мәжіліс депутаты.

Наурыз Сайлаубай қайғылы жағдай статистикасын да келтіріп өтті. Әскери прокуратураның берген ақпаратына сәйкес, соңғы бірнеше жылда елімізде 270 әскери қызметкер қаза тапқан.

"Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру жүйесін реформалаумен айналысуы үшін тағы қанша жас азамат мүгедек болуы керек? Бос баянаттар мен ұрандардың орнына қазақстандық армияны нақты реформалаудың уақыты келді. Біз қорғаныс қабілеттілігі мәселелерін шешу кезіндегі басты назар Қарулы Күштердің жеке құрамы өзінің өмірлік қызметін әскери қызметпен байланыстырғысы келетін азаматтар қатарынан құрылуы тиіс деп санаймыз",– деді мәжілісмен.

Осыған байланысты Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының фракция мүшелері Қорғаныс министрінен келесі сұрақтарға толық жауап беруді талап етті:

1. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан армиясын реформалау бойынша кешенді жұмыстар қаншалықты жоспарлы түрде жүріп жатыр? Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту, әскери дайындықты жетілдіру, заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жасақтандыру, цифрландыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі басым бағыттары жоспары қалай жүріп жатыр? 

2. Соңғы үш жылда (2020-2022 жылдар аралығында) Қазақстан әскерінде сарбаздарға қатысты қозғалған істердің шешімдерінің нәтижелері мен қорытындылары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу