Сарқынды сулар пайдаға асырылады

Қажет Андас Қажет Андас
4985

Алматы облысында деренаж суларын жинап, тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін құны 950 мың еуроның пилоттық жобасы жүзеге асты.

Сарқынды сулар пайдаға асырылады

Жобаны Еуроодақтың қаржыландыруымен БҰҰ даму бағдарламасы және ҚР ауылшаруашылық министрлігінің су ресурстары комитеті бірлесіп жүзеге асырды.

Іле Алатауын бөктерлей ірге жайған Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ақши ауылы сазды жерге орналасқандықтан көктем, жаз айында жер асты суы көтеріліп, тұрғындарды жиі мазалайтын. Тіпті жыл он екі ай судан құрғамайтын ауыл мектебінің жертөлесінің күлімсі иісі балалардың денсаулығына әсер етіп жатқаны тұрғындарды алаңдатып келген еді.

Енді ақшилықтар бұл қиыншылықтан құтылып, есесіне сарқынды судан экономикалық табыс табудың тәсілін меңгерді.

"Аймақтағы су инфрақұрылымын тиімді басқару" пилоттық жобасы ауыл тұрғындарын таза ауызсу, мектеп ғимаратын ыстық сумен қамтамасыз етіп, жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселенің түйінін тарқатты", – дейді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Сонымен қатар, су тазарытқышқа жиналған сарқынды су биологиялық тазартудан өткен соң ауыл сыртындағы жылыжай кешеніне жіберіліп, ондағы көкөністерді суаруға пайдаланылады. Демек, жобаның қызығын ақшилықтар көре бастады. Енді көп жылдар иен жатқан жусанды дала игеріліп, еңбек қарқыны қыза түсері деп үміттенейік.

"Енді бұл жобаның жауапкершілігі мен ары қарай қаржыландырылуы жергілікті қауымдастықты жұмылдыру арқылы қамтамасыз етіледі", – дейді БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура.

Деректерге сенсек, Алматы облысында үлкенді-кішілі 124 өзен бар. Алайда, суармалы егіншілік жердің кеңеюі салдарынан жыл сайын кенезесі кеуіп жатқан өзен арналары көбейіп келеді. Оның үстіне көлкіген судың үстінде жүрсе де таза ауыз судың тапшылығын тартқан елдімекен жетерлік. Сондықтан тарыққан жұрт шарасыз жер асты суын күнделікті тіршілік пен ауылшаруашылық мақсатында пайдаланып келеді.  Ақши ауылында жүзеге асқан жоба осы ауылдардың үмітін үкілемек. Бірақ оны жүзеге асыруға тағы да қаржы керек.

"Біз Қазақстанды келешек дамудағы маңызды стратегиялық әріптесіміз ретінде санаймыз. Алдағы уақытта аймақтармен, оның ішінде Алматы облысымен түрлі даму банктері арқылы жаңа форматта жұмыс істеуге шешім қабылдадық", – дейді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің ынтымақтастық бөлімі басшысы Йоханес Стенбаек Мадсен.

Қажет Андас, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу