Сәрсенбіде француздар билікке қарсы жалпыұлттық көтеріліске шықпақ

2898

Франция билігі популизмге емес, прагматизмге ден қойды. Бірақ бұл бұл ел халқының әлеуметтік жағдайын нашарлатуы мүмкін. 

Сәрсенбіде француздар билікке қарсы жалпыұлттық көтеріліске шықпақ Фото: yandex.kz

Дамыған ел демесеңіз, зейнеталды жастағы француздардың қазақтан айырмашылығы жоқ: егде тартқандарды жұмыс берушілер жұмысқа алуға ынтықпайды. Себебі жұмыссыздар кезегінде тепсе темір үзетін жігіттер тұр. Енді белі бүгіле бастаған француздарға тіпті қиын болатын түрі бар.

Reuters хабарлауынша, Франция Сенаты Президент Эммануэль Макронның бастамасымен қолға алынған зейнетақы реформасын қабылдады. Сенаторлар тіпті жеті күннен бері жүріп жатқан елдегі толқуларға да, қоғамдық пікірге де пысқырмады. Бұл жерде сенаторлардың 195-і – қолдаған, 112-сі – қарсы дауыс берген.

Заң зейнетақы жасын қазіргі 62-ден 64-ке дейін көтеруді қарастырады. Зейнеткерлікке шығу үшін талап етілетін еңбек өтілін 42 жастан 43 жасқа арттырады. Әлеуметтік сауалнамалар көрсеткендей, сайлаушылардың басым көпшілігі бұл реформаға үзілді-кесілді қарсы.

Дегенмен, әзірге заң күшіне енген жоқ. Соңғы кезең қалды: алдымен заң жобасын Парламенттің жоғарғы және төменгі палаталарының өкілдері кіретін бірлескен комитет қарап, құптауға тиіс. Оның жиыны алдағы сәрсенбіде болады деп күтіліп отыр. Егер комитет құжат мәтінімен келіссе, онда бейсенбі күні қос палата бірлескен отырыста оны түпкілікті қабылдайды.

Сарапшылар соңғы отырыстың немен тынатыны алдын ала белгісіз екенін айтады. Себебі Ұлттық ассамблея аталатын төменгі палатада Макронның партиясы басымдыққа ие емес. Демек құжат өмірге жолдама алуы үшін оған одақтастармен келіссөз жүргізіп, солардың даусын өз жағына тарту қажет болады.

Заңгерлер Үкіметтің Парламентсіз-ақ бұл заңды күшіне енгізе алатынын еске салады. Тиісті процедурасы бар. Бірақ Макрон әзірге ондай шешімге барған жоқ: бір жағынан, заң шығарушы биліктің қабылдағанын заңды санайтынға, екінші жағынан депутаттармен жауапкершілік бөлісуді қалайтынға ұқсайды.

Сондықтан кәсіподақтар мен жұмысшылар ұйымдары алдағы сәрсенбіде француздарды көтеріп, елді жалпыұлттық ереуілге, шерулерге және наразылық акцияларына бөктіретінін жариялады. France 24 хабарлауынша, полиция оған 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам қатысады деп күтіп отыр. Жалпы, сәрсенбіде ел бойынша 230-дан астам қарсылық акциялары өткізілмек.

Өз ісінің экономикалық тұрғыдан орынды екенін түсінген француз билігі бұқара мұңына кереңдік танытты. Француздар "еститін мемлекетті" аңсайтындарын айтады. Өткен аптада Президент Э.Макрон кездесіп, мәселені талқылауды ұсынған кәсіподақтардың талабынан екі рет бас тартты. 

"Көшелерге миллиондаған адам шығып жатыр. Кәсіпорындарымызды ереуілдер жайлады. Ал қарсы тараптан тыныштықтан басқа ештеңе естімедік. Билік өз ісін түсіндірмей, тым-тырыс отыр. Содан халық ойға қалды: билік естуі үшін біз сонда не істеуіміз керек?", – деді ең ірі француз кәсіподақ ұйымы саналатын Жалпыға ортақ еңбек конфедерациясының (Confédération générale du travail, CGT) басшысы Филипп Мартинес.

Француз коммунистерінің мұрагері ретінде ымырасыз таптық күресті, капитализмді түбірімен жоюды жақтайтын және төл күрес тарихында ел ішіндегі қантөгіске дейін барған қаһарлы CGT басшыларының аузынан осындай сөздердің шығуы тіксінтеді.

Полицияның дерегінше, соңғы шерулерге 1,3 миллион адам қатысқан, ал кәсіподақтың мәліметінше, қатысушылар саны 3 миллионға жеткен. Кей жерлерде тәртіп сақшылары әбден ашынған адамдарды қуып тарату үшін көзден жас ағызушы газды қолданған. Ондаған белсенді қамауға алынды.

"Мен зейнеткерлікке шыққан адаммын. Бірақ шеруге өз әріптестерім үшін және жастардың болашағы үшін келіп тұрмын. Мен бұл күреске ары қарай да қатысамын. Халық биліктің ойына келгенін істеуіне көнбеуі керек. Оның үстіне мына заңның кесірі балалар мен немерелерге дейін жайылады", — деді 63 жасар пойыз машинисті Клод Жанвуан журналистерге сұхбатында.

Францияда теміржол, авиация салалары, электр станциялары, газ сақтаушы терминалдар, қоқыс жинау секторы және басқалары мерзімсіз ереуілдер жариялады. Себебі, ауыр жұмыс істейтіндер бәрінен көп зардап шекпек. Ереуілшілерге мұнай өңдеу, өндіріс, энергетикалық компаниялар, тіпті мемлекеттік қызметшілер қосылды.

Әйткенмен, халықаралық сарапшылар Францияда осыған бола әлдебір түрлі-түсті төңкеріс болатынына сенбейді. BFMTV телекомпаниясы жүргізген сауалнама көрсеткендей, француздардың 63 пайызы зейнетақы реформасына қарсы наразылық акцияларын қызу қолдайды. 54 пайызы тіпті ереуілдер мен бірқатар секторларды бұғаттауды да құптайды. Сонымен бірге шамамен 78 пайызы Макрон бәрібір осы реформасының қабылдануына қол жеткізеді деп санайды. Яғни, ашу, ыза бар, жеңіске құштарлық жоқ.

Үкіметтің ұстанымы нық: "зейнетақы жүйесін не реформа, не банкроттық күтіп тұр".

Ал оппозицияда бірлік жоқ. "Ұлттық бірлестік" (Le Rassemblement National) басшысы Марин Ле Пен бұл мәселені референдумға шығаруды ұсынды, алайда 272 депутат қарсы болып, тек 101 жақтап, ұсыныс өтпей қалды. Себебі, солшыл, коммунистік депутаттар ультра оңшыл депутаттармен бірдей дауыс беруден бас тартқан.

Сонымен бір мезгілде реформаға қарсы депутаттарға қысым жасалған жағдайлар тіркелген. Ле Пен өз партиясындағы бірнеше әйел доқ көрсеткен хабарлар алғанын мәлімдеді.  

Парламенттегі әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссияның төрайымы Фадила Хаттаби да қоқан-лоққы көрсету деректеріне жолыққанын жеткізді: онда отбасына, балаларына бір жамандық болуы мүмкін екені жазылыпты.

Франция халқы жоғарғы қарқынмен қартайып келеді. Мұны ФР Ұлттық статистика және экономикалық зерттеулер институтының (INSEE) соңғы деректері растайды. Францияда әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 85,2 жасқа, ерлердікі — 79,3 жасқа жетті.

2023 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша Франция тұрғындарының 21% — жасы 65-тен асқандар. Бұл тарихи бір рекорд саналады. Он жылдан астам уақыт бұрын, 2012 жылы 65-тен кәрі француздардың үлесі 17 пайыз ғана болыпты.

20 жасқа жетпеген тұрғындардың үлесі — 23,5%. 20-дан 64 жас аралығындағы француздардың үлесі — 55%.

INSEE тағы бір жайтқа назар аудартты. Франция халқының саны 2023 жылдың басында 68 млн 43 мың адамды құрады. Негізінен мигранттар арқасында ел халқының саны 161 мың адамға өсіпті.

Бірақ бала туу төмендеп барады. 2022 жылы Францияда 723 мың сәби дүниеге келді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 19 мыңға аз. Сарапшылар мұның 1946 жылдан бергі антирекорд, яғни ең аз көрсеткіш екенін жариялады.

Демографтар бала туудың азаюына бала тууға қабілетті жастағы (20–40 жас) әйелдер санының қысқаруы да себеп болып отырғанын хабарлады. Бала туудың жиынтықты коэффициенті бір әйелге шаққанда 1,80 баладан келген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,84 болды.

ФР статорганының есебінде айтылғандай, бұл елде енді тұңғышын дүниеге әкелетін ананың орташа жасы 31 жасты құрайды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу