"Сары" аймақтағы өңірлерде шектеу шаралары күшейтіледі

1289

Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия "Дельта" штамына тән COVID-19 мутациясы анықталғаннан кейінгі қазіргі эпидемиологиялық жағдайды талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz

"Сары" аймақтағы өңірлерде шектеу шаралары күшейтіледі

Отырыс Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өтті.

Шара барысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой "Дельта" штамына тән COVID-19 мутациясы анықталғаннан кейінгі эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады. Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты вице-премьер облыс әкімдіктеріне "сары" аймақта орналасқан өңірлерде күшейтілген шектеу шараларын қабылдауды тапсырды. 

Премьер-Министрдің орынбасары ел бойынша вакциналаудың жоғары қарқынына қарамастан, бүгінде Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жүргізіліп жатқан жұмыс белсенділігінің төмен екенін атап өтті. Сондай-ақ әкімдіктерге мобильді бригадалардың шығуын ұйымдастыру арқылы ауыл тұрғындарын вакциналау жұмыстарын күшейту тапсырылды. Сонымен қатар Ералы Тоғжанов мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді жүктеді. Олардың жұмысын әсіресе, Алматы, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында күшейту қажет.

"Ashyq" жобасына қатысатын бизнес субъектілерінің қызметіне жүргізілген мониторинг қорытындысына сәйкес, "Атамекен" ҰКП ұсынысы бойынша келушілердің статусын тексермейтін 464 нысанды жүйеден 2 аптаға алып тастау туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, әкімдіктерге келушілерінің тым аз саны тексерілген 2,4 мыңнан астам "Ashyq" қатысушыларын тексеру тапсырылды", – деп хабарлайды Үкіметтен.

ВАК отырысында Ішкі істер министрлігінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ПТР-тестілерді қолдан жасау және өткізу фактісі бойынша жыл басынан бері полиция органдары 23 қылмыстық іс, ал жалған вакцинация паспортын пайдалану фактісі бойынша 4 қылмыстық іс қозғалғанын баяндады. Ералы Тоғжанов Ішкі істер министрлігіне ПТР-тест нәтижелерін және вакцинация паспортын қолдан жасаумен айналысатын адамдарды анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Жаңа оқу жылына дәстүрлі форматта дайындалу мақсатында ВАК төрағасы өңірлердің әкімдіктеріне білім беру мекемелерін алдын ала дайындап, қойылатын санитарлық талаптарға сәйкестігін тексеру қажеттігін айтты. 

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу