"Сарыарқа" ардагер ойыншылармен қоштасты

1305

Команда сапынан кеткен ойыншылар қатарында тәжірибелі хоккейші Талғат Жайлауов та бар.

"Сарыарқа" ардагер ойыншылармен қоштасты

Маусым басталар алдында қарағандылық "Сарыарқа" хоккейден Қазақстан чемпионатында "алтын" медальін жеңіп алу мақсатын қойған. Алайда алты ойыннан кейін және турнир кестесінде сегізінші орында тұрған клуб басшылығы кенеттен бағытын өзгерту туралы шешім қабылдап, Талғат Жайлауовпен және тағы екі ойыншымен келісім-шарттарды тоқтататындығын  мәлімдеді. Бұл шешімнің себебі неде, команда қандай жоспарлар құруда және бұл ойынға қалай әсер ететінін анықтайтын боламыз.

Жайлауовтан басқа, "Сарыарқа" Айрат Зиязов және Владислав Кулиевпен қоштасты. Клуб директоры Павел Житковтың айтуынша, бұған ойыншылар тізімін жасарту туралы шешім себеп болған.

"Клуб екі команданы толықтай жасартуға шешім қабылдады. "Теміртау" хоккей клубымен бұл жұмыстар қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. Ал "Сарыарқамен" бұл процесс енді басталды. Біз клубтың одан әрі дамуы үшін жас әрі ойынға деген ынтасы зор ойыншыларды көргіміз келеді. Бұл оларға Жоғарғы Хоккей лигасына қатысатын команданың негізін құруға ерекше мүмкіндік екенін ерекше атап өткім келеді. Сондықтан дәл осы бағыт таңдалды. Жігіттерге бірлескен жұмыстары үшін зор алғысымызды білдіреміз. Сәттілік және одан әрі мансаптарыңның өсуін тілейміз!" - деді Житков клубтың ресми сайтына берген  сұхбатында.

"Сарыарқа" алты ойынның төртеуінде жеңіске жетті. Клуб чемпионатта Жайлауовпен бірге жүлделі орындар үшін таласты одан әрі жалғастыра алады. Алайда, ойыншылармен жыл соңында қоштасу туралы нақты шешім қабылданды. Бұл ең алдымен "Сарыарқаның" жасартуға бағытталуымен байланысты. Сонымен, Жайлауов қазір 35 жаста, Зиязов 29 жаста. Ал Кулиев 22 жаста. Оның жас болғанынан қарамастан команда сапынан қандай себептерге байланысты кеткені белгісіз.

Аталған ойыншылардан бөлек, тағы да үш ойыншы – қақпашы Олег Шилин, шабуылшылар Никита Двуреченский мен Александр Сметаниндер де командадан кетті. Үшеуі де 29 жаста. Келісім-шарт екі жақты келісім арқылы тоқтатылды.

Клубтың дамуға бағытталған мұндай шешімі алда өтетін ойындарға оң және кері әсер етуі де мүмкін. Жайлауовтың орынына келген жас ойыншы осы маусым соңында біраз тәжірбиже жинақтап, жаңа маусымға дайын болады. Бұл барлық жаңа ойыншыларға да қатысты.

Ал кері әсеріне келер болсақ, тәжірибелі ойыншылармен қоштаса отырып "Сарыарқа" Қазақстан чемпионатында алтын медальдан айырылуы бек мүмкін. Дегенмен әзірге қарағандылық команда айдында нәтижелі ойын көрсетуде.

Ардагер ойыншылар командадан кеткен соң "Алтай-Торпедоға" 1:3 есебімен жеңілсе, қалған үш матчта жеңіске жетті.  "Алтай-Торпедодан ұтылған соң "Бейбарысқа" қарсы өткен екі ойында да, 5:3 және 4:2 есебімен қарсыластарынан басым түсті. Осы көрсеткіштерге байланысты қарағандылық клуб 20 ұпаймен чемпионат көшбасшыларына ("Торпедо" 34-ұпай, "Номад" 28, "Темиртау" 24) жақындап қалды.

Осылайша, команда құрамында үлкен өзгерістер орын алғанымен, чемпионаттағы жоғарғы орындар үшін күрес әлі де жалғасуда. Клуб дамудың дұрыс бағытын таңдады ма, әлде жоқ па ол тек маусым аяқталғанда белгілі болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу