Бұл жолы серияның алтыншы ойынында "Сарыарқа" 2:3 есебімен ұтылып тұрған. 6-кездесудегі ең бастысы маусымды қазақстандықтар жалғастыра ма, әлде жоқ па деген мәселе болатын. Өз кезегінде ресейлік клубтың серияны жалғастыруға мүлде құлқы болмады. Сондықтан кездесудің алғашқы айналымында екі команда шамамен тең ойын көрсетіп, қонақтар шабуылдау жағынан сәл ғана басым болды. Ойынның 13 минутында Григорий Ващенко ресейліктерді алға шығарды. Ал есеп ашылғаннан кейінгі 6 минут уақытты "Сарыарқа" өз пайдасына жарата алмады. Екінші айналымда "СКА-Невалықтар" басымдылықты өз қолдарына алып, үш мәрте айдын қожайындарының қақпасына соққы жасады. Бірақ, қарағандылықтардың қақпашысы Эдуард Рейзвих өз орнынан табылды. Қақпаға бағытталған 30 соққының 9-ы маңдайшаға тиіп қайтты.
Ал, айдын иелері қонақтарға қарағанда дәлдігімен көзге түсті. 10 соққының 4-і қақпаға тура бағытталды. Дегенмен, бұл соққылардың ешқайсысы да голға айнала алмады. Шешуші айналымда қарағандылықтар қонақтарға қарағанда белсенді ойнай бастады. Бірақ, кездесудің 55-минутында Владислав Курбатов есепті еселей түсіп, 2:0-ге жеткізді. Сонымен ойынға нүкте қойылды. Нәтижесінде "Сарыарқа" плей-оффтың алғашқы айналымынан шығып қалды.
Питерліктер ¼ финалға шыққан бесінші команда. Бұған дейін өскемендік "Торпедоны" 5 кездесуден кейін ұтқан мәскеулік "Звезда", Санк-Петербургтің "Динамосы", былтыр финалда "Сарыарқаны" ұтқан тюмендік "Рубин" және ханта-мансийлік "Югра" командалары финалда. Енді ¼ финалға жолдама алу үшін тағы үш команда кездесулерін жалғастыруда. Олар: "Торос" – "Хумо" (сериядағы есеп 3:3), "Лада" – "Нефтяник" (есеп 3:2 "Ладаның" пайдасына) және "Сокол" –"Барс" (сериядағы есеп 3:2 "Барстың" пайдасына).
Ермұхамед Мәулен