Қарағандылық "Сарыарқа" хоккей командасы Краковтағы құрлық кубогі 2021/22 турнирінің іріктеу кезеңінде айдын иелері – "Краковия" клубын ұтты. Аталмыш команда он екі дүркін Польша чемпиондары атанғанын айта кетейік.
Краковтағы жанкүйерлер қолдауы өте тамаша болды. Бірақ бұл "Краковия" командасына жеңіске жетуге көмектеспеді. Бірінші кезеңнің 19-минутында Степан Грымзин "сары-қараларды" алға шығарды. Жалпы ойынды белсендірек бастаған қарағандылық жігіттер болды. Леонид Тамбиевтің шәкірттері көп уақытты қарсыластардың аймағында өткізді. Бірақ өкінішке орай, бірінші кезеңде басымдылықты одан әрі арттыру мүмкін болмады.
Екінші жиырма минуттықта да "Сарыарқа" белсенді болды. Нәтижесінде ойынның 24 минутында Александр Борисевич пен Владислав Кулиевтің шығарған пасынан кейін Вадим Зеленков қарағандылықтардың басымдығын еселей түсті.
Матчтың соңғы үшінші кезеңінде қос команданың да гол соғуға мүмкіндіктері болды. Бірақ командалар мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмады. Осылайша, "Сарыарқа" 2:0 есебімен айдын қожайындарын жеңді.
Сондай-ақ "Сарыарқаның" топтағы қарсыластары "Попрад" (Словакия) пен "Азияго" (Италия) командалары. Финалдық кезеңге екі команда шығады. Бүгін қарағандылықтар құрлық кубогіндегі екінші кездесуін Италияның "Азиаго" клубына қарсы өткізеді. Ойын елорда уақытымен 19:00-де басталады.
Ермұхамед Мәулен