Екі клубтың 29-ақпан күнгі кездесуі санк-петербургтіктердің жеңісімен, 3:1 есебімен аяқталған болатын. Сондықтан 2-наурыздағы кездесу "Сарыарқа" үшін өте маңызды еді. Алғашқы айналымда "СКА-Нева" белсенділік танытты. Үзіліске 45 секунд қалғанда Даниил Огирчук командасын алға шығарды.
Ал үзілістен кейін қарағандылықтар айдынға бірден есе қайтару үшін шықты. Төрт минут көлемінде қақпаға екі соққы жасап үлгерді. Қарсыластарының қақпасынан саңылау іздеген Константин Соколов ақыры діттегеніне жетіп, ойынның 21-минутында есепті теңестірді. Ал, 24-минутта Вадим Хлопотов есепті еселей түсті.
Ойын 34-минутта одан әрі қыза түсті. Айдын шайқас алаңына айналғандай. 35-минутта шағын қақтығыс орын алды. Содан кейін бірден Илья Назаревич есепті теңестірді. Ойынның тартысты өткені соншалық, қоршаулардың бірінің әйнегін ауыстыруға тура келді. Осыған байланысты үзіліс болғандықтан, кездесу ұзаққа созылып кетті. Сонымен үшінші айналымда басымдылық айдын иелерінде болғанымен, кездесудің 54-минутында Дмитрий Михайлов "Сарыарқаны" алға шығарды.
Нәтижесінде ойын 3:2 есебімен, қарағандылықтардың пайдасына аяқталды. Ойын аяқталған соң баспасөз конференциясында Леонид Тамбиев кездесудің нәтижесіне көңілі толатыны жайлы айтты. "Тартысты ойын болды. Нағыз плей-оффтың ойыны деуге болады. Ешкімнің де жеңілгісі келмейді. Бүгін қонақта өткізген кездесуіміз жақсы өтті. Серия әлі жалғасады. Қарағандыға барып, келесі ойынға дайындаламыз, - деді бапкер. Серия төрт жеңіске дейін болады. Негізі біз қазір ұтылып тұрмыз. Қарсыластарымыз психологиялық тұрғыдан басымырақ деп ойлаймын. Себебі қазіргі нәтиже 3-2. Оларға 1 жеңіс, ал бізге 2 жеңіс керек", - деп қоса кетті "Сарыарқаның" бапкері.
"Бір нәрсе ғана айтқым келеді. Негізі ойынды соңына дейін күтпей, бірден іске кірісіп, кездесу басталған сәттен-ақ дұрыс жұмыс істеу керек. Мүмкіндік болды. Бірақ, командамыз соны пайдалана алмады. Қарсыластарымызды жеңісімен құттықтаймын. Мақсатымыз да сарыарқалықтармен бірдей. Яғни, 4 ойында жеңіске жету. Ал қандай есеппен жеңіске жетесің, ол маңызды емес", - деді "СКА-Неваның" бас бапкері Константин Курашев. Енді, келесі ойын Қарағандыда 5 наурыз күні өтеді.
Ермұхамед Мәулен