"Сарыарқа" "Снежные Барсы" командасынан айласын асырды

1400

Қарағандылықтар бірінші кезеңде-ақ матч тағдырын шешіп қойды.

"Сарыарқа" "Снежные Барсы" командасынан айласын асырды

Қазақстан чемпионаты аясында сырт алаңда "Снежные Барсы" командасы қарағандылық "Сарыарқамен" кездесті. Екінші минуттың өзінде-ақ Данил Ларионовтың соққан шайбасының арқасында "Сарыарқа" алға шықты. Арада үш минут өткенде Александр Петровичтің шәкірттері өз басымдықтарын еселей түсті. Кирилл Кожевников пен Федор Хорошев шабуыл барысында Дениске пас шығарды. Ал Денис Федоров қақпашының осал тұсын тауып, қақпаны дәл көздеді. Кезеңнің ортасында Михаил Рахманов жергілікті жанкүйерлерді тағы да нәтижелі ойынымен қуантты. Біраз уақыттан кейін Кирилл Кожевников есеп айырмасын одан әрі ұлғайтты. Командалар үзіліске 4:0 есебімен кетті.

Екінші жиырма минутта ойын өрнегі өзгерген жоқ. Қарағандылықтар уақытының көп бөлігін қарсыластың аймағында өткізді. 29-минутта Кирилл Кожевников бұл кездесудегі екінші голын соғып, дубль авторы атанды. Екінші кезеңнің соңына дейін қонақтар есеп айырмашылығын қысқарта алды. Екінші кезең тағы да "Сарыарқаның" пайдасына, 5:1 есебімен аяқталды.

Үшінші кезеңде қарағандылық команда өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Бірақ матч соңында "Снежные Барсы" командасының жас ойыншылары шабуылға шығып, екінші голды соқты.

Осылайша, ел чемпиондары 5:2 есебімен елордалық командаға қарсы өткен қарымта матчта жеңіске жетті. Енді "Сарыарқа" хоккейшілері  4-5 желтоқсан күндері "Номадқа" қарсы өтетін ойынға дайындалады.

Айта кетейік, 27 қараша күні "Сарыарқа" хоккей клубының бас бапкері болып Макрицкий Александр Петрович тағайындалды. Маманмен келісім-шарт ағымдағы маусымның соңына дейін жасалған. Ал клубтың бұрынғы бапкері Леонид Тамбиев Құрлықтық Хоккей Лигасындағы "Адмирал" командасының бас бапкері болып тағайындалды. Маман мен клуб арасындағы келісім-шарт екі маусымға арналған. Тамбиев жаңа қызметіне кірісіп те кетті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу