"Сарыарқа" супер финалда

1075

Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпиондары Құрлық кубогі турнирінің іріктеу кезеңі аясында өткен үшінші матчта Словакияның "Попрад" командасын айқын басымдықпен жеңді. Нәтижесінде іріктеуде өз тобынан бірінші орынмен шыққан қарағандылық ұжым супер финалға жолдама алды.

"Сарыарқа" супер финалда

Краковта өткен кезекті кездесуді "Сарыарқа" ойыншылары белсенді бастады. Алғашқы кезеңнің ортасында Қарағанды ​​хоккей мектебінің түлегі Александр Борисевич "сары-қараларды" алға шығарды. Айта кетерлігі, бұл турнирде қарағандылық хоккейшілер тәртіп тұрғысынан алғанда өздерін жақсы көрсетті. Үзіліске хоккейшілер 1:0 есебімен кетті.

Екінші жиырма минутта ойын өрнегі өзгерген жоқ. "Сарыарқа" хоккейшілері уақытының көп бөлігін словакиялық команданың аймағында өткізді. Ал кезеңнің 24 секундында олар Иван Безруковтың соққан шайбасының арқасында басымдықтарын еселей түсті. Артынша гол соғуға мүмкіндіктер болды. Бірақ үшінші кезеңге дейін таблодағы көрсеткіш өзгерген жоқ.

Соңғы үшінші кезеңде қарағандылықтар қорғаныста мықты ойнап, қарсыласына гол соғуға еш мүмкiндiк бермедi. Бірақ өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланды. Алдымен Никита Аноховскийдің шығарған пасынан кейін төртінші минутта Вадим Зеленков командасының басымдығын нығайтты. Біраз уақыттан кейін Никита ассистенттік дубль жасап, Михаил Рахмановқа нәтижелі пас берді.

Осылайша "сары-қаралар" Құрлықтық кубоктің іріктеуінде Е тобындағы финалдық матчта 4:0 есебімен жеңіске жетті. Енді қарағандылық команда Pro Ligasy Қазақстан чемпионатында сынға түседі. Ал қаңтар айында еуропалық турнирдің супер финалына қатысады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу