Сарып сиырдың еті сыртқы саудаға "сақал сипатпайды"

3767

Ақтөбе облысынан Ресейге экспортталатын еттің көлемі күрт төмендеп кетті.

Сарып сиырдың еті сыртқы саудаға "сақал сипатпайды"

Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы аймақ саналады. Соған қарамастан өңірде түйіні тарқамаған мәселе көп. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы маркетинг және қайта өңдеу бөлімінің басшысы Берік Бақтыгереевтің айтуынша, бүгінгі таңда ет экспорты өзекті мәселе болып тұр. Аймақта өндірілетін мал еті ішкі сұранысты қанағаттандырғанмен, экспортқа шығарылатын ет көлемі көңіл көншітпейді.

"Өткен жылы 26 тонна ірі қара еті, 2,6 тонна ұсақ мал еті, 1,6 тонна жылқы еті шет елге экспортталды. Сонымен бірге 2 тонна құс және 769 тонна шошқа еті сыртқа жіберілді", – дейді Берік Бақтыгереев.

Оның сөзінше, өңірде өндірілетін мал еті ішкі сұранысқа сай, ал құс еті халықтың 68,1% ғана қамтып отыр. Бұқараға жетпеген 31,9% құс еті Ресейден тасымалданып жатыр.

"Алдағы 2-3 жылда "Аққұс" фермасы толық қуатын іске қосады. Сол кезде құс еті де ішкі нарықты тиісінше қамтитын болады", – дейді бөлім басшысы.

Берік Бақтыгереевтің баяндауынша, басты мақсат импорт пен экспортқа тең мүмкіндік беру.

"Ет экспортына ерекше назар аударып жатырмыз. Қазір облыста 4-ірі, 472-шағын мал бордақылау алаңы бар. Шет елден – 954, өзге облыстардан – 2700  асыл тұқымды мал сатып алынды. Соңғы жылдары ет экспортына мал ауруларының көбеюі кері әсер етіп отыр. Былтыр облыстың бірқатар аудандарында ірі қара сарыпқа (бруцеллезге) шалдығып, Ақтөбе облысынан Ресейге экспортталатын еттің көлемі күрт төмендеп кетті. Яғни сарыпқа шалдыққан сиыр еті саудаланбай қалды. Салдарынан ет өнімінің экспорты тұралап қалды",  – дейді Берік Бақтыгереев.

Оның сөзінше, облыстағы ет өндірісінің ілгерілуіне Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ақтөбе облыс әкімдігі және италияндық "InalcaEurasia" компаниясы қол қойған ет кластерін құру туралы келісім оң ықпал етуі мүмкін. Алайда бұл жерде шешімін таппаған мәселе бар.

Жобаны жүзеге асыруға Ақтөбе аймағынан атсалысатын "АкТеп" компаниясы мен италияндық "InalcaEurasia" компаниясы күні бүгінге дейін өзара ешқандай келісім жүргізбеген.

Бұқтырылған ет жеңіз

"Айбек" ауылдық тұтыну кооперативі Ақтөбеде сапасы өте жоғары ет өндіретін жалғыз  кәсіпорын. Қазақстанда 3 консерві цехы болса, соның бірі осы кооперативтің еншісінде. Қазіргі таңда кооператив иелігіндегі бұқтырылған ет өнімдерін шығаратын цехтың өніміне сұраныс жоғары болып тұр.

Кооператив басшысы Самат Қалдығұловтың пікірінше, Ақтөбеде ет кластерін дамытуға зор мүмкіндік бар. Тек ерінбей мал бағып, оның игілігін көре білу керек.

Самат Қалдығұловтың иелігіндегі "Рейімқұл" шаруашылығында бүгінде бір мыңның үстінде ірі қара бар. Бұдан бөлек шаруашылық асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысады. Мұнда ірі мал бордақылау алаңы да жұмыс істейді. Шаруашылық таза еттен бөлек консерві шығаратын цехқа да өзі өсірген мал етін пайдаланады. Дүкендерге тек қана жас малдың етін тапсыратын мекеме бір айда 100 мың қалбыр бұқтырылған ет өткізеді.

"Бұқтырылған ет өте таза өнім. Бұлай дейтін себебім қалбырдағы ет 130-150 градус температурада бұқтырылады. Дәл осындай ыстықта қайнатылса сарыпқа шалдыққан малдың да еті жеуге жарамды болады. Сондықтан бұқтырылған етті қорықпай жей беруге болады. Ерекше атап көрсеткім келетіні біздің консервілер 100% еттен тұрады. Жалпы, тамақ өндірісінде арнайы текстуранттар яғни қоспалар қолданылады. Кәсібімді бастардың алдында мықты деген концерві цехының өнімін алып, құрамын тексеріп көрдім. 27%  ет, қалғаны ет алмастырғыш белок болды. Қазіргі консервілерге соя текстуранты да қосылады. Ал ол адам ағзасына ешқандай пайда әкелмейді", – дейді Самат Қалдығұлов.

Мәлім болғандай, консервінің жарамдылық мерзімі – 5 жыл. Консерві қалбыры Мәскеудегі "Банкон" фирмасынан алынады.  

"Біз пайдаланып жүрген қалбырдың сапасы өте жоғары. Отандық өнімді қолдау мақсатында елімізде жасалған қалбырды да қолданып көрдім. Шынымды айтайын, сапасы сын көтермеді. Ресейде шығарылатын қалбыр сәл қымбат, бірақ бір жерінен бір ақау шықпайды.

Қазір қалбырды сырттан тасып отырмын. Осы үшін қосымша құн салығын төлеуге де келістім. Негізі бұл дұрыс емес. Кеден одағына мүше мемлекеттің өкілі ретінде мен мұндай салықтан босатылуым керек деп есептеймін", – деді Самат Қалдығұлов.

Мал сүйегін өңдейтін зауыт салынады

Ет кластері болғандықтан кооператив қалдықсыз жұмыс істеуі керек. Қазір цехтағы сойылған малдың сүйегі іске аспай жатыр. Оны пайдаға жарату үшін зауыт керек. Мәселені шешу үшін Самат Қалдығұлов 3 га жер  алыпты. Алдағы уақытта бұл жерде ет және сүйек ұнын өндіру зауыты салынады. Оның айтуынша, мұнда малдың сүйегі қайнатылып, ұнтақталады, сөйтіп жемге қосылатын ұнтақ өндіріледі. Бұл – кәдімгі таза кальций. Құс, шошқа фермалары үшін таптырмас жем. Егер жемнің әр келісіне осы ұнтақты 100 грамнан қосып берсе, олардың сүйегі қатаяды.

"Цехтағы заманауи қондырғыны "Аграрлық несие корпорациясы" қаржы институты арқылы 100 млн теңгеге сатып алдым. Зауыт іске қосылса, өнім өткізуден мәселе туындамайды деп ойлаймын. Себебі Ақтөбенің өзінде 2 - құс, 1- шошқа фермасы бар. Қазір өнімімізді Алматы, Астана, Қызылорда қалаларына жөнелтіп жатырмыз. Жақында Пермь қаласына 80 мың қалбыр бұқтырылған ет жібердік. Бұрын экспортпен айналысып көрмегендіктен түрлі қиындықтарға тап болдық. Ресей сырттан келетін өнімнің сапасына қатаң талап қояды екен", – дейді Самат Қалдығұлов.

Әлия Рүстем, Ақтөбе 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу