Сарысу өзеніне үш жасөспірім батып кетті

15389

Қарағанды облысындағы өзенге батып кеткен үш қыз баланың екеуі бір отбасының балалары.

Сарысу өзеніне үш жасөспірім батып кетті

Ұлытау ауданына қарасты Жыланды  ауылында кеше кешкілік уақытта қайғылы жағдай орын алды. Жыланды ауылына шамамен бір шақырымдай қашықтықта орналасқан Сарысу өзеніне бес қыз бала суға шомылуға барған.Балалардың қасында ересектер болмаған. Өзенге шомылып жүрген үш қыз бала судан шыға алмай қалыпты. Жағада қалған екі жасөспірім ауыл тұрғындарын көмекке шақырған.  Өкінішке қарай, суға кеткен үш баланы аман алып шығу мүмкін болмаған.

Кешкі сағат алтылар шамасында Жыланды ауылының тұрғындары үш қыз баланың  денесін құтқарушылар келгенше өздері алып шыққан. Тілсіз жау судан өмірлері қиылған екі қыз бала 17 жаста болса,тағы бір қыз бала 13 жаста екен.Ең сорақысы сол 17 жастағы және 13 жастағы қыздар бір отбасының балалары екен. Олар Сатпаев қаласының тұрғындары, Жыланды ауылындағы туыстарының үйіне қыдырып келіпті.

"Жыланды ауылының тұрғындары  біздің құтқарушылар барғанша үш баланың денесін судан алып шыққан.Бұл жерде балалар өзенге ересектердің қадағалауынсыз өздері түскен.Мұнда суға шомылуға рұқсат етілмейді. Облыс бойынша үлкен өзендердің әрбір жеріне оған түсуге болмайтындығы туралы арнайы белгіні қою мүмкін емес. Сол себепті жаз маусымында әрбір ата ана балаларынан көз жазбай, қадағалауды күшейткен дұрыс қой",– деп мәлімдеді Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Мұрат Қатпанов.

Қарағанды облысындағы су қоймаларымен өзендерде 7 арнайы суда құтқару бекеттері бар. Дегенмен құтқарушылар мұндай  бекеттерді  қырық шақты жерге қоюдың қажеттілігі бар екенін айтқанмен, әзірге бұған мүмкіндіктің жоқ екенін айтады. Ал суға шомылуға тыйым салынған жерлерге арнайы белгіні жергілікті әкімшілік мамандары құтқарушылармен бірлесіп  орнатып қоюға тиіс. Алайда бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп отырған жоқ.

Төтенше жағдайлар мамандары суға шомылу маусымы басталғаннан бері адамның судан ажал құшуы  жиілеп кеткенін айтып, дабыл қағады.  Жыл басынан бері Қарағанды облысы аумағындағы өзен, су қоймаларына 18 адам суға кетіп, бақилық болған. Оның ішінде төртеуі  кәмелет жасына жетпеген балалар. Құтқарушылар  жаз айларында отбасымен өзен жағасына қыдырып баратын жандарға балалардан көз жазып қалмауға, олардың өмірі үшін барынша сақ болуға шақырады.

Арайлым Еркебева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу