Сарысудың сазаны мен шортаны қырылып жатыр

3609

Сарысуға жақын орналасқан ауыл тұрғындарына төрт түлік малды өзеннен суаруға тыйым салынды.  

Сарысудың сазаны мен шортаны қырылып жатыр

Өлі балықтар жағаға үйіліп қалған, ал өзен суы ақ түске боялған. Өзгеріске ұшыраған Жезқазғандағы өзен суын Александр Галаев есімді азамат видеоға түсіріп,  әлеуметтік  желіге салған. Автор өзенге  химиялық қалдық төгілген деп пайымдаған. 

Видео әлеуметтік желіге жариялана салысымен экология департаменті, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі сондай-ақ ветеринарлық қадағалау басқармаларының өкілдері тайлы-тұяғымен Сарысуға барған. Олар өзеннің төменгі және жоғарғы ағысын қамтып, 40 шақырым жерді шолып шыққан. Нәтижесінде өзеннің Түйемойнақ қыстауына жақын тұсынан өлі балықтарды тапқан. 

"Өзенде патологиялық өзгеріс анықталған жоқ. Дегенмен судан және өлген балықтардан сынама алынып, зертханаға жіберілді. Дәл қазір балықтардың өлуіне не себеп болғанын тап басып айту қиын, барлығы сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады", – деді ҚР АШМ "Республикалық ветеринарлық зертханасы" Қарағанды филиалының директоры Жандарбек  Еспанов.

Алдын ала жасалған болжам бойынша, өзенде ақшаға шаққанда құны 1,5 млн теңгені құрайтын мөңке, сазан, шортан, торта  сияқты 1 тоннаға жуық балық қырылған.

Балықтарға қандай кесел келгенін тап басып айта алмаса да, экология департаментінің мамандары "өзенге  химиялық қалдық төгілді" деген пікірді жоққа шығарды. Олардың сөзінше, Сарысу өзеніне химиялық қалдық төгілуі мүмкін емес. Себебі жақын маңайда ешқандай өндіріс орны жоқ.

"Ұлытау ауданы ішкі істер басқармасы балықтардың қырылуына байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеуалды тексеріс жүріп жатыр. Өзен маңынан ешқандай өндіріс орны табылған жоқ",  – деді ІІД ЖПҚ табиғатты қорғау полициясы бөлімінің инспекторы Данияр Уақасов.

Мәселенің ақ-қарасын анықтайтын сынама қорытындысы 20 күннен соң белгілі болады. Әзірше Сарысу өзеніне жақын орналасқан ауыл тұрғындарына төрт түлік малды өзеннен суаруға тыйым салынды.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу