"Сәтпаевтың кезеңіндегідей геологиялық барлау жүргізілмеді": Депутат мұнай-газ саласындағы мәселені атады

363

30 жыл ішінде елде бір ғана жаңа мұнай кен орны ашылған.

"Сәтпаевтың кезеңіндегідей геологиялық барлау жүргізілмеді": Депутат мұнай-газ саласындағы мәселені атады Фото: nalogikz.kz

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мұнай-газ саласындағы геологиялық зерттеу-барлау жұмыстарына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгінгі таңда мемлекет есебінде 348 көмірсутек шикізатының кен орны бар. Сондай-ақ, еліміздегі мұнай қорының жалпы көлемі 4,3 млрд тоннаны құрайды. Бұл ретте көмірсутек шикізаты қорының 72%-ы – "Теңіз", "Қашаған", "Қарашығанақ" сияқты ірі кен орындарының үлесінде. Ал, алдағы 10-15 жылдан кейін осы үш ірі кәсіпорында мұнай-газды өндіру көлемі төмендейтіні анық", – деді Еділ Жаңбыршин Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, игерудің кеш сатысындағы кен орындарында мұнай-газ өндіру азаяды, тіпті кейбірі жұмысын тоқтатады.

"Шындығында сонау академик Сәтпаевтың кезеңіндегідей, тәуелсіздіктің соңғы 25 жылында жүйелі, масштабты геологиялық зерттеу-барлау жұмыстары жүргізілген жоқ. Ал, қазіргі уақытта қорлардың өсімі сонау Кеңес Одағы кезінде ашылған кен орындарын қайта бағалау мен зерттеу есебінен толығуда. Бірақ, соңғы бес жылдағы мұнай қорларының өсімі орта есеппен 73 млн тоннаны құраса, ал өндіру көлемі 80 млн тоннаға жетті. Яғни, мұнай қорының толығуынан, өндіруіміз қазірдің өзінде 7 млн тоннаға артық. Бұл – мұнай-газ саласындағы зерттеу жұмыстары мен өндірудің арасындағы дисблалансты нақты көрсетіп отыр. Геологиялық барлаудың қазіргі баяу қарқыны мен мұнай өндірудің бүгінгі деңгейі сақталар болса, таяудағы 15 жылда еліміздің көмірсутек ресурстарының қоры таусылатыны анық. Дұрысында мұнай-газ қорларымыз, өндіруден кемі 1,5 есеге артық болуы тиіс", – деді депутат.

Мәжіліс депутаты Қазақстанда көмірсутектердің жаңа кен орындарын ашу үшін қажетті әлеуеті бар екенін айтты.

"Геологтар елімізде 76 млрд тонна болжамды отын ресурсы бар және түрлі дәрежеде зерттелген 15 шөгінді бассейнді бөліп көрсеткен болатын. Алайда, 30 жыл ішінде 2021 жылы бір ғана жаңа мұнай кен орны ашылды. Дегенмен, бізде тауарлық-материалдық қорларды толтырудың, өндірісті ұлғайтудың және жоғары табыс табудың нақты мүмкіндіктері бар. Бірақ, қазір бұл мүмкіндіктерді пайдалану мүмкін болмай отыр. Оған себеп елдің экономикасына едәуір үлес қосатын қазба-байлықтарымызды дамыту саласы тұралап, оның мүмкіндіктері шектеліп отыр. Яғни, экономиканың негізін құрайтын геология саласы стратегиялық шешім қабылдай алмайтын, құзыреті шектеулі, бюрократиялық шырмаумен байланған Үкіметтің комитеті деңгейінде ғана жұмыс істеуге мәжбүр", – деді Еділ Жаңбыршин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу