Жансель Дениз Токио Олимпиадасын жеңіспен бастады. Ол алғашқы жекпе-жегінде өзбекстандық Светлана Осипованы 10:9 есебімен жеңіп, ширек финалға өтті. Бірақ ширек финалда британиялық Бианка Уолкденнен 7:17 есебімен жеңіліп қалды.
Денис Ганькин садақ атудан 1/32 финалында мысырлық Юссоф Толбаны 6-4 есебімен жеңді. Алайда Денис Ганькин де Олимпиада ойындарымен қош айтысты. Қазақстандық садақ атушы 1/16 финалда италиялық Мауро Несполимен кездесіп, 2:6 есебімен ұтылды.
Таэквондодан Руслан Жапаров неміс Александр Бахманды жеңіп, 80 кг-нан жоғары салмақта ширек финалға шыққан болатын. Жекпе-жек 11:7 есебімен аяқталды (3: 2, 6: 0, 2: 5). Бірақ Руслан Жапаров ширек финалда жеңіліп қалды. Қазақстандық спортшы кореялық Кю Донг Иннен 10: 2 есебімен жеңілді.
Дидар Хамза 81 келіге дейінгі салмақта дзюдодан 1/16 финалда моңғолиялық Саид Моллайдан жеңіліп, Олимпиада ойындарын аяқтады.
Бұдан бөлек тағы бір спортшымыз жарыс жолынан шықты. 2004 жылдан бері Қазақстан Олимпиада ойындарында 69 келіге дейінгі салмақта көш бастап келе жатқан. Бірақ бүгін сол дәстүр үзілді. Абылайхан Жүсіпов Токиодағы алғашқы жекпе-жегінде америкалық Деланта Джонсоннан (2016 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, 2019 жылғы ересектер арасындағы әлем кубогының қатысушысы) жеңіліп қалды. Қорытынды есеп - 4: 1.
2014 жылы Жүсіпов Қазақстаннан шыққан жасөспірімдер Олимпиадасының алғашқы чемпионы болды. Бірақ ересектер арасындағы олимпиадада оның жолы болмады. Рио Олимпиадасында да, осы жолы Токиода да алғашқы жекпе-жектен кейін жарысты аяқтады. Джонсонның келесі қарсыласы 32 жастағы кубалық Рониэль Иглесиас. Ол 2012-жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2009 жылғы әлем чемпионы. 32 жастағы Иглесиас осы атақтардың бәрін 64 келіге дейінгі салмақта жеңіп алды.
Ал тенниске келер болсақ, Михаил Кукушкин 1/16 финалда беларуссиялық Илья Ивашкадан жеңіліп, Олимпиада ойындарын аяқтады. Қазақстандық теннисші бірінші сетте 7:4 есебімен тай-брейкте жеңіске жетті. Бірақ қалған екі сетте 3:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша бүгін спортшыларымыздың жолы болмады.
Ермұхамед Мәулен