Қазақстанда лотерея саласы толығымен монополияландырылған. Бұл бірқатар дамыған елдің тәжірибесі. Бірақ олардан айырмашылығы сол, сала тізгінін бізде мемлекеттің өзі ұстамайды. Ел Үкіметінің 2017 жылғы 10 ақпандағы қаулысымен "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ы 15 жыл мерзімге лотерея операторы болып анықталды. Яғни, 2032 жылға дейін монополист.
Ел Парламенті Үкіметтің сұрауымен 2016 жылы лоббистік заң қабылдап, осы компаниядан басқа кәсіпкерлерге лотерея өткізуге қатаң тыйым салды. Ал 2020 жылы лотерея заңына өзгеріс енгізіп, бизнесмендерге, блогерлерге, сауда және ойын-сауық орталықтарына клиенттері арасында ақшалай не заттай ұтыс ойнатқанда, "ұтыс-розыгрыш" сөздерін қолдануға да шектеу қойып тастады.
Нәтижесінде, сәттілігін сынағысы келетін, құмар ойындарға ынтық азаматтардың бәрі жалғыз осы компанияға тәуелді болып қалды.
Солардың бірі – Ақтөбе тұрғыны Қуаныш Қ. "Loto club" залында лотерея сатып алады. Жолы болып, мол ұтысқа "кенелген": 4 миллион теңге ұтты.
"Бірақ жеңіп алған ақшамды маған төлемей қойды. Осыған байланысты ұтыс сомасын өндірту туралы сотқа арыз бердім. "Сәтті жұлдыз" АҚ-ның Ақтөбедегі ресми таратушысы "Hegni" ЖШС болып табылады. "Сәтті жұлдыз" бен "Hegni" арасында 2019 жылғы 17 сәуірде оператордың лотереяларын таратуға қатысты келісім шарт бекітілген екен. Заң бойынша сенiм бiлдiрiлген өкiл жасаған мәміле бойынша сенiм бiлдiрушiде де міндеттемелер туындайды. Осыған байланысты мынаны түсіндіріңізші: сотта кім жауапкер болады – "Сәтті жұлдыз" ба, әлде оның ресми таратушысы "Hegni" ме?" – деп сұрады салаға жауапты органнан ұтыс иесі Қуаныш.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова осындай жағдайға тап болған азаматтарға түсініктеме бере кетті. Оның айтуынша, Азаматтық кодекстің 846-бабына сәйкес, бірінші тарап – сенiм бiлдiрiлген өкiл екiншi тараптың, яғни сенiм бiлдiрушiнiң атынан және соның есебiнен белгiлi бiр заңды iс-әрекет жасауға мiндеттеледi. Тиісінше, сенім білдірілген өкiл, яғни мына жағдайда "Hegni" ЖШС жасаған мәмiле бойынша құқықтар мен мiндеттер тiкелей сенiм бiлдiрушiде – "Сәтті жұлдыз" АҚ-ында пайда болады.
"Сондай-ақ, "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заңының 4-бабының 1-бөліміне сәйкес, лотерея операторы мен лотереяға қатысушы арасындағы шарт азамат лотерея билетінің құнын төлеген және оған билетті немесе өзге де құжатты берген кезден бастап жасалған деп танылады", – деді министр.
Осы баптың 2-бөлімі бойынша лотерея билетін сатып алу "азаматтық-құқықтық міндеттеменің туындауына негіз болады" екен. Оған сәйкес азамат ұтысты төлеуді талап етуге құқылы.
"Осы айтылғанды ескерсек, азамат лотереялық билетті сатып алып, оның құнын төлегеннен және тиісті билетті немесе басқа да құжатты алғаннан кейін, тікелей "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ында азаматтық-құқықтық міндеттеме туындайды", – деп растады А.Райымқұлова.
Яғни, ресми таратушы ұтысын төлемей жатса, клиенттер ол ақшаны бірден "Сәтті Жұлдыздан" өндірте алады.
Айта кетер жайт, бұл монополист өркенін кеңге жаюда. Бүгінде билік "Bingo" ойынын да лотереяға теңестіріп, тосқауыл қоюға кірісіпті. Батыстан келген осы ойын көбіне клубтарда көңіл көтеру үшін ұйымдастырылатыны мәлім. Қолданыстағы заңдарда және кәсіпкерлік қызмет классификациясында "Бинго" ойын бизнесіне жатқызылмайды. Бірақ онда ұтқан адамға ақшалай не заттай сыйлық берілетіндіктен, оны да лотереяға теңестіріп, түбегейлі тыйым салу көзделуде.
Оларға балама ретінде "Сәтті Жұлдыз" лото-клубтар ашып жатыр. Онда лотерея сатып алуға, тираждық ойындар ойнауға, бәс тігуге және ұтысты алуға мүмкіндік жасалған. Қуаныш Қ. да өз билетін осы клубтардың бірінде алған. Қазіргі кезде елімізде 200-ге жуық лото-клуб бар.
Жалпы, "Сәтті жұлдыз" бүкіл нарықты басып алғанға дейін Қазақстанда 85 лотерея ұйымдастырушы жұмыс істепті. 2016 жылғы 1 қарашада олардың бәрінен лицензиясы тартып алынды да, олар тіршілігін тоқтатты.
Алматыда тіркелген "Сәтті жұлдыз" АҚ-ының акциялар пакетіне елге белгілі емес Сергей Швалов деген адам басыбайлы иелік етеді.
Осы ұйым "Логиком" компаниясы арқылы барлық сауда үйлеріне, сауда және ойын-сауық орталықтарына, супе-гипермаркеттерге, өзге де орындарға дайын лотереялық терминалдар жеткізіп, орнатады. Олардан түскен пайда да осы ұйым қалтасына құйылады. Рk.uchet.kz порталының дерегінше, лотерея кірісін айтпағанның өзінде, тек осы саладан бір жылда ғана тапқан пайдасынан "Логиком" бюджетке ылан-ойран сома – 2 миллиард 212 миллион теңге салық төлепті.
Сергей Швалов "Логикомда" тек басшы болып қызмет атқарады, ал оның құрылтайшылары кім екені белгісіз: Egov порталында ол графа бос тұр.
Негізі, бүкіл нарықты бір алпауытқа берер кезде Үкімет ол оператордың нарықты ретке келтіретінін және ең бастысы, барлық табысының 15%-ын отандық спортты дамытуға бағыттайтынын дәлел-дәйек ретінде алға тартты. Әйткенмен, оның нақты қандай спортты қаржыландыратынын ашып айтпады. Бүгінде барлық басымдықты спорт түрлері, соның ішінде ұлттық спорт ойындары да мемлекеттік бюджетке қарап отыр. Ал "Сәтті Жұлдыз" өткен жылы "туризм және спорт индустриясын қолдауға" небары 120 миллион теңге бағыттапты.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!