"Сәтті Жұлдыз" жеңімпазы "қасіретті қаңтар" оқиғаларының құрбаны болды

2079

Бұл ретте лотереялық монополист жеңімпаздардың 73 миллион теңгеден астам ұтысын сол бойы алып кетпегенін жариялады. Ол миллиондар бюджетке аударылуы мүмкін.

"Сәтті Жұлдыз" жеңімпазы "қасіретті қаңтар" оқиғаларының құрбаны болды

Ұлттық лотерея операторы өз сайтында лотерея арқасында мол олжаға кенелген, тіпті байып шыға келген азаматтардың тарихын ұдайы жариялап, насихаттап тұрады. Мұнысы жақсы маркетинг, ұтымды жарнама: бір жеңімпаз мыңдаған жаңа клиенттің лотерея билетін сатып алуына түрткі болады. Бірақ алпауыттың елге көп тіс жара бермейтін сырлары да бар көрінеді.

Қызылорда тұрғыны Мейрамбектің мейрамдатуға тіпті де көңіл-күйі жоқ көрінеді. Ол үшін биылғы жыл қуаныштан басталыпты. Алайда ол қуанышы ізінше-ақ су сепкендей басылған.

Мейрамбек қаңтар айының басында лотерея сатып алады.

"2022 жылғы 13 қаңтарда "Сәтті Жұлдыз" АҚ өкілі телефон соғып, құттықтай жөнелді. Оның хабарлауынша, мен "ТВ Бинго" билетімнің арқасында жарты миллион теңге көлеміндегі қосымша ұтыстың жеңімпазына айналыппын. Қынжылтатыны сол, өзім жұмыс істейтін ұйым Сұлтан Бейбарыс көшесі бойындағы облыстық әкімдіктің ғимаратында, 1-қабатында орналасқан. Мен бірқатар маңызды құжаттарымды өз кабинетімдегі шкафта және столдың тартпаларында сақтайтынмын. "Сәтті Жұлдыз" лотереясының билеті де солардың арасында жатқан", – деп әңгімеледі билет иесі.

Алайда 2022 жылғы 5 қаңтар күні, түстен кейін бүлікшілер Қызылорда облыстық әкімдігінің ғимаратына баса-көктей еніп, басып алады. Салдарынан 1, 2 және 3-қабаттардағы барлық кабинеттердің есігі бұзып ашылған, тоналған, жиһаз атаулы қиратылған. Құзырлы органдар радикалды топтардың шабуылына тойтарыс беріп, жағдай тұрақталған соң қызметкерлер жұмыс орындарына оралады. Мейрамбек бақытты билетін таба алмаған.

"Осыған орай "Сәтті жұлдыз" АҚ-ның байланыс орталығына қоңырау шалдым. Қаңтар оқиғалары салдарынан кабинетімнің тоналғанын және сонда сақталып келген билетімді таба алмағанымды айттым. Сондықтан ұтысымды билетсіз-ақ төлеуді сұрадым. Себебі оны сатып алғанда, билет нөмірі менің жеке телефон нөміріме бекітілген болатын. Қаңтардағы бүлік – форс-мажор саналады ғой. Мұны құзырлы органдар да мойындайды. Мен полиция қызметкерлері қорғайтын облыстық әкімдік ғимаратын бірер күннен соң терроршылар басып алып, тонайтынын білген жоқпын ғой. Яғни қасақана жоғалтқан жоқпын", – дейді Мейрамбек.

Жалпы заң бойынша лотерея және лотереялық қызмет саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын уәкілетті орган ретінде Мәдениет және спорт министрлігі бекітілген. Саладағы ойын ережелерін, талаптарды да сол бекітеді. Сондай-ақ ол "Сәтті Жұлдыздың" заңнаманы сақтауына мемлекеттік бақылау жүргізеді.

Алайда лотерея қызметін тұтынушылар, яғни билет иелері әлі күнге жете қорғалмағаны анықталып отыр.

Билік не дейді?

Мәдениет және спорт министрлігі бұл жағдаймен таныс болып шықты.

Ведомство билет немесе ұтысты растайтын басқа құжатты ұсынбаса, ұтыс ақша берілмейді деп отыр.

"Бұл ретте лотерея билеті, түбіртек-чек немесе өзге де құжат – "Сәтті Жұлдыз" бен клиент арасында азаматтық-құқықтық міндеттеменің туындауына негіз болады. Соған сәйкес лотереяға қатысушы лотерея операторынан ұтысты төлеуді талап етуге құқылы болады. "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ның лотерея өткізу шарттарына сәйкес, ұтысты алу үшін жеңімпаз операторға немесе оның уәкілетті өкіліне өзі келіп, ұтысы бар лотереялық билеттің түпнұсқасын көрсетуге тиісті. Бұл шарттар оператордың ресми сайтында ашық орналастырылған", – деп түсініктеме берді Мәдениет және спорт министрлігі.  

Оның мәліметінше, оператор лотереялық билеттердің, түбіртектердің және басқа да құжаттардың есебін жүргізеді.

Жеңімпаз оны ұсынғаннан кейін "Сәтті Жұлдыз" билетке не түбіртекке сараптама жүргізеді. Өйткені ақша секілді, ұтысты билетті де қолдан жасайтын алаяқтар табылады екен. Тек содан кейін ғана жеңімпазға тиесілі олжа ақшасы төленеді.

"Осы айтылғанды ескере отырып, "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заңы бойынша лотерея билеті, түбіртек немесе ұтысты растайтын өзге де құжат ұтысты төлеуге негіз болатынын хабарлаймыз", – деді министрлік.

Бірден айта кетелік, осы заңның 1-бабына сәйкес, ведомство тілге тиек етіп отырған "лотерея билеті, түбіртек немесе өзге де құжатқа" – "лотереяны өткізу шарттарында көзделген, лотереяға қатысу құқығын куәландыратын, оның ішінде электрондық нысандағы құжат" жатады.

Салдарынан, егер бүлікшілердің бірі билетті апарса, жүлдені де сол еншілеп кетуі ғажап емес.

Бұл ретте билеттің сатып алушының телефон нөмірімен байланысты екені де назарға алынбайтын көрінеді. Оператордың Мейрамбекке қоңырау шалуының өзі "Сәтті Жұлдыздың" соның жеңіске жеткенін білетінін білдірсе керек.

Лотереядан спортты қолдауға қанша жарна аударылды?

Өз кезегінде лотерея операторы жеңімпазы анықталған, бірақ ұтыс иесі жүлдені алуға келмеген жағдайлардың құқықтық негіздері аталған заңда қарастырылғанына назар аудартты. 

2021 жылдың қорытындысында "Сәтті Жұлдыз" ұлттық лотереясы жалпы сомасы 6 миллиард теңге ұтысты төлепті. Соның арқасында елімізде жаңа 112 миллионер пайда болған. Тағы 6 адам жаңа көлікке, ал 4 адам пәтерге ие болды.

"Алайда бүгінге дейін 73 млн 684 мың 692 теңге көлеміндегі ұтысты иелері сол бойы алып кетпеді. Оның ішіндегі ең ірі ұтысы – 8 миллион теңгені құрайды. Оның себептері әртүрлі болуы мүмкін. Біреу билетін жоғалтып алады, енді бірі компания кеңсесіне келуге және ұтысты алу үшін қажетті барлық құжаттарды рәсімдеуге уақыт таба алмайды. Бірақ ол кісілердің өз ұтыстарын алып кетуіне әлі мүмкіндігі бар. Ұтыс – лотереялық өнімнің негізгі игілігі болып табылатындықтан, "Сәтті Жұлдыз" ұлттық лотереясы табыстың әр жеңімпазға дейін жетуіне бірінші кезекте мүдделі", – деп мәлім етті компания дирекциясы.

Алайда заң бойынша жеңімпаз жарияланғаннан кейін 6 ай ішінде ұтыстың иесі оны алуға жүгінбесе, оның ақшасы "талап етілмеген" санатына көшіріледі. Ұтыс сомасы тағы 3 жыл бойы сақталады. Осы кезең ішінде жеңімпаздың өз ақшасын алып кетуге мүмкіндігі болады. 3 жыл ішінде де келмесе, талап етілмеген ұтыстар (қазір 73,8 млн теңге) мемлекеттік бюджетке аударылады.

Дегенмен "Сәтті Жұлдызда" 3 жыл мерзім жоқ болса керек. Себебі ел Үкіметі Президенттің тапсырмасымен барлық жекеменшік операторларды жоятын заң әзірледі. Парламент оны биыл қабылдайды деп күтілуде.

Заң бойынша лотерея операторы тоқсан сайын лотерея билеттерін сатудан түскен түсім мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемінде 10%-ын дене шынықтыру мен спортты дамытуға бөлуге міндетті.

2021 жылы лотерея операторы қазақстандық спортқа 2 миллиард теңгеге жуық ақша аударыпты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу