Сауатсыздық салымшының салын суға кетіреді

Қажет Андас Қажет Андас
7736

200 айлық есептік көрсеткішке ғана сыйлықақы төленеді.

Сауатсыздық салымшының салын суға кетіреді

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 1 млн 200 мың теңге салған Талдықорған қаласының тұрғыны бір жылдан соң 240 мың теңге сыйақы аламын деп ойлаған. Алайда ол қателескен.

Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Талдықорған қалалық филиалына Алматы облысының 45 мың тұрғыны тіркелген. Бұл 2 млн  тұрғыны облыстың 2%-ы аты аталған банктің салымшысы деген сөз.

"Банкке көп ақша салсаң, өсімі де көп болады деп түсіндім. Сөйттім де жинаған 1 млн 200 мың теңгемен есепшот аштым. Бір жылдан соң 240 мың теңге үстемеақы аламын деген ой мені қанаттандырып жүрді. 12 айдан соң банкке келсем, маған 90 мың теңге ғана сыйақы түсіпті", – деді аты-жөнін айтудан бас тартқан талдықорғандық азамат.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін біз банк бөлімшесіне хабарластық. Айнұр Нұрмұханова есімді маман жағдайды былай түсіндірді: "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшының жыл бойы жинаған қаражатының тек 200 айлық есептік көрсеткішке тең бөлігіне, яғни биылдан бастап 481 мың теңгесіне ғана сыйлықақы төлейді. Айта кетейін, жаңа жылдан бері бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 2405 теңгені құрайды. Банк 200 айлық есептік көрсеткіштен асқан салым сомасына сыйлыақы төлемейді. Өкініштісі, салымшылар осыны түсінбей, шатасып жатады".

Маманның мәлімдеуінше, мемлекеттік сыйлықақы әр күнтізбелік жылдың соңында беріледі. Сыйлықақы тағайындалуы үшін салымшының өз есепшотына жылдың қай кезеңінен бері ақша жинай бастағаны маңызды емес. Сол себепті ТҮҚЖБ-ның жаңа клиенті жыл соңына дейін есепшот ашса немесе банктің салымшысы қазіргі таңда қолданыста келе жатқан есепшотын толықтырса, мемлекеттен жақсы бонус алады.

Мемлекеттік сыйлықақы осыған дейін сыйлықақы тағайындалған жинақтарға берілмейді. Яғни жыл сайын тек осы жылғы салымдар мен өткен жылы сыйлықақы бекітілмей қалған жинақтағы белгілі бір сомаға ғана бонус қосылады. Егер 2018 жылы депозиттегі салымға сыйлықақы тағайындалуы тиіс болған сома 200 АЕК-тен асып кетсе, қалған қаржыға мемлекеттік сыйлықақы келесі жылы тағайындалады.

"Салымшының өз атында бірнеше есепшот болса, сыйлықақы соның біреуіне ғана түседі. Қомақты сыйлықақыға  ие болу үшін салымшы отбасының әр мүшесіне жеке есепшот ашуы керек. Сонда мемлекеттік сыйлықақы әр есепшотқа бөлек қосылады", – деді банк маманы.

Айтпақшы мемлекеттік сыйлықақының бюджетке қайтарылатын кездері де болады екен.

Салымшы банктен алынған несиені тұрғын үй жағдайын жақсартуға емес, басқа мақсатта пайдаланса, егер салымшы тұрғын үй құрылыс жинақтарын үш жылдан кем уақыт ішінде жинап, тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы келісімшартты мерзімінен ерте бұзуға бел буса мемлекеттік сыйлықақы берілмейді", – деді Айнұр Нұрмұханова.

Жасыратын несі бар, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі туралы сауатымыздың төмендігі белгілі. Мұны өткенде тікелей эфир арқылы сұхбат берген Ұлттық банктің төрағасы  Данияр Ақышевта айтты.

"Тұрғындар жинақтау жүйесі туралы көп біле бермейді. Тіпті, көптеген тұрғын бұл жағынан хабарсыз", – деді ол.

Дегенмен банктің барлық мүмкіндігін толық пайдаланып, баспаналы болып жатқан жерлестеріміздің саны аз емес. Бұл туралы Тұрғын үй құрылыс динақ банкі Талдықорған қалалық филиалы директорының орынбасары Қуандық Нұрғалиев: "2011 жылдан бері "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы бойынша 659, "Жас отбасы" бағыты бойынша 543, "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша 672 салымшы баспаналы болса, биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 6 үй салынып жатыр. Демек, жыл соңына дейін банк салымшыларының тағы біразы пәтерлі болады", – деді.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу