Винисиустың Сауд Арабиясына трансфері осы жазда жүзеге асуы мүмкін. Егер бразилиялық ойыншы командадан кетсе, "Реалдың" басты мақсаты Эрлинг Холанд болмақ.
"Реал Мадрид" Винисиусты сататынын жоққа шығармайды. Бірақ тек футбол тарихындағы рекордтық сомаға ғана. Сауд Арабиясы клубтары бұл мега-келісімді іске асыруды армандап отыр.
Винисиус Жуниор қазіргі таңда "Реалдың" негізгі ойыншыларының бірі, әрі клубтың болашағы ретінде қарастырылып келген. Алайда Сауд Арабиясының клубтары Еуропаның үздік жұлдыздарын тарту стратегиясын белсенді жалғастыруда.
Олар Неймар, Роналду, Бензема секілді ойыншылардан кейін Винисиусты келесі "мега-трансфер" ретінде көріп отыр. Егер трансфер жүзеге асса, бұл әлем футболындағы ең қымбат келісім болуы мүмкін. Сома 300 миллион еуродан асуы ықтимал.
"Реал" болса, бұл қаржыға Холандты сатып алуды жоспарлайды. Манчестер Сити шабуылшысы қазірдің өзінде әлемдегі ең мықты форвардтардың бірі саналады және мадридтік клуб оны Килиан Мбаппенің орнына немесе серіктесі ретінде көруі мүмкін. Қысқасы, биылғы жаздағы трансферлік науқан өте қызу болғалы тұр.