Сауд Арабиясының Saudi Aramco мемлекеттік компаниясы Еуропадағы екі мұнай өңдеу зауытына келесі айда шикізат жіберілмейтінін ескертті. Бұл шектеу саудиялық мұнайды сатып алатын барлық еуропалық клиенттерге қатысты болмақ. Бұл туралы Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, бұған хуситтердің Шығыс – Батыс мұнай құбырына жасаған дрон шабуылы себеп болған. Ұзындығы шамамен 1200 шақырым болатын магистраль корольдіктің шығысындағы кен орындарын Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу портымен жалғап жатыр. Осы бағыт арқылы Сауд Арабиясы Ормуз бұғазын пайдаланбай мұнай экспорттай алатын. Шабуылдан кейін құбыр жұмысы уақытша тоқтады. Мұнай саласындағы дереккөздердің айтуынша, үш сорғы станциясы зақымданған, оларды қалпына келтіруге бірнеше апта кетуі мүмкін.
Еуропалық мұнай өңдеу зауыттары саудиялық мұнайды негізінен Янбудан жеткізілетін Мысырдың Сиди-Керир порты арқылы қабылдайды. Қазір сатып алушылар балама көздерді іздеп жатыр. Польшалық "Orlen" концерні бірнеше тендер жариялап, басқа елдерден қосымша мұнай көлемін ұйымдастыруға кірісті.
Шығыс – Батыс құбырының әлемдік нарықта орны бөлек, ол тәулігіне миллиондаған баррель қара алтын айдауға қауқарлы. Осыған байланысты шабуылдан кейін жаһанда ұсыныс тапшылығы күшейеді деген қауіп туды. 18 қыркүйекте Brent маркалы мұнай бағасы барреліне шамамен 104 долларға дейін көтерілді.
Saudi Aramco Еуропаға жеткізілімнің іркілісіне қатысты әлі ресми мәлімдеме жасамады. Трейдерлердің мәліметінше, қазірдің өзінде Парсы шығанағынан қосымша жеткізілімдер ұйымдастырыла бастады.