Сауд Арабиясындағы оқиға АҚШ экономикасына қалай әсер етпек

4622

Saudi Aramco нысандарына жасалған шабуыл салдарынан мұнай бағасының күрт қымбаттауы АҚШ экономикасын тығырыққа тіреуі мүмкін.  

Сауд Арабиясындағы оқиға АҚШ экономикасына қалай әсер етпек

Құрама Штаттардағы жанармай құны "қара алтынның" құнына тәуелді. Мұнай өндіруші нысандарға жасалған шабуылдардан кейін, мұнай соңғы 10 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке дейін жетті. АҚШ-тың энергетика министрлігіндегілердің айтуынша, мұның кесірінен бензин бағасы да шарықтап кетуі мүмкін. 
АҚШ-тың жанармай бекеттеріндегі бензиннің орташа бағасы 9 қыркүйекте 2,55 доллар, ал 23 қыркүйекте 2,65 доллар болды. Сарапшылардың айтуынша, мұнайдың бір баррелі 1 долларға қымбаттаса, бензин галлоны 2,4 центке көтеріледі. 

Соңғы жылдары Вашингтон Сауд Арабиясынан мұнай импорттауды айтарлықтай қысқартқан. Дональд Трамп қанша жерден АҚШ-тың Таяу Шығыс мұнайына зәру еместігін алға тартса да, әлемдік мұнай бағасына деген тәуелділік сақталып отыр. 

Бірақ саудиялықтардың мұнай өндірісін қалыпқа келтіру жұмысы созылып кетсе, елдегі бензин бағасы да қымбаттай түспек. Жоғалған шикізат көлемінің жартысы 17 қыркүйекте қордағы мұнай есебінен толтырылған еді. 

Бастапқыда қалыпқа келтіру жұмыстарына бірнеше апта керек деп жарияланса, ал демалыс күндері бұл процестің бірнеше айға дейін созылуы мүмкін деген ақпарат тарады.

Айта кететін жайт, АҚШ-тағы мұнай бағасы ел экономикасының бірқатар секторына әсер етпек. Олардың қатарында тұтынушылар мен кәсіпкерлер де бар, өйткені бензин бағасының құбылуы логистика мен бірқатар маңызды факторға да ықпалын тигізеді. Сондай-ақ мұнай құнының көтерілуі инфляцияның өсуіне әкеліп соғады. 

Естеріңізге сала кетейік, 14 қыркүйекте дрондар Saudi Aramco компаниясының нысандарына шабуыл жасаған еді. Шабуылды Йемендегі көтерілісші хуситтер мойнына алды. Жарылыс пен өрт салдарынан Сауд Арабиясы бір тәуліктіктегі мұнай өндірісі көлемін 9,8 млн баррельден 4,1 млн баррельге дейін қысқартқан болатын. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу