Сауда алаңы үшін айқас: кім жеңеді?

Билік пен кәсіпкер сауда алаңын белгілей алмай дал. 

Сауда алаңы үшін айқас: кім жеңеді? Фото: pavon.kz

Павлодарда соңғы уақытта облыс орталығындағы Гагарин саябағы адам танымастай өзгеріп, қала тұрғындары мен қонақтарының демалуына ыңғайлы жағдай жасалды. Тек балаларға арналған тәттілерді сататын орынға қатысты тартыс туындап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Былтырдан бері қаланың байырғы саябағында кең ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Құрғақ субұрқақ, шағын футбол алаңы, тастан жасалған шахмат үстелі, мәрмәр орындықтар қойылып, алғаш рет ерекше балаларға арналған инклюзивті ойын аумағы жабдықталды. Жұрт назарының қызу талқысына түскен мүсіндер де орнатылды. Мәселен, биылғы жазға дейін талай адамның мазасын алған масаны жеңген инеліктің құрметіне оның бетон, металл мен шыны пластигінен арнайы жасалған мүсіні саябақтың сәнін келтірді. Оған бюджеттен 2 млн теңге бөлінді. Сол сияқты 2 млн теңгеге "Періште қанаттары", тағы 3 млн теңгеге "Кітап күші" мүсіндері орнатылды.

Талай жыл қараусыз қалған саябақ қайтадан көпшілік жиналатын жақсы орынға айналғандықтан кәсіпкерлер де бұл ортада азын-аулақ табыс табуды ойлады. Сөйтіп, жергілікті әкімдіктен саябақ аумағында сауда-саттықпен айналысуға рұқсат беретін арнайы қағазды сұрады. Оны бизнес өкілдері үш айдан аса уақыт күтті. Жергілікті 25 кәсіпкер тіркеу куәлігін алған соң құрал-жабдықтар, қажетті өнімдер сатып алып, өздеріне белгіленген аумақты әрлеп, кәсібін бастауға кіріскені сол еді, алдарынан тағы да кедергі шықты.

Белгілі болғандай, әлеуметтік желінің кейбір қолданушылары саябақ аумағында сауда алаңының ұйымдастырылуына қарсылық білдірген. Олардың сөзінше, балаларға арналған шағын көліктер саябақ ішінде емін-еркін жүруге қолайсыздық тудырады. Оған қоса, түрлі тәттіге қызыққан балақайлар ата-аналарына байбалам салып, балмұздақ, шырын әперуге итермелейді. Мұның барлығы ересектердің қалтасын жұқартатын көрінеді.

Кейін осы мәселе төңірегінде жергілікті билік өкілдері Гагарин паркіне келушілер арасында сауалнама жүргізді. Соның барысында кей тұрғындар сауда алаңының болғанында еш сөгеттік жоғын алға тартса, енді бірі олардың болмағаны дұрыс деген пікірін білдірді.

Осының барлығын ескере келе жергілікті әкімдік 25 кәсіпкерді басқа жерге көшіруде ұйғарған көрінеді. Бірақ бизнес өкілдерінің өздері бұған келіспей отыр.

"Біздің осы жерде қалып, саудамызды жүргізсек дейміз. Өзі бар-жоғы екі ай ғана жұмыс істейміз. Одан соң онсыз да ауа райына байланысты саябақта тауар саудалап, қызмет көрсететін мүмкіндік болмайды. Қазір жұмыс тұралап тұр. Аз да болса пайда көрудің орнына шығынға батып жатырмыз. Маусымдық тауарды ұзақ уақыт сақтауға келмейді. Оны бүгін-ертең сатпасақ, тақырға отырып қалуымыз мүмкін", - дейді кәсіпкер Гүлсім Қабекова.

Оларға ұсынылған саябақ маңындағы жерде сауда-саттық жасауға жайлы жағдай қарастырылмаған. Жолдың бойындағы аумаққа кіретін жол жоқ. Тоңазытқыштарды іске қосу да мүмкін емес. Себебі мұнда электр желісі тартылмаған.

"Тұрғындар саябаққа демалу үшін келсе, ешқандай мәселе жоқ. Ал егер өздеріне, балаларына тәтті өнімдерді сатып алуды қаласа, кәсіпкерлерге ұсынылған, 50 метр алшақтықта ғана орналасқан арнайы орынға бару еш қиындық тудыра қоймас", - дейді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батыр Мүтәлапов.

Бұл ретте әкімдік кәсіпкерлерді күштеп саябақ аумағынан шығармайтынын да алға тартты. Бұл мәселе алдағы уақытта дөңгелек үстел барысында тағы бір мәрте талқыланбақ. Себебі кәсіпкерлерге ұсынылған орын олардың көңілінен шықпай отыр. Жаздың болса жартысы өтті. Бұл ретте кімнің сөзі "өтеді" екен? Саябақ ішіндегі жалға берілетін шағын көліктер мен балмұздақ дүңгіршектеріне наразы әлеуметтік желі қолданушыларының ба, кәсібін дөңгелетуді қалайтын бизнес өкілдерінің бе, әлде жергілікті биліктің бе? Осы сауалдың жауабы таяу күндері белгілі болуы тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін жергілікті әкімдік қаладағы стационарлық емес сауда орындарын орналастыруға арналған 26 учаскені белгілеген-ді. Олардың ішінде саябақтар мен скверлер, бау-бақша өнімдерін сататын орындар кіреді. Мысалы, жоғарыда аталған Гагарин саябағында тәтті мақта, балмұздақтар мен салқын сусын сату, көліктер мен велосипедтерді жалға беруге арналған 10-нан астам орын қарастырылды. Олардың барлығы бірыңғай типтегі павильондар болуы тиіс екені тағы бар. Бірақ, кәсіпкерлердің сөзінше, әкімдік әзірше бірдей типтегі павильондардың эскизін ұсынған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу