Сауда, ойын-сауық орталықтары алдауға көшті

6739

Көңіл-күйі бұзылған қазақстандықтар шағым айтуда.  

Сауда, ойын-сауық орталықтары алдауға көшті

Үкімет Тәуелсіздік күніне орай жариялаған 4 күндік каникулда іші пысқан елдің үлкен бөлігі сауда, ойын-сауық орталықтарына ағылуда. Мысалы, бүгін елордадағы барлық СОО ығы-жығы халыққа толы.

Алайда дағдарыс пен пандемия кезеңінде бизнесі біраз тоқыраған кәсіпкерлер барлық шығынын азайтып, әр теңгені үнемдеуге тырысуда. Салдарынан, залда қызмет көрсетуші кеңесші-сатушылар саны да, кассирлер саны да күрт кемітілді. Сауда саласындағы басқа да өзгерістер азаматтардың көңіліне жақпай жатыр.

Алматы тұрғыны, жас заңгер Олжас Әубәкір танымал орталықта алданғанын баян етті.

"Мен Мега СОО-дағы Chaplin Cinemas кинотеатрында фильмге билет сатып алдым. 2 билеттің құнын Mastercard картасымен Samsung Pay төлем жүйесі арқылы төледім. Билет алған кезде кинотеатр аумағының әр жерінде Samsung Pay науқанының жарнамасы ілініп тұрды. Онда: "Samsung Pay-і бар Mastercard картасымен төлеңіз де, сыйға попкорн алыңыз!" деп жазылған. Төлем жасағаннан кейін кассирден тиісті попкорнды беруді өтіндім. Акцияның барлық шартын орындадым ғой. Кассир болса: "Ол акция баяғыда бітіп қалған!" деп қарап тұр. Соны сылтауратып, акциялық өнімді беруден бас тартты", – дейді Олжас.

Ол мұны мазақ деп ұғып, кинотеатр әкімшісін шақыртады. Себебі, мұндай ірі орталықтарда уақыты біткен акцияның постерлері мен жарнамалары бір сағат та артық тұрмайды, бірден алып тасталады. Өйткені ақысы да көбіне сағатына төленеді. 

Алайда өзін Дәулет деп таныстырған кинотеатр әкімшісі де попкорнды бере алмайтынын мәлімдейді: "Акция бітті". Ол сондай-ақ кинотеатр басшысының байланыс телефонын да, тіпті оның аты-жөнін де айтпай қойыпты.

"Жалпы, кез келген жарнама бұқаралық оферта-келісім саналады. Демек, билетті акция шарттары бойынша сатып алу арқылы мен осы келісімге "акцепт" жасадым (acceptance, яғни офертаға келісім түрінде біржақты жауап беру). Олай болса, тиесілі попкорн қолыма тиюі керек еді. Оның үстіне кинотеатр аумағында да, оның сайтында да акцияның аяқталғаны туралы ақпарат жоқ. Соған қарамастан кинотеатр келісімшарттық міндеттемелерін орындамай отыр", – дейді шағымданушы.

Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әсел Әбубәкірова бұл жағдайда "клиенттікі дұрыс" екенін білдірді. Бірақ оған өз құқығын қорғау үшін алдымен өзі жүгіруіне тура келеді.

"Қазақстанның "Жарнама туралы" заңының 7-бабының 2-бөлімінің 9-тармағына сәйкес, жүлделерге қатысты шындыққа сай келмейтiн мәлiметтерi бар жарнама дәйексiз жарнама болып табылады. Ал Әкімшілік кодекстің 455-бабына сәйкес, жалған, дәйексіз жарнама берушілерге айыппұл салынады. Осы кодекс бойынша мұндай әкімшілік құқық бұзушылықтарды облыстың, қаланың, ауданның жергілікті атқарушы органы қарайды. Ендеше әкімдікке жүгіну керек. Әкімдік жүргізген іс-шаралар нәтижелері бойынша біздің комитет заң бұзушыға тиісті шаралар қолданады", – деді Әсел Әбубәкірова.

Бұдан бөлек, СОО-ларда пандемия жағдайында жұмыс істеп, қаптаған клиентке қызмет көрсетіп жүрген сатушылар да алданғанына арызданады. Арманқайыр Алмасұлы "Хан Шатыр" сауда, ойын-сауық орталығында "Under Armour" дүкеніне бір ай бұрын жұмысқа тұрыпты. Онымен тиісті еңбек шарты бекітілген. Дәл мереке қарсаңында жұмыс берушісі 2020 жылғы қараша айы үшін жалақысын төлеген екен.

"Картама 40 мың теңге аударды. Ал ай сайын қарастырылған персоналды сыйлықақыны, яғни сатудан түскен бонустарды бермей тастады. Ол бонустар 1С бағдарламасында әрбір жұмысшыға жеке есептеледі. Мен болсам, бір ай бойы, ауысымым кезінде таңғы 9:00-ден түнгі 22:00-ге дейін тынбай еңбек еттім. Әкімшінің нұсқауы бойынша түгендеу-инвентаризация жүргізу үшін түнгі 2-ге дейін қалып жүрдік. Бұл ретте жұмыс беруші үйге апарып тастамайды, такси ақысын өз қалтаңнан шығарасың. Түскі асыңа да өзің шығындаласың. Ақыр соңында қолыма 40 мың теңге ғана тиді. Бұл елдегі ең төменгі жалақы көлемінен де аз. Жұмыс берушім әртүрлі сылтау айтып, ай сайынғы персоналды сыйлықақымды төлегісі келмейді. Бұл қаржыға қалай өмір сүремін?" – деп уайымдайды Арманқайыр.

Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне шағым жолдаған екен. Министрлік әзірге жауап қайырмады.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу