Қатаң локдаундардан көз ашқанымызға көп уақыт болған жоқ, елде ерікті вакцинация басталды. Кейін екпе салдырмағандар жұмыстан қуылып, демалыс күндері сауда орталықтарынан шеттетілді. Енді жұмыс күндері де шектеу енгізілмек. Салдарынан сауда-ойын-сауық орталықтары табысының 25%-ынан қағылуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz.
2021 жылдың 8 қарашасынан бастап Нұр-Сұлтандағы сауда орталықтарына "Ashyq" жобасындағы мәртебесі "көк" қазақстандықтар кіре алмайды. Пилоттық жобаны Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия енгізді. Алматыдағы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салтанат Лесбаева алдағы уақытта бұл өзгеріс оңтүстік астана, кейін республиканың барлық өңірлеріне енгізілуі мүмкін екенін айтады.
"Кәсіпкерлер палатасы бұл бастаманы қолдамайды. Себебі тақырып толық талдауды қажет етеді. Сондықтан әлі нақты шешім қабылдауға ерте", – деді спикер.
Айта кететіні қазіргі кезде Алматыда 114 сауда нысаны бар. Олардың қатарында сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлерін атауға болады.
4 маусымдағы жағдай бойынша Алматыда барлығы 1 700 "Ashyq" жобасының қатысушы болса, бүгінгі таңда олардың саны 23 214 нысанды құрайды, яғни 5 айда қатысушылардың саны 13 есеге артқан. Ал жоба аясында жұмыс істейтін мекемелердің
ТОП-5 саласы:
- қоғамдық тамақтану нысандары – 3 065;
- сұлулық орталықтары мен салондары, шаштараздар, маникюр мен педикюр, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсету салондары – 1 645;
- базарлар (жабық және ашық), сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері (азық-түліктік емес) – 1 594;
- жоғары оқу орындары, колледждер мен білім беру орталықтарын қоса алғанда, білім беру нысандары – 1 338;
- мектепке дейінгі балалар ұйымдары – 935.
Сонымен қатар спикер "қызыл" және "сары" статусы бар қала тұрғындары қоғамдық орындарға, оның ішінде сауда орталықтарына жиі баруға тырысатынын жеткізді. Өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін "қызыл" статусы бар 2 800-ден астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев елорда әкімдігінің енгізген бастамасына қарсы екенін мәлімдеді.
"Ashyq" жобасының деректерін талдай келе, еліміздегі сауда және ойын-сауық орталығына келушілердің 25%-ның мәртебесі "көк" екенін көріп отырмыз. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "MEGA PLAZA" ЖШС келушілеріне талдау жүргізіп, "жасыл" мәртебесі бар келушілер саны артып келе жатқанын анықтады. Ал сауда орталықтарына кіруді шектеу, біріншіден, жалға алушыларға кері әсерін тигізіп, жалақыларының азаюынна алып келеді. Ал сатып алушылар ағыны азайса, олар "арзан" сауда нарығына кетуге асығады", – дейді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.
Спикер атап өткен сауда-ойын-сауық орталығында 303 жалға алушы және 2 028 жұмысшы бар. "Ashyq" қосымшасы арқылы келушілерді талдау 2021 жылдың 4 айында "жасыл" мәртебесі бар келушілер саны 4 есеге немесе шілдедегі 3,1 мыңнан қазанда 12,6 мыңға дейін өскенін көрсетті. Осы уақыт ішінде "көк" мәртебесі бар келушілер саны 2 есеге азайған. Шілдеде 9,3 мың адам болса, қазанда 4,3 мың келушіге төмендеді.
Ал "көк" мәртебесіне байланысты сауда және ойын-сауық орталықтарына кіре алмайтын қазақстандықтар көшедегі дүкендерде, базарларда, шағын дүкендерде немесе интернетте сауда жасай алады, бұл оларға бейтараптық сақтауға мүмкіндік береді.
"Біз сауда және ойын-сауық орталықтарына кіруді шектеуді негізсіз деп санаймыз, өйткені сауда аймағында қажетті орын, жүйелі түрде дезинфекциялау, жуу және әлеуметтік қашықтықты сақтауға мүмкіндік беретін желдету жүйесі бар. Бұл ретте халыққа қызмет көрсету орталықтарында қандай кезектердің жиналатыны белгілі. Жазда қала тұрғындары нысанның ішінде ғана емес, сыртында да күтуге мәжбүр болды. Бүгінде ауа райына байланысты көшеде тұру мүмкін емес. Дегенмен ұйымның мәртебесіне ешқандай шектеулер жоқ", – деді Кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары.
Құралай Құдайберген