АҚШ-тың апелляциялық соты президент Дональд Трамптың ипмортқа енгізген кедендік баж салығын қайта қалпына келтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Сот шешімімен қос тарап өз ұстанымдарының жазбаша дәлелдерін ұсынуы тиіс. Талап қоюшыларға – 5 маусымға дейін, ал әкімшілікке 9 маусымға дейін уақыт берілді.
Таяуда Халықаралық сауда жөніндегі федералды сот жаңа тарифтердің денін қабылдамай қойды. Сот Ақ үй басшысы өз өкілеттігін асыра пайдаланып, әлемнің көптеген еліне қатысты енгізген баж салығын заңсыз деп таныды.
Дональд Трамп санкциялар бойынша халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заңды басшылыққа алған. Десек те, бұл құжат ел президентіне баж салығын енгізуге мүмкіндік бермейді. Себебі АҚШ Конституциясына сәйкес, Конгресс осындай құзыретке ие.
Liberty Justice Center деп аталатын коммерциялық емес заң фирмасы бес шағын бизнес иесі атынан сотқа жүгінді. Кәсіпорындар баж салығы салынған елдерден тауарларды импорттаумен айналысады.
Өз кезегінде Трамп әкімшілігі де сот шешіміне шағым түсірді.