Сауда соғысы. ҚХР Үндістанға сес көрсетуде

2782

Қытай Үндістанды Huawei-ге бөгет жасамауға шақырды.

Сауда соғысы. ҚХР Үндістанға сес көрсетуде

Егер де Нью-Дели компанияның Үндістандағы жұмысына кедергі келтірсе, Бейжің оған қарсы санкция салатынын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Алдағы айларда Үндістан елде 5G ұялы байланысын іске қосуды жоспарлап отыр. Алайда бұл процеске телекоммуникациялық жабдықтарды жасайтын қытайлық компаниялардың шақырылу-шақырылмауы туралы шешім әзірге қабылданбаған. ҚХР билігінің ойынша, осы орайда Вашингтон Үндістанға қысым жасап отыр. Қытай мен АҚШ арасындағы сауда текетіресінің кесірі әлемдегі ең ірі телекоммуникациялық жабдық өндіруші саналатын Huawei-ге тиюде. Мамыр айында Құрама Штаттар бұл компанияны қара тізімге енгізіп, өз серіктестерін Huawei өнімдерін пайдаланудан бас тартуға шақырған болатын.

Қытайдың Сыртқы істер министрлігі өкілдері Үндістанның ешбір қысымға қарамай, 5G байланысына қатысты дербес шешім қабылдайтынына үміт білдірді.

"Huawei бұрыннан бері Үндістанда жұмыс істеп, ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Сондықтан олар қытайлық компаниялардың инвестициясы мен жұмысына қолайлы орта қалыптастырып,Вашингтонның пікіріне қарамай әділ шешім қабылдайды деп үміттенеміз",– деді ҚХР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чунинь.

Ал Үндістан тарапы Бейжіңнің бұл мәлімдемесіне әзірге жауап қатқан жоқ.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу