Сауданың көбеюі үй бағасын көтерді

11117

Құрылыс  заттарының арзандауы, үй  бағасын төмендете алмады.

Сауданың көбеюі үй бағасын көтерді

Жаңа үйлердің қарқыны қатты

"2019 жылғы маусымда өткен аймен салыстырғанда абаттандырылмаған тұрғын үйлерді алып сату бағалары – 0,6%, абаттандырылған тұрғын үйлерді алып сату – 0,5%, жаңа тұрғын үйлерді сату 0,1%-ға  өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,3% жоғары болды", – деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі нің Статистика комитеті.

Нақтырақ айтар болсақ, жаңа тұрғын үйлердің құны 2018 жылғы желтоқсандағымен салыстырғанда биыл маусым айында 2,4 пайызға өскен. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы 3,6 арзандағаннан кейін, жер үйлердің бағасы үшінші жыл қатарынан қымбаттап келеді.

Ал абаттандырылған тұрғын үйлердің құны да былтырғы желтоқсандағымен салыстырғанда биыл маусым айында 2,4 пайыз қымбаттады. Айта кетерлігі, абаттандырылған үйдің құны 2016-2017 жылдары арзандап, былтырдан бастап қана қайта өсіп келеді.

Жалпы  былтырғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда биылғы алғашқы алты айда жаңа үй бағасы 3,1 пайызға, абаттандырылған үйлер мен абаттандырылмаған үй бағасы 2,9 пайызға қымбаттады.

Сауданың көбейгені әсер етті

Бағаның қымбаттауына ипотека нарығының қайта жанданғаны ықпал еткен болуы ықтимал. Өйткені  Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылғы маусымдағы тұрғын үйді сатып алу-сатудың тіркелген мәмілелерінің саны 29 543 мыңды құрап, өткен аймен салыстырғанда 7,4 %-ға артқан. Ал қаңтар-маусымдағы тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 21,2% ұлғайған.

Соның ішінде сауда ең қарқынды көбейген аймақ – Алматы қаласы. Оңтүстік мегаполистегі үй саудасы былтырғы алғашқы бес аймен салыстырғанда биылғы  бес айда 49 пайызға көбейсе, екінші орында Жамбыл облысында 27 пайызға, одан кейін Павлодар мен Атырау облыстарында тиісінше 25,7 және 23,6 пайызға өскен.

Сауда азайған жалғыз өңір – Маңғыстау облысы. Мұндағы үй саудасы былтырғы бес айдағыдан 1,7 пайыз азайып кеткен екен. 

Құрылыс заттары керісінше арзандап жатыр

Бір қызығы, құрылыс заттары жыл басынан бері арзандап жатқанына қарамастан, үй бағасы қымбаттауын тоқтатар емес. Мәселен, 2019 жылғы маусымда өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда құрылыстағы баға 0,7%, машиналар мен жабдықтарға – 3,2%, өзге де жұмыстар мен шығындарға – 2,7% өсті, құрылыс-монтаж жұмыстарына – 0,3% төмендеді.

Жыл басындағы алты айда мұнай жол битумдарының бағасы 4,7%, қыш тақтайшалар мен тақталардың – 4,5%, цементтің – 3,4%, шағылдың – 2,3%, құмның – 1,3%, қиыршықтастың – 1% өсті.

Әк пен ғаныш 5,9%, бояулар мен эмальдар – 4,2%, құрылыс ертінділері – 2,9%, лактар – 1,3% арзандады, деп жазады Статистика комитеті.

Негізінен, құрылыс-монтаж жұмыстары былтырғы қараша айынан бері тұрақты арзандап келе жатса, машина мен жабдықтар екінші ай қатарынан қымбаттап келеді, ал өзге де жұмыстар мен шығындар биылғы ақпаннан бері арзандау үстінде.

Жалпы, құрылыстағы баға индексі былтырғы қарашадан бері төмендегенімен, соңғы үш ай өзгеріссіз сақталуда.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу