Саусақ ұшындағы сауда

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4064

Алты банк Apple Pay жүйесіне ауысты.

Саусақ ұшындағы сауда

Apple Pay! Өткен аптада жиі естіген сөзіміз. Қазіргі тілмен "тәпсірлесек", тренд боп тұр. Онда да Қазақстан тұрғындары үшін ғана. Әйтпесе, бұл жүйе батыс елдеріне таңсық емес.

Жасыратыны жоқ, көбіміз Apple Pay-дың не екенін түсінбедік. Ол жайлы жаңалықтарды елеусіз ғана шолып өттік. Қызықпадық. Қазбаламадық. Шынында, Apple Pay деген не? Сіз бен бізге қандай пайдасы бар? Осы тақырыпты індетіп көрген едік.

Бірден айтайық, Apple Pay жүйесі iPhone ұстайтындарға ғана арналған. Оны аты да айтып тұр. Сондай-ақ Apple компаниясының басқа да өнімдерінде, дәлірек iPad, Apple Watch, Mac құрылғыларында қолжетімді.

Apple Pay – төлем жасау қызметі. Төлем Touch ID-ға саусақтың ұшын тигізу арқылы ғана жасалады. Touch ID деп отырғанымыз – iPhone-ның бетіндегі жалғыз батырма.

Мұндай жолмен төлем жасау үшін Apple Pay жүйесіне банктік картаны енгізу керек. Ол үшін Wallet қосымшасын пайдалану қажет болады.

Apple Pay-дың көмегімен дүкендерде, сайттарда, мобильді қосымшаларда төлем жасай аласыз. Қысқасы, әмиянға ақша, банктік карта салып жүрудің қажеті болмай қалады. Үйден шығарда телефонды ұмытпасаңыз болғаны. iPhone-ыңыз телефон ғана емес, әмиянның да қызметін атқарады. 

Мамандардың айтуынша, бұл қызметтің пайдасы көп. Біріншіден, әмияндағы ақша, банктік карталар жоғалып қалады деп алаңдамайсыз. Қауіпсіздік тұрғысынан қолайлы. Екіншіден, сатушының да, сатып алушының да уақыты үнемделеді. Операцияны жасау үшін бірнеше секунд қана керек. Өте ыңғайлы. Үшіншіден, алаяқ сатушылардан арбауына түспейсіз. Артық ақшаны алдым ба, алмадым ба деген күдіктен де арыласыз. Төртіншіден, қаржыңызды оп-оңай басқаруға мүмкіндік туады. "Әмиянымда қанша ақша бар", "картамда қанша теңге жатыр" деп бас қатырмайсыз. Бесіншіден, артық жұмыстан арыласыз. Қағаз толтыру, құжат нөмірін айту секілді шаруалар келмеске кетеді.

Деректерге сүйенсек, әлемнің 31 мемлекеті Apple Pay жүйесін қолданады екен. Қазақстан Apple Pay жүйесіне ауысқан 32-інші ел атанды. Бізге дейін бұл қызмет түрі Аустралия, Бельгия, Канада, Қытай, Франция, Гонконг, Ирландия, Италия, Жапония, Жаңа Зеландия, Ресей, Сингапур, Испания, Швейцария, Тайвань, Ұлыбритания және АҚШ секілді елдердің тұрғындарына ғана қолжетімді еді.

Айтпақшы, Қазақтан Apple Pay жүйесін іске қосқан Орталық Азиядағы алғашқы, ал ТМД елдері аумағында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші мемлекет.

Мынадай қызық бір дерекке де назар аударуға болады. Төлем жүйесіндегі жаңашылдыққа қызықпайтын елдер де бар екен. Мәселен, Германияда Apple Pay жүйесі жұмыс істемейді.

Business Insider зерттеу қызметінің болжамына сүйенсек, дүкендерде мобильді төлем жасау көлемі 2015 жылғы 75 млрд долларлық көрсеткіштен 2020 жылға қарай 503 млрд долларға дейін ұлғаяды екен. Ал Apple Pay-мен жасалатын транзакциялар 500 пайызға көбеяді-мыс. Қазір АҚШ халқының 15 пайызы, Ұлыбританияның 18 пайызы, Аустралияның 27 пайызы мобильді төлем жасауға көшкен.    

Бүгінде Қазақстандағы алты банк осы жүйені қолданып отыр. Олар – ForteBank (Mastercard карталары үшін ғана), Еуразиялық банк (Mastercard), Сбербанк Қазақстан (Visa және Mastercard карталары үшін), ЦентрКредит Банкі (Visa және Mastercard), АТФ Банк (Visa) және Halyk Bank (Visa және Mastercard). Аталған банктер бұл жүйені өткен аптада іске қосты. Бұл Қазақстанның қаржы нарығындағы елеулі оқиға болғаны даусыз.

Жалпы, Apple Pay жүйесін іске қосуға 2014 жылдары "Қазком" банкі талпынып көрген еді. Алайда, оның қандай нәтиже бергені белгісіз. Ал қазір бұл банктің Halyk Bank-пен "некелескенін" жақсы білесіздер. Осы орайда, "Қазақстан Халық банкі" АҚ-ның басқарма мүшесі Нұрлан Жағыпаров мынадай қызықты статистиканы жұрт назарына ұсынды. 2012 жылдың қазан айында Қазақстанда Halyk Bank-і арқылы бар болғаны 45 контактісіз төлем жасалған. Ал 2018 жылдың қазанында банк жүйесі арқылы аталған әдіспен 4,5 млн төлем жүргізілген екен.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу