Саяхат, маркетплейс, аударымдар – азаматтардың барлық шығыны бақылауға алынады

88

2027 жылдан бастап Қазақстанда кірістер мен шығыстарды, қолма-қол ақшаны, банк аударымдарын және әрбір сатып алуды бақылау жаңа ережелерге сәйкес күшейтіледі.

Саяхат, маркетплейс, аударымдар – азаматтардың барлық шығыны бақылауға алынады Фото: ЖИ көмегімен жасалды

"Шытырлаған" ақшаға көшу салықтық тексерістен құтқармайды

Қолма-қол есеп айырысу қазақстандықтардың шығысын салықшылардан толық жасыруына мүмкіндік бермейді. Егер азаматтың ресми табысы оның шығынына және өмір сүру деңгейіне сәйкес келмесе (кедей кедейше, бай байша өмір сүреді), онда қаражаттың қайдан келгенін құзырлы органдар алдында түсіндіру талап етілуі мүмкін.

Бұл туралы Салық альянсының мүшесі, салық кеңесшісі Инзиля Галимова "Дневной формат" бағдарламасында мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Маман банк жүйелерінің қолма-қол ақшаны шешіп алуды, шоттарды толықтыруды және ақша аудару операцияларын тегіс тіркейтініне назар аудартты. Қажет болған жағдайда жауапты құрылымдар әрбір адамның жасаған операцияларының ретін қалпына келтіріп, ақшаның қалай қозғалғанын және оған кімнің иелік еткенін анықтай алады.

"Электронды ғана емес, қолма-қол ақшаның қозғалысын да бақылауға мүмкіндік сол. Өйткені біреу ақшаны банктен шешіп алады, екіншісіне береді. Ол өз кезегінде ақшаны жұмсайды. Мұның бәрі тіркелуі мүмкін. Оның үстіне банк жүйелерінде де, банктік жабдықтарда да Face ID технологиясы тұр. Банкоматтан қолма-қол ақша алған кезде бұл операцияның тіркелетінін түсінуіңіз керек. Ал, әрбір банкноттың төл, жеке сериялық нөмірі бар", – деді Галимова.

Ол қылмыстық істер бойынша кеңес берген кезде шоттарға ақша аударуды және қаражаттың қозғалысын көрсететін банк көшірмелерімен жұмыс істеуге тура келгенін алға тартты.

"Адамдар "салықшылар білмесін" деп, қолма-қол ақшаға көшіп жатыр. Бірақ бұл әрдайым құтқара бермейді: шығындарыңыз да із қалдырады. Егер ақша шашып, салтанатты өмір сүріп, қымбат заттарды пайдалансаңыз, мұның бәрін өзара салыстырады", – деді маман.

Мұны "жанама бақылау" деп атайды: онда салық органдары азаматтардың ресми кірістерін нақты шығыстарымен салыстыра алады. Бұрын инспекторлар көп уақыт жұмсайтын бұл күрделі талдамалық жұмысты енді жасанды интеллект әп-сәтте жасап береді.

"Егер сіз сонша шығынға ақшаны қайдан тапқаныңызды тиісті түсіндіре  алмасаңыз, табыстың қайдан пайда болғанын дәлелдей алмасаңыз, онда салық төлеуден басқа амал қалмайды", – деді Галимова.

Қазақстанда әр азаматтың цифрлық досьесі түзіліп жатыр

Қаржы министрлігі азаматтардың халықаралық әуе сапарлары туралы мәліметтерді салықтық және кедендік әкімшілендірудің талдамалық жүйелеріне біріктіріп жатыр. Ведомство өкілінің байламынша, мұндағы мақсат – адамдарды аңдып, жеке өмірін бақылау емес. Жиналған ақпарат салықтық және кедендік міндеттерді орындау үшін керек.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов министрлік салықтық, кедендік әкімшілендіру аясында қажетті ақпаратты ғана беретінін жеткізді.

Азаматтардың шетелге сапарға қаншалықты жиі шығатыны және қандай көлемде жүк әкелетіні туралы мәліметтер оны қосымша тексерудің қажет не қажет емесін анықтауға көмектеседі екен.

Ведомство мұндай тәжірибе Дүниежүзілік сауда ұйымы, Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының халықаралық стандарттарына сәйкес келетінін алға тартты.

"Қаржы министрлігі азаматтардың сапар жиілігі мен алып жүретін жүгінің көлемін автоматты түрде тексеретін интеллектуалды жүйені енгізіп жатыр. Бұл әуежайлардағы тексеру тәртібін өзгертіп, жолаушыларды артық әуре-сарсаңнан арылту үшін қажет. Бұрын әуежайдағы кеден қызметкерлері кез келген адамды кездейсоқ таңдап, тексеру үшін тоқтата алатын. Енді бұл тәжірибеден бас тартып жатыр. Компьютерлік жүйе инспекторларға нақты кімді тексеру керектігін өзі көрсетеді", – деп хабарлады Uchet.kz.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың түсіндіруінше, жолаушыны тексеруге негіз болатын нәрсе – тәуекелдің нақты нышандары. Мәселен, ол әуежайда немесе шекара бекетінде тым ауыр чемодан сүйреп жүрсе немесе қымбат тауар сатып алу үшін шетелге жиі сапарлайтыны анықталса, ол кеден қызметкерлерінің назарын аударуы мүмкін.

Ведомствоның ұстанымынша, цифрлық жүйе адам факторын азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, кедендік бақылауды ЖИ көмегімен деректерді талдау негізінде жүргізуге мүмкіндік береді.

Алайда цифрлық база тек сапарлар туралы ақпаратпен шектелмейді. Ол азаматтардың отбасылық жағдайынан бастап, сатып алулары мен еңбек қызметіне дейінгі әртүрлі мәліметтерді біріктіреді. Вице-министр жүйенің азаматтардың өмірі туралы қаншалықты егжей-тегжейлі ақпаратты тауып бере алатынын мысалмен көрсетті.

"Адамның соңғы рет қайда ұшқанын, қашан сапарға шыққанын, қолында жүгі болған-болмағанын, кіммен бірге ұшқанын көруге болады. Мұндай деректердің бәрі бізде бар. Кассалық чектері туралы да, адамның қай жерде және қашан жұмыс істегені туралы да ақпарат көрінеді. Осы арқылы әрбір қазақстандықтың кірістерін, жұмысын, отбасын қамтитын толық досье қалыптасады. Одан да тереңірек қарауға болады: күйеуі, әйелі мен балалары үшін жеке карточкалар ашылады. Қазақстандағы әрбір адамға осындай электрондық досье жасалған", – деді Біржанов.

Осылайша, интеллектуалды талдау жүйесі шенеуніктерге азаматтардың қандай жұмыс істейтіні, тапқан табысы, сатып алулары мен жасаған сапарлары туралы деректерді өзара салыстыруға мүмкіндік береді.

Банктер, маркетплейстер мен сервистер адамның жасырын бизнесін әшкерелейді

Салық кодексіне енгізілетін түзетулер жобасы салық органдарының ақпарат алатын дереккөздерінің өрісін кеңейтуді көздейді. Кәсіпкерлік қызмет туралы мәліметтер банктерден, төлем ұйымдарынан, интернет-платформалардан, маркетплейстерден, навигациялық және картографиялық цифрлық сервистерден алынатын болады.

Өзгерістердің бірі салық берешегі бар тұлғалардың банк ақпаратына қол жеткізу тәртібіне қатысты. Бүгінде салықшылардың шоттар, олардағы ақша қалдығы мен қаражат қозғалысы туралы мәлімет сұрата алатын шегі 2 500 АЕК-ке, яғни, 10,8 млн теңгеге тең. Оны енді 45 АЕК-ке, яғни 194,6 мың теңгеге дейін (55 еседен астам) төмендету ұсынылып отыр.

Бұл норма берешегі туындағаннан кейін екі ай ішінде қарызын өтемеген жеке кәсіпкерлерге, заңды тұлғаларға және олардың құрылымдық бөлімшелеріне қатысты қолданылады.

Сонымен қатар банктер арнайы салық режимін қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтардың шот ашқаны және жапқаны туралы да ақпарат беруге міндеттеледі.

Бұдан бөлек, банкаралық жүйе арқылы төлем карталары мен мобильді төлемдерді қабылдайтын жабдықтар көмегімен ағымдағы шоттарға түскен төлемдердің жиынтық сомалары туралы мәліметтерді беру қарастырылған. Осы түзетулердің басым бөлігін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу ұсынылып отыр.

Туысқаннан картаға түскен ақша табыс ретінде есептеле ме?

Деректер алмасу ауқымының кеңеюі "азаматтар арасындағы әрбір ақша аударымы автоматты түрде салық салынатын табысқа айналады" дегенді білдірмейді. Отбасының әл-ауқатын бағалау және салықтық бақылау кезінде қаражаттың қандай мақсатта аударылғаны, отбасының құрамы және төлемдердің қаншалықты жиі жасалатыны ескеріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықбаев бұл қағиданы былай түсіндірді: егер ақша бір отбасы мүшесінен екіншісіне аударылса, бір сома бірнеше рет жаңа табыс ретінде есептелмейді.

"Мысалы, мен жалақымды өз картама алдым делік. Одан кейін әйеліме аудардым, ал, әйелім балама жіберді. Біз бір үй шаруашылығына жатамыз. Арамыздағы мұндай аударымдар есепке алынбайды. Мұнда бір ғана кіріс бар – әкенің, яғни, менің жалақым", – деді Жазықбаев.

Алайда бөлек тұратын туыстардан келетін ақша басқа тәртіппен бағаланып, тексеруге негіз болуы да ғажап емес. Дегенмен туыстар мысалы, тойға, туған күнге деп, бір рет қана қомақты сома аударса, бұл оны отбасының тұрақты табысы деп автоматты түрде тануға жеткіліксіз.

"Бұл әлдеқайда күрделі мәселе. Бір рет сыйға берілген ақшаның көлемі бүгін көп болғанымен, ертең жоқ болса, онда оны тұрақты кіріс ретінде есептей алмайды. Мұндай жағдайда 12 ай ішіндегі түсімдер ескеріледі және олар тұрақты сипатта болуы керек", – деп нықтады вице-министр.

Осы орайда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде отбасының мұқтаждық деңгейі ескеріле бастайды. Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік ақпараттық жүйелердің 30-дан астамынан мәлімет жинақтап, әр отбасының санатын ай сайын анықтайды.

Қаржы министрлігінің мамандары ерлі-зайыптылар арасындағы ақша аударымдарын жеке түсіндірді.

ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынованың мәліметінше, отбасының күнделікті тұрмыстық қажеттіліктеріне арналған аударымдар өздігінен жасырын кәсіпкерлік қызметтің белгісі болып саналмайды. Бұл ипотеканы, балабақшаны және күнделікті шығындарды төлеу үшін адамның өз жалақысын, басқа табысын жұбайына тұрақты түрде аударып отыратын жағдайларға да қатысты.

Оның сөзінше, аударым сомасы шешуші өлшем емес: ерлі-зайыптылар бір-біріне 1 млн теңге де, 10 млн теңге де аудара алады. Мұндай операциялардың тұрақты түрде жасалуы да өз алдына тексеруге негіз болмайды.

Мобильді аударымдарды талдау кезінде басты назар ақша жіберушілердің санына аударылады. Мысалы, бір адамның шотына 100 түрлі адамнан үш ай бойы ақша түсуі күмән тудыратын белгі. Ол адам жасырын бизнеспен айналысып жүр деп танылуы мүмкін.

Жаңа тәсілдердің барлығы банктік операциялар, кәсіпкерлік қызмет, кірістер мен шығыстар, сондай-ақ үй шаруашылықтары туралы мәліметтерді өзара тығыз байланыстырып талдауға бағытталған.

Алайда әр ведомствоның бақылау критерийлері мен мақсаттары әртүрлі. Бір жағдайда мақсат – декларацияланбаған табысты анықтау, екінші жағдайда – кәсіпкерлік қызметтен түскен қаражатты тексеру, басқасында – азаматтың әлеуметтік қолдауға мұқтаждығын анықтау мақсат етіледі.

Сондықтан ресми кірістер мен нақты шығыстар арасында елеулі алшақтық болса немесе қаражаттың сипаты күмән туғызса, құзырлы органдар азаматтан қосымша түсініктеме талап етуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу