Саян Данияр: Ең бастысы – "Барыста" қалу

1843

Нағыз спорттық емтихан: Құрлықтық Хоккей Лигасының дәрежесінде ойнай алатыныңды дәлелдеу, легионерлермен тең дәрежеде ойнау және командаға пайдаңды тигізу.

Саян Данияр: Ең бастысы – "Барыста" қалу

Саян Даниярды ел тәуелсіздігін алғалы бергі Қазақстан хоккейіндегі жас тәрбиеленушілер санатына жатқызуға болады. Еліміздің ең талантты хоккейшілерінің бірі "Снежные Барсы" жастар командасынан Нұр-Сұлтанның "Барыс" командасына ауысқан. Оның алдында нағыз спорттық емтихан тұр - Құрлықтық Хоккей Лигасының дәрежесінде ойнай алатынын дәлелдеу, мұхиттың ар жағынан келген легионерлермен тең дәрежеде ойнау және "Барыс" командасына өз пайдасын тигізу.

- Саян, хоккеймен неше жастан бастап айналыса бастадың?

- Хоккеймен бес-алты жасымнан бастап айналыса бастадым. Өзімнен бір жас үлкен балалармен жаттығатынмын. Ал, жалпы коньки тебуді шамамен үш жасымда ағаммен бірге (Cамат Данияр - "Барыс" ХК қорғаушысы) тебуді үйрендім. Хоккей секциясына 1998-1999 жылы туылған балаларды ала бастады. Кейіннен жасөспірімдер хоккей лигасында біраз уақыт ойнап, жасөспірімдер арасында өтетін Әлем чемпионатына дайындалу үшін Өскеменнің "Торпедо" командасында ойнадым.

- Қазіргі уақыт жайлы айтар болсақ. Мамыр айында "Барыс" саған екі жылға арналған келісім-шарт ұсынды. Қазір аталған клубтың ойыншысысың. Сен үшін бұл клубта ойнау қаншалықты маңызды?

- Менің ойымша  әрбір ойыншыға Әлемнің ең мықты Лигасында өз елінің намысын қорғап жүрген клубта ойнау үлкен мақтаныш. Сонымен қатар тек клубтың ғана емес, өз еліңнің намысын да қорғайтыныңды ұмытпау керек. Осы клубтың ойыншысы деген атқа лайықты болу үшін әлі де болса жұмыс істеу қажет, ылғи жаттығып, өзіңнің мықты екеніңді дәлелдеуің керек. Клубқа ауысуым мен үшін алға жасалған үлкен қадам болды.  

- "Барыстың" бас бапкері  Юрий Михайлис сені жақсы біледі. Жоғарғы Хоккей Лигасында Михайлистің жетекшілігімен "Номад" сапында бір жыл ойнадың. Енді оның клубқа бапкер болып тағайындалғаны сенің айдынға жиі шығуыңа әсер ете ме?

- Юрий Владимирұлын "Номадта" ойнағаннан ғана емес, одан бұрын клуб жастар лигасында Қазақстан чемпионатына қатысып жүргенде танитынмын. Бұл біздің қазақстандық маман. Өзінің сұхбатында айтқандай, ол әрдайым жас ойыншыларға өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Сондықтан сенімді ақтау үшін айдынға шығып, ойынмен дәлелдеу керек.

- "Барыс" пен "Номадтың" жаттығу жүйесі бірдей ме ?

- Жалпы бір жүйе. Біз бұрын да "Барстың" жаттығуына қарай дайындалатынбыз. Негізі ешқайндай айырмашылық жоқ.  
- Былтыр Жоғарғы Хоккей Лигасында маусым қорытындысы бойынша сен "Номадта" 53 кездесу өткізіп, 21 ұпаймен көшбасшылардың бірі атандың. Өткен маусым сенің спорттық мансабыңдағы сәтті маусымдардың бірі болды деп есептейсің бе?

- Иә. Егер маусым бойынша айтар болсақ біз алға бір қадам жылжыдық. Ойындардың барлығын өзімізде өткіздік. Бапкер Юрий Владимирұлына сенім білдіргені үшін алғысымды білдіремін. Ал биылғы маусым жайлы айтар болсам, орталық шабуылшылар үшін сәтсіз маусым болды. Себебі көптеген жігіттер жарақат алды. Жаттықтырушылар маған сенім артты. Мен де барынша ұпай жинауға тырыстым. Команданың көшбасшысы Талғат Жайлауовпен бірге ойнадым. Ол маған ылғи да көмек беретін. Шайбаның көбін Талғаттың көмегімен соқтым десем де болады.

- Сен Қазақстанның жастар құрамасының капитанысың. Былтыр Канадада элиталы дивизионда команданы сақтап қалдыңдар. Сол уақытта көптеген канадалық жанкүйерлер команданы сақтап қалу үшін Данияны жеңіп, топтық кезеңде Қазақстан құрамасының ұтылғанына қарамастан команданы жақсы көріп қалғаны таңқалдырды.  

- Канадаға барған сапарымыз тек элиталы дивизионда команданы сақтап қалғанымызбен емес, көптеген жергілікті жанкүйерлердің бізді қолдауымен ерекше есте қалды. Ірі есеппен ұтылып, аутсайдер болғагнымызға қарамастан біз берілмей, соңына дейін ойнадық. Мұның басты себебі де сол болар. Біз бір команда болдық, өзімізді көрсеттік.

- Саян, жаттығуларыңыз жайлы айтсаңыз? Жаңа маусымға дайындық қалай жүруде?

- 1-2 шілде күндері біз медициналық тексерістен өтуіміз керек болатын. Карантин уақыты ұзартылғандықтан, барлығы кейінге шегерілді. Жалпы әрбір ойыншы өз бетінше дайындалуда. Бізді наурыз ацында таратып жібергеннен кейін жаттығу жиындары болған жоқ. Себебі спорт кешендері жабық болды. Хоккей лагерьі болды. Біз Мичуринода небәрі төрт күн жаттықтық. Кейін  "Алау" спорт кешенінде екі күн дайындалдық. Содан соң қайта карантин енгізіліп, қазіргі таңда үйде жаттығуға мәжбүрміз.

- "Барысқа" ауысқалы жалақың өзгерді ме?

- Жоқ, өзгермеді деуге болады. Жалпы келісім-шарт бойынша жалақымның қанша екенін айтуға менің құқығым жоқ.(Күледі.)

- Қазір жасың жиырмада. Соған қарамастан сен белгілі бір табысы бар толықтай тәуелсіз адамсың. Жас кезіңде көптеген қызық дүниелерден бойыңды қалай алшақ ұстайсың?

- Ең бастысы жүрген ортаң жақсы болуы керек. Менің жүрген ортам ешқашан өзгермейді және бір жаққа қыдыруға барсақ тек бауырларыммен және таныс достарыммен ғана барамын. Жалпы отбасыммен бірге қыдырған көбірек ұнайды.

- Жаңа маусымнан не күтесің?

- Ең бастысы – "Барыста" қалу. Себебі барлығы өзін көрсетуге тырысады. Өз бетіңмен жұмыс жасасаң, сонда ғана бәрі де нәтижелі болады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Ермұхамед Мәулен

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу