"Сбербанк" АҚ ЕБ жергілікті кәсіпорындарды қолдауда

4052

Пандемия кезінде Қазақстанның ғана емес, әлемдік экономика да зардап шекті. Осы орайда экономиканың нақты секторына белсенді түрде кредит бере бастаған екінші деңгейдегі банктердің бірі – "Сбербанк" АҚ ЕБ локдаун кезеңінде инвестициялық жобаларды қаржыландыруын үзген жоқ.  

"Сбербанк" АҚ ЕБ жергілікті кәсіпорындарды қолдауда

Нәтижесінде отандық кәсіпкерлер өндіріс көлемін ұлғайтып, экспорттық әлеуетін арттыра алды. Солардың бірі – Түркістан облысында Қарасу ауылдық округінде орналасқан, өңірде қарқынды дамып келе жатқан "Dala Fruit" компаниясы.

"Он жыл бұрын ой-шұңқыр болып жатқан жерді техникамен үш айдай тегістедік. Бетіне тыңайтқыштар сеуіп, бауды дайындадық. Бау-бақша басқа салаларға қарағанда тез өнім мен табыс береді. Соған сай несиені жылдам жабуға болады. "Сбербанк" АҚ ЕБ 5 миллиард теңге көлеміндегі қаржысы көп көмек болды", – деді "Dala Fruit" ЖШС Өндіріс жөніндегі директоры Сапарбек Ержігітов.

Бауда әр қатар арасы – төрт метр, техника жүруіне ыңғайлы. Ал көшеттердің арасы – бір метр. Бір гектарда 2 500 көшет бар. 

Израилдік тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Осы арқылы суды үнемдеуге болады. 16 метр тереңдіктен сорғымен алынған су бассейнге жиналып, қондырғылар арқылы ағаштарға жіберіледі. Сапарбек Ержігітовтің сөзінше, қарқынды баудың жақсы қасиеті – кішкентай жерге өте көп ағаш егуге және одан жоғары өнім алуға болады. Екіншіден, тамшылатып суару жүйесі арқылы тыңайтқыштар мен химикаттарды суға қосып бергенде олар ағаштың нақты өзіне тиеді. Су бүркитін құрылғымен жапырақтарға тыңайтқыштар, қорғайтын химикаттар жіберіледі. Дәстүрлі биік өсетін жеміс ағаштарында ондай мүмкіндік жоқ, өйткені арықпен суарылады. Сапарбек Ержігітов жылдан жылға су азайып жатқанын, әсіресе, биыл өте қатты ыстық болғанын айтады. Бұл өңірге 180 күндей жауын жаумаған. Тамшылатып суарудың арқасында алма жеміс берген.

"Dala Fruit" компаниясы Сбербанк көмегімен жеміс қоймаларын салып, ауыл шаруашылығы кластеріне қызмет көрсететін инфрақұрылым құра алды. DAF, VOLVO, KRONE маркалы магистральдық автопоездардың 81 жиынтығы сатып алынды. 

"Екінші деңгейдегі банктер арасында "Қарапайым заттар экономикасы", "Бизнестің жол картасы-2020, 2025", "Нұрлы жер", БҰҰДБ сияқты кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысушылар арасындағы көшбасшылардың біріміз. Осы бағдарламалар шеңберінде 750 млрд теңгеден астам сомаға 8,5 мыңға жуық жоба мақұлданды, 65 млрд теңгеге "Дамудың" 6 мыңнан астам кепілдігі алынды", – деп атап өтті "Сбербанк" АҚ ЕБ Басқарма төрағасының орынбасары Александр Титов.

Осы жобаларды қаржыландыру арқылы "Dala Fruit" компаниясында Қазақстанда баламасы жоқ газды ортаны қадағалау арқылы 12 айға дейін жеміс-жидекті сақтауға мүмкіндік беретін жеміс сақтау қоймалары салынды. Қойманың ТМД аумағында өнімді жеткізе алатын арнайы автопаркі де бар. 

Қоймада сақтау камераларының бірнеше түрі бар: алдын ала сақтау, газды реттеп сақтау және көкөністер камерасы, -20 градусқа дейін мұздататын камера. Камераларда жалпы 15 мың тоннадан астам жемісті сол күйінде сақтауға болады. Реттелетін газды орта (РГО) камераларында қажет газ жіберіліп, қажет емесі шығарылады. Мұндай қондырғылар Италияда шығарылса, ал компрессорлар Германиядан әкелінген.

"Барлығы 49 РГО сақтау камералары бар, ал салқындату нүктелері одан да көп. Әр сорт жеке камераларда сақталады және өзіндік параметрлері бар. Монитор арқылы бақыланады. Тоңазытқыш белгілі бір температураға жеткенше жұмыс істеп тұрады. Алмадан шығатын этилен газы суырып алынады. Азот генераторымен камераға азот береміз. Азот мөлшерін 97-98% жоғарылатып, камерадағы оттегіні азайтамыз. 1-2% көмірқышқыл газын жібереміз, ылғалдылығын да реттеп отырамыз. Мұның бәрі алма бұзылмай өз қалпында сақталуы үшін жасалады", – дейді "Dala Fruit" бас технологы Еркебұлан Үрүстембеков.

Италияда шығарылған сұрыптау аппаратында алмалар түсі мен көлеміне қарай бөлінеді. Соған сай қораптарда біркелкі алма болады. Шірігендері алынып тасталып, ұрылғандары, майда алмалар шырын жасауға жіберіледі. 

"Алма сұрыптау аппаратына су арқылы түседі, соның арқасында жеміс ұрылмайды. Нарыққа енді шыға бастағанымызда шымкенттіктер жергілікті алма екеніне сенбейтін, "құрттамаған", "ұрылмаған" деп таң қалатын. Оларға сапалы өнім шығаратынымызды көрсеттік. Шырын жасағанда алма жуылып тазаланады. нады. Екінші рет алма шайылып конвейрге түседі. Одан кейін майдаланып туралады. Аппарат арқылы алманың шырыны сығылып, бір бөшкеге үш тоннадай жиналады. Бір тәулік ішінде тұнады. Шырыны пастеризаторға түсіп, 82 градуста қайнатылған соң Шүмегі бар үш литрлік асептикалық қалтаға, 0,7 және 0,33 литрлік шыны бөтелкеге құйылады. Сырты қапталып, қақпағы жабылып дайын өнім болып шығады. Ешқандай қоспа жоқ. Алма сортталды, жуылды, туралды, шырыны сығылып бөшкеге жиналды, содан кейін пастеризатордан өтіп ыдысқа құйылды. Күніне алты тонна шырынды ыдысқа құямыз", – деді "Dala Fruit" бас технологы Еркебұлан Үрүстембеков.

"Dala Fruit" ЖШС Өндіріс жөніндегі директоры Сапарбек Ержігітов шырынға ешқандай концентрат, химикат қосылмайтынын, таза түрінде сығындалып шығарылатынын айтады. Тіпті су қосылмайды.

Компанияның жалпы өндірістік қуаты – жылына 8 000-10 000 тонна алма. Жергілікті жерлерде 500-ден астам адамға жұмыс орны ашылған. Тұрақты екі агроном жұмыс істейді. Штатта 30-ға жуық адам бар. Ал маусымдық алма терімге 150-200 адамдай жұмылдырады. Бүгінгі таңда "Dala Fruit" Қазақстанды және Ресейдің аумағын алмамен, шырынның 13 түрімен және балалар тағамымен қамтамасыз етіп отыр. Енді Орталық Азия мен Қытай нарығына шығуды, шырыннан бөлек алма езбесі мен қағын шығаруды жоспарлап отыр.

"Бұл тәуекелге баратын бизнес, өйткені ауыл шаруашылығы адамның өзіне емес, ауа райына, климатқа тікелей тәуелді. Аптап ыстықта су болмаса, қатты жел болса ешқандай щара жасай алмайсың. Алма оған алма төзе алмауы мүмкін. Қазақстанда сақтандыру мәселесі жолға қойылмаған. Мысалы, Италияда үлкен тоңазытқыштар арқылы шаруаларға қаржы береді. Шаруаларға өнім өсіруге, сақтауға, сатуға қамқоршы болады. Біз де сондай жүйе құрамыз деген ой бар. Сақтайтын қоймамыз, тасымалдайтын көліктеріміз бар. Сбербанк ұсыныстарымызды қолдап, қаржыландыру мәселесін шешіп жатыр. Жылдан жылға көп өнім аламыз", – деп сөзін түйіндеді "Dala Fruit" ЖШС Өндіріс жөніндегі директоры Сапарбек Ержігітов.

2021 жылы "Сбербанк" АҚ ЕБ Қазақстанның қаржы нарығындағы табысты жұмысының 15 жылдығын атап өтеді. Қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстандағы барлық екінші деңгейдегі банктер арасында активтер көлемі бойынша 2-орында тұр. Банк бизнес пен халықты қаржыландыруға белсенді түрде қатысып келеді. Банктің стратегиясы сапалы өнімдер мен клиенттер үшін барынша тиімді шарттар жасауға бағытталған. Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бағдарламасына қатысу бойынша екінші деңгейдегі банктер арасында көшбасшылардың бірі. Басты назар экономиканың шынайы шоғырына, яғни азық-түлік қалдықтарын қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, автомобиль өндірісі және т.б. аударылады


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу