Сбербанк шетелдік валютадағы депозиттерді өзге банктерге шұғыл көшірткізіп жатыр

6022

Клиенттердің дабыл қағуы 90-шы жылдарды еске түсірді. 

Сбербанк шетелдік валютадағы депозиттерді өзге банктерге шұғыл көшірткізіп жатыр Фото: Серікжан Қобыланбаев

"Қазақстандағы Сбербанк өз клиенттерін доллардағы жинағын басқа банктердегі есепшоттарға ауыстыруға мәжбүрлеп жатыр. Әйтпесе, Сбербанк барлық долларды 15 наурыздан кейін теңгеге ауыстырып тастайды екен. Бұл ретте Сбербанк қолма-қол доллар беруді шектеді. Бермей жатыр. Сбербанк Қазақстанның еліміздегі бұл әрекеттері қаншалықты заңды?", – дейді Динара есімді банк клиенті қаржылық реттеушіге шағым хатында.  

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жедел түсініктеме бермеді, тек "жауапты заңнамамен бекітілген мерзім ішінде", яғни 20 жұмыс күні ішінде жолдауға уәде етті.

Ал Сбердің Қазақстандағы еншілес банкі клиенттердің валюталық есепшоттарына қатысты проблема туындауы мүмкін екенін ескертті. Банк менеджерлерінің дерегінше, наурыз айының ортасына дейін шешіп алынбаған немесе теңгеге конвертацияланбаған валюталық депозиттер бұғатталуы мүмкін.

Сондықтан банк өз клиенттеріне валюталық есепшоттарын 14 наурызға дейін не теңгеге ауыстырып алуға немесе доллар күйінде қазақстандық банктерге көшіруге кеңес беріпті.

Бұл жағдай 90-шы жылдарды ойға оралтты. Сонда қаншама қазақстандықтың жинағы КСРО (Ресей) жинақ кассаларында күйіп кеткен болатын. Өз кезегінде Сбербанк төл жарнамаларында және презентацияларында өзінің Ресей жинақ кассаларының мұрагері болып табылатынын мақтан етеді. Ресей жинақ кассаларын орыс императоры І Николай 1841 жылғы 11 қарашадағы жарлығымен құрған. Кеңес одағы оны мұраға алды. Ал Сбербанк 2000 жылдардың басынан бері 12 қарашаны өзінің "туған күні" ретінде атап жүр.

Сонымен бүгін және ертең – Сбер клиенттеріне соңғы мүмкіндік берілетін көрінеді.

"Клиенттер депозитін және есепшотын өзге банктерге аударуға немесе теңгеге конвертациялауға мерзімінде үлгермесе, олардың ақшасы не болады?" деген журналистердің сұрағына жауап қатқан банктің менеджері "осыған өтініш берудің соңғы датасы 14 наурыз болып табылатынын", содан кейін "ол қаражат бұғатталып қалуы мүмкін" екенін жеткізді.

"Санкциялар кесірінен долларды әрі қарай конвертациялау қолжетімсіз болып қалуы мүмкін. Ол қаражатқа қанша уақыт бойы қол жеткізе алмайтынымызды біз білмейміз", – деп жауап қатты банк менеджері.

Оның айтуынша, банк 14 наурызды қоса алғандағы мерзімге дейін Сбердегі шетелдік валютаны теңгеге конвертациялауға немесе оны қазақстандық банктердің біріне ауыстыруға өтінішті қабылдайды. 

"Егер клиент өзінің валюталық есепшотын басқа банкке аударып үлгермесе, оның қаражаттары толық көлемде бізде сақтауда қалады", – деп түсініктеме берді банктің баспасөз қызметі.

Сбербанк Қазақстан өзіне уақытылы жүгінбеген клиенттердің доллардағы жинағын кейін теңгеде бере алатынына сендірді. Бұл ретте берілген күнгі өзекті бағам назарға алынатын көрінеді. 

Дегенмен клиенттер мүмкіндігінше, бүгін-ертең өтініш беріп үлгергені жөн.

Қаржыгер Ерасыл Марат бұл жағдай 90-шы жылдарды еске түсіретінін айтады.

"Ағайынымның 6 мың рубль жинағы болатын. Жалақысы жоғары инженер болып жұмыс істеді. Кеңес өкіметі азаматтарды жинағын "Сберегательный банк СССР"-де сақтауға мәжбүрлейтін, үгіттейтін. Ағайыным ауқатты саналады, себебі осы қаржыға сол кездегі аса қат тауар – "Жигулиді" сатып алуға болатын. Бірақ 80-ші жылдары кезегі келгенімен, "Жигули" жетпей қалды. Әрі қарай күтіп жүргенде, одақ жайрап қалды. Сонда қаншама қазақстандық жылдар бойы жинап-терген қыруар жинағынан айырылды. Рубль сабанға айналды. Әрине, заң тұрғысынан алғанда, қазіргі "Сбер" КСРО жинақ банкінің тікелей мұрагері емес. Тек ұқсас атты алды. Бірақ тарих қайталанғандай сезім қалыптасады", – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, бұл Сбердің банкрот болғанын білдірмейді.

"Қаржылық ұйым теңгеде, рубльде, бәлкім юань секілді өзге валюталарда қызметін жалғастыратын болар. Бірақ долларсыз, еуросыз ол енді еліміздегі ең ірі банктің бірі деген мәртебесін жоғалтуы мүмкін", – дейді Е. Марат.

Осының алдында АҚШ Қаржы министрлігінің санкциялардың орындалуына жауапты бөлімшесі – OFAС америкалық банктерге Сбербанктің және оның еншілес барлық банктерінің корреспонденттік есепшоттарын 26 наурызға дейін толық жабуды жүктеді. Осы күннен бастап, батыстық қаржы ұйымдарына Сбербанк қатысатын транзакцияларды өткізуге тыйым салынады.

Онда неге 14 наурыз таңдап алынған?

Регламентке сәйкес, Қазақстанда банктерге клиенттерінің өтініштерін 7-10 жұмыс күні бойы өңдеуге құқық берілген. Сонымен бірге қазақ елінде 21-23 наурыз күндері Наурыз мейрамы мерекеленетіні мәлім. Ал 19-20 наурыз сенбі және жексенбіге тұспа-тұс келеді. Тиісінше, Ұлыстың ұлы күнінен кейінгі алғашқы жұмыс күні – 24 наурыз болмақ.

Ұлттық банктің дерегінше, 2022 жылғы ақпанда Ресей Сбербанкінің еліміздегі осы аттас еншілес банкі активінің көлемі жөнінен Қазақстанда "Халық банкінен" кейінгі екінші ірі банк саналды.

Сбербанктің активтері бір жыл ішінде бірден 27,5%-ға артып, 2022 жылдың басында 4,2 триллион теңгені құрады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу