SCAT Еуропаға ұшады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2243

Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық авиация агенттігі (EASA) осындай шешім қабылдады.

SCAT Еуропаға  ұшады

"Құрметті қауым, промокодты пайдаланып, өз саяхаттарыңызды тиімді өткізіп жатырсыздар деп ойлаймыз. Ал біз Еуроодақ елдеріне ұшуға рұқсат алғанымызды және EASA сайтында ұшуға рұқсат берілген компаниялар тізіміне кіргенімізді қуана хабарлаймыз. Бұл авиакомпания еуропалық талаптарға сай тексерістен толық өтті деген сөз. Қазір SCATсараптама жасап, жаңа бағдарларды жоспарлауда", – деп хабарлады авиакомпания өзінің "Фейсбуктегі" парақшасында.

Бұл авторизация авиакомпанияның Қазақстаннан Еуроодақ елдеріне тікелей рейс жасауына  мүмкіндік береді. Сондай-ақ Еуропа әуе кеңістігі арқылы ұшатын транзиттік рейстер үшін үлкен әлеует ұсынады.

SCAT авиакомпаниясының департаменттері қазіргі уақытта киленттер үшін ең қызықты бағытты іздестіріп жатқанын айтты. Ал әзірге клиенттерінің ұшқысы келетін Еуропа қалаларын ұсынып отыр.

Бұған дейін "SCAT авиакомпаниясы" АҚ президенті Владимир Денисов авиатасымалдаушы  еуропаның кейбір елдеріне ұшу жоспары бар екенін айтқан болатын.

"Бүгінгі күні Ақтау және Атыраудан Бакуге тұрақты рейс жасап отырмыз. Минералдық суларға ұшатын рейс Ақтаудың орталық әуежайынан ұшып, минералдық суларды  жеті қаламен байланыстырды. Сондықтан жазғы уақытта Астанадағы EXPO-2017 көрмесіне Кавказдан келетін туристерге қолайлы болу үшін осы тікелей қатынасты ашуға шешім қабылдадық. Сондай-ақ елордалықтар, қарағандылықтар, павлодарлықтар үшін Кавказ аумағындағы емделу орындарына баруға үлкен мүмкіндік туып отыр", – деді Владимир Денисов.

Ол Астанадан минералды суларға ұшатын рейстің басталғанын еске салды.

"Таяу арада екінші тасымалдаушыны ашу туралы шешім қабылданып, содан кейін осы жерден Внуково, Жуковский әуежайына ұшу мүмкін болады деп ойлап отырмыз. Бүгінгі күні келіссөздер жүргізіліп, Астана мен Бургас (Болгария) арасында халықаралық қатынас ашылуда. Сондықтан Болгарияға ұшу тұрақты түрде іске асады деп ойлаймыз. Тек аптасына бір рет қана. Сондай-ақ келешекте Астана мен Грецияны, Афинаны байланыстыру ойымыз бар. Бірақ өкінішке қарай, бұл маусымда үлгермейміз. Тек қыста ғана іске қосатын шығармыз. Келешекте Астана Литва Республикасы - Вильнюспен байланысатын болады. Бірақ жалғыз кедергі – бұл  ТСО-ға тіркелу. Әзірге жоспар осындай", – деді Владимир Денисов.

Еске салар болсақ,13 маусым күні ҚР инвестиция және даму министрлігінің баспасөз-қызметі ұшу қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық авиация агенттігі (EASA) қазақстандық Prime Aviation и Kaz Air Jet авиакомпанияларының Еуропаға ұшуына рұқсат бергенін хабарлаған еді.

PrimeAviation АҚ осы жылдың 1 маусымында EASA-дан барлық қажетті рәсімдерден өтіп, еуропалық стандарттарға сай болуы керектігі  туралы жазбаша рұқсат алды. Ал Kaz Air Jet АҚ мұндай рұқсатты 12 маусым күні алды.

SCAT авиакомпаниясы ТСО-ға тіркелу үшін алғаш рет 2015 жылдың 25 мамырында өтінім жасаған. Қазақстандық авиакомпаниялардың Еуропаға ұшуына шектеу қоюды ресми түрде алып тастағаннан кейін былтырғы жылдың соңында содан кейін осы жылдың 11 сәуірінде SCAT авиакомпаниясының және EASA өкілдерінің техникалық-кеңес беру кездесуі өтті. EASA сараптама нәтижесі бойынша SCAT авиакомпаниясына бірқатар ескерту жасады. Авиакомпания  ескертулерді жойды. 13  маусым күні отандық үш авиакомпания EASA-ның  TCO тіркеуінен табысты өтті. Олардың қатарында Air Astana, Prime Aviation және Kaz Air Jet акционерлік қоғамы бар.

Еуропалық комиссия 2016 жылдың 7 желтоқсанында ЕО-ның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі тізімін жаңартып, ол тізімнен барлық қазақстандық авиакомпанияларды шығарып тастаған. 2009 жылы ICAO тексерісінен кейін қазақстандық 59 авиакомпания Еуроодақтың "қара тізіміне" кірген. 2015 жылдың желтоқсанында Еурокомиссия тізімді жаңартып, ол тізімнен Air Astana авикомпаниясын шығарып тастады.

PrimeAviationАҚ 2005 жылы құрылған, VIP қызмет түрін көрсетіп, бизнес-авиатасымал жасайды. KAZ AIR JET АҚ 2007 жылы құрылып, чартерлік және жеке авиарейс атқарады.  

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу