Сегіз саңлағымыз Азия чемпионатының жартылай финалында

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2968

Ташкент шаршы алаңында өтіп жатқан "Сарықұрлық" біріншілігінің жартылай финалына сегіз боксшымыз шықты.

Сегіз саңлағымыз Азия чемпионатының жартылай финалында Фото: kfb.kz

ХХІХ Азия чемпионатының көмбесі де көріне бастады. Қазақтың қайыс қолғапты қырандарының сегізі жартылай финалға шықты. Ширек финалда екеуі ғана қатардан шығып қалды. Қалғандары сенімді ақтап, жүлдеге ілікті. Осы сегізінің қайсысы қандай жүлде алатындығын алдағы күндері білетін боламыз.

Ширек финалда бағы жанбағандар

49 келі: Жомарт Ержан Рио Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері, өзбек халқының бүгінгі жарық жұлдызы Хасанбой Дусматовпен кездесіп, жеңіліске ұшырады. Өз жерінде өнер көрсеткен Дусматов өте ширақ қимылдады. Тәжірибесі де мол. Біздің Жомарт кейде қорғанысты да ұмытып, жаза басты. Өкінішті, рингте төбелескен емес, сауатты тактика қолданған жеңеді ғой...

60 келі: Әділет Құрметов жарақаттанып қалып, ширек финалдағы жекпе-жегін жалғастыра алмады. Осы салмақтың үздігі болып саналатын Моңғолия майталманы Отдонгалай Доржнямбуумен кездесіп, бағы жанбады. Екінші раундта қабағы жарылып, дәрігерлер жекпе-жекті жалғастыруына рұқсат бермеді. Қарсыласы да қолды-аяққа тұрмайтын ширақ екен. Оңды-солды соққыны жаудырды...

Жартылай финалға шыққандар

52 келі: Азамат Исақұлов Малайзия боксшысы Абдул Салам Касимнен басым түсті. Тактикалық тұрғыда басым болды. Сөз жоқ, үстемдік танытты. Қарсыласының соққыларынан жалт беріп, өзіне тигізбеуге тырысты.

56 келі: Қайрат Ералиев ширек финалда рингке боксшыларымыздың бәрінен бұрын шығып, бірінші болып жартылай финал жолдамасын жеңіп алды. Жапон жігіті Риомей Танака да осал емес екен. Бірақ Қайрат мол тәжірибесінің арқасында айласын асыра білді.

64 келі: Бекдәулет Ибрагимов өзінен денелі Шри-Ланка жігіті Душан Сапарамадуды айқын басымдықпен ұтты. Солақай, қимылы шалт, жылпың жігіт. Бауырдан да, бастан да ұрады. Тек, қарсыласының деңгейін біліп, арқаны кеңге салғаны ма, қорғанысқа көп көңіл бөлмеді.

69 келі: Абылайхан Жүсіпов осы салмақтағы ең үздік боксшылардың бірі, Қытай қыраны Вей Люді үйіне ерте “қайтарды”. 20 жастағы Абылайхан да – солақай. Соққылары нық. Діттеген жеріне дәл тигізуге тырысады. Люді күмәнсіз жеңді. Бірақ Қытай жігітінің жаны сірі екен. Жүсіповтің жойқын соққыларына да, жоғары қарқынына да төтеп беруге тырысты.
75 келі: Әбілхан Аманқұл жарады. Сирия саңлағы Абдул Аззизді бірінші раундта-ақ үш рет нокдаунға түсірді. Бет-ауызын қан-жоса қылды. 20-ға әлі толмаған жас талантымыз қарсыласын екі минуттың ішінде үш мәрте есінен тандырып, тәлтіректетті. Төрешіге жекпе-жекті тоқтатқаннан басқа амал қалмады.

81 келі: Ерік Әлжанов өзінен әлдеқайда ірі Пәкістан алыбы Авайс Али Ханнан басым түсті. Ерік 75 келіде өнер көрсетіп жүрген жігіт. Бұл салмақтағы тарланбоздарымыз Әділбек Ниязымбетов пен Жәнібек Әлімханұлы Ташкентке бара алмады. Олардың орнына алынған Әлжанов әзірше өзінен әлдеқайда ауыр боксшыларды шықпыртып жүр.

91 келі: Василий Левит – шаршы алаңда әбден шыңдалған тәжірибелі боксшы. "Өзбекстан" спорт кешенін басына көтерген жергілікті жанкүйерлер алдында бірінші болып өзбек боксшысын жеңді. Санжар Турсунов соққысы өтпейтін болған соң, Левитке атылып, алысып-жұлысып жүріп жеңіске жетпек болды. Бірақ ол қалай құшақтап алуға тырысса да, Вася қапысын тауып, пәрменді соққыларын діттеген жеріне дөп тигізіп отырды.

+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев қарсыласын сұлатып салмаса да, біраз тәлтіректетеді ғой деп сарыла күткенбіз. Бірақ бүгін Қамшыбек үнді үміті Сатиш Кумармен үш раунд жұдырықтасты. Жекпе-жектің аяғына қарай қарсыласы құшақтап алып, уақыт “өлтіруге” тырысты. Әйтсе де, қазақтың күрзі жұдырықты нар жігіті оны бірнеше рет тоқ соққандай дір еткізді. Күмәнсіз жеңді.

Ширек финалдың техникалық нәтижелері

49 келі: Жомарт Ержан – Хасанбой Дусматов (Өзбекстан) – 0:5

60 келі: Әділет Құрметов – Отдонгалай Доржнямбуу (Моңғолия) – 1:4

52 келі: Азамат Исақұлов – Абдул Салам Касим (Малайзия) – 5:0
56 келі: Қайрат Ералиев – Риомей Танака (Жапония) – 4:0

64 келі: Бекдәулет Ибрагимов – Душан Сапарамаду (Шри-Ланка) – 5:0
69 келі: Абылайхан Жүсіпов – Вей Лю (Қытай) – 5:0

75 келі: Әбілхан Аманқұл – Абдул Аззиз (Сирия) – RSC 1
81 келі: Ерік Әлжанов – Авайс Али Хан (Пәкістан) – 5:0

91 келі: Василий Левит – Санжар Турсунов (Өзбекстан) – 5:0
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Сатиш Кумар (Үндістан) – 5:0

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу