Әлемнің ең үздік жаужүрек жігіттерін, аралас жекпе-жек өнерінің теңдессіз майталмандарын жинаған UFC (Ultimate Fighting Championship) Прагада та бір кеш өткзді. "UFC Fight Night 145" айдарымен өткен бұл кеште октагона Орынбор қазағы Дамир Исмагулов та шықты.
Ол Прага сегізбұрышында Испания мақтанышы Хоэль Альвареспен (15-1) кездесті. Аралас жекпе-жек өнерінде тұншықтыру әдісімен ерекше көзге түсіп, "Феномен" атанған испан жігіті Батыс Еуропаның жеңіл салмақтағы ең үздік спортшыларының бірі болатын.
Алайда үш раундық жекпе-жекте Дамир басымдық танытты. Ол ұстараның жүзіндей лыпылдап, өте ширақ қимылдады. Қарсыласының қолдары ұзын болса да, соққыларын дәл тигізіп, бет-аузын қанатты. Өзіне көп соққы тигізген жоқ. Қысқасы, күмәнсіз жеңді. Үш төреші де жеңісті 30:27 есебімен қазақ жігітіне берді.
Сөйтіп, Дамир мәртебесі зор UFC октагонында екінші рет жеңіске жетті. Естеріңізде болар, алғаш рет 1 желтоқсан күні Австралияның Аделаида қаласында өткен "UFC Fight Night 142" кешінде жергілікті Алекс Горджестен басым түскен болатын. Ол енді деңгейі жоғары, әйгілі спортшылармен кездесуді мақсат тұтып жүр.
Маруан Түсіп