Сексен жылдан кейін табылған қазақ жауынгерінің сүйегі үйіне жеткізіледі

1084

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан сарбаздың соғысқан жерін украиналық іздеушілер кездейсоқ тапқан. 

Сексен жылдан кейін табылған қазақ жауынгерінің сүйегі үйіне жеткізіледі

Қайыржан Тікшекеев Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлер қатарында деп саналып келген. Дегенмен биылғы жылдың наурыз айында оның қаза болған жерін Украинаның "Вертикаль" атты іздеу бөлімі тапқан.

Украиналық іздеушілердің айтуынша, наурыз айында Киев облысы Макаров ауданында иен далада қазба жұмысымен айналысып жүрген адамдар соғыс кезінен қалып қойған жауынгерлердің мүрделерін кездейсоқ тапқан.

"Табылған адамдардың бірі қазақ болып шықты. Жауынгердің жеке сәйкестендіру белгісіне сараптама жасадық. Нәтижесінде сарбаздың Қайыржан Тікшекеев екені нақтыланды. Жауынгерлердің сүйектері табылған жер егістік алқабы. Онда қазір жүгері өсіп тұр. Ол жер бауырластар зираты емес, Киев қаласын қорғау үшін болған ұрыс даласы. Марат Тікшекеевпен Facebook арқылы хабарластық. Одан кейін Қазақстан елшілігі бізбен байланысқа шығып, жауынгердің сүйегін Қазақстанның әскери атташесіне бердік", –  деді Украинаның "Вертикаль" іздеу бөлімінің өкілі.

Украина майданында қаза тапқан жауынгердің немересі Марат Тікшекеев атасы Қайыржан Тікшекеевті әжесі де, әкесі де өмір бойы іздегенін айтты.

"Атамызды іздегенімізге сексен жылға жуық уақыт болды. Ол 1941 жылы ақпан айында Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Дәуқара ауылынан әскер қатарына алынды. Соғыс басталған кезде ұрыс даласына жөнелтіледі. Қайыржан атамызды әжеміз өмір бойы іздеді. Туыстарымыз Мәскеуге де барды. Одан кейін әкем 2004 жылы марқұм болғанша іздеді. Оның аманаты маған қалды. Өте көп іздедік. Міне енді атамызды таптық. Украинадағы іздеуші топқа, "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігіне және басқа да көмектескендерге алғысымды білдіремін", –  деді жауынгердің немересі.

"Atamnyn Amanaty" ҚҚ өкілі Райгүл Мұшанованың айтуынша сарбаздың сүйегі жақында туған жеріне жеткізіліп, туыстарына табысталады.

"10 қазанға дейін Қайыржан Тікшекеевтің сүйегі әскери ұшақпен жеткізіледі. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен, қорғаныс департаментімен және сарбаздың туған-туыстармен келісе отырып, Қайыржан Тікшекеев туған ауылы Дәуқарада жерлеу рәсімін өткіземіз", –  деді хабар-ошарсыз кеткен сарбаздарды іздеумен айналысатын қоғамдық қордың өкілі Райхан Мұшанова.

Нұржан Көшкін


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу