Республика көлемінде сексеуіл ағашы бөліктерін заңсыз тасымалдау, иемдену деректері азаймай отыр. Мысалы, Қызылорда облысында заңсыз сексеуіл ағашы бөліктерін тасымалдаудың 20 дерегі анықталған.
Десе де, мамандардың айтуынша, "Арал теңізінің құрғаған табанында орманды алқаптарды 1,1 млн гектарға жеткізу" атты Президент тапсырмасы облыста жақсы орындалып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
160-қа жуық тұқымбақ бар
Сексеуіл – құмды, сазды жерлерде өсетін, шөлге өте төзімді, ерекше өсімдік. Сексеуіл қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтап тұруда ерекше маңызға ие. Ол дүлей соққан желден құм көшін тоқтатады. Мамандар сексеуілдің бір ағашының тамыры 4 тонна құмды көшірмей ұстап тұратынын айтады. Сондай-ақ сексеуілді қорғаныш ететін жан-жануарлар мен жәндіктер өте көп. Ең бастысы, Арал теңізі табанынан ұшатын тұзға да тосқауыл болатыны дәлелденіп отыр.
Сыр өңірінде орманды молықтыру және көгалдандыру жұмыстарына қажетті сексеуіл мен өзге ағаш көшеттерін өсіретін 158 гектар уақытша орман тұқымбағы бар.
Жақында ғана Қызылорда облысы, Қазалы қаласындағы орман шаруашылығы мекемесінің жанынан экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында сексеуіл өсімдігін егетін тұрақты тұқым бағы бөлімшесінің қазығы қағылды.
Мекеме жұмысын бастағаннан кейін бүкіләлемдік банктің қолдауымен Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы құм, тұз көшкінін тоқтату мақсатында аумағы 33,5 гектар жерге сексеуіл көшеттерін егумен айналысатын болады. Бүгінде мекемеге қажетті арнайы техникалар алынған.
"Мемлекеттік орман қоры жерлеріндегі сексеуіл екпелерін қорғау – мемлекеттік орман иеленушілердің міндеттері. Сондай-ақ, сексеуіл екпелерін сақтап қалу мақсатында, мемлекет басшысының "Арал теңізінің құрғаған табанында орманды алқаптарды 1,1 млн гектар жеткізу" тапсырмасына орай, 2023 жылдың көктем айында жалпы көлемі 64 858 гектар жерге орман мелиорациялық шаралар жүргізілді. Алдағы күз айларында осы жұмыстар жалғасын тауып, АТҚТ-ында галафиттік өсімдіктер тұқымы себіліп, орманның табиғи өсуіне жәрдемдесу шаралары жүргізілетін болады. Облыстың қорғаныштық ормандары болып есептелетін сексеуіл екпелерін бірлесіп, ел болып қорғауға және сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне жол бермеуге шақырамыз", – дейді Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Тәңірберген Таймбетов.
Сексеуіл ағаштарын заңсыз кесудің деректері кездеседі
Еліміздегі мемлекеттік орман қорының 6,2 млн гектар жерін сексеуіл алқаптары алып жатыр, оның ішінде 3,7 млн гектар Қызылорда облысының мемлекеттік орман қоры жерлеріне тиесілі екен.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының "Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл екпелерінде ағаш кесуге тыйым салу туралы" 2015 жылғы 13 тамыздағы №211 бұйрығы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынғанымен, қазіргі таңда да сексеуіл ағаштарын заңсыз кесудің деректері кездеседі.
Биылғы жылы сексеуіл ағаштарын заңсыз кескен 1 азамат анықталып, орман қорына келтірілген 27,6 мың теңге залал өндіріліп алынды. Сот шешімімен кінәлі азаматқа ҚР ӘҚБтК-інің 381-1-бабы 2-бөлігімен 241 мың теңге айыппұл салынған.
Сонымен қатар, сексеуіл ағашы бөліктерін заңсыз тасымалдау, иемдену деректері де азаймай отыр.
Осы жылдың 8 айында заңсыз сексеуіл ағашы бөліктерін тасымалдаудың 20 дерегі анықталды. Заңдылық бұзушыларға ҚР ӘҚБтК-інің 389-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, әкімшілік шара көру үшін сотқа жолданған. Сот шешімімен заңдылық бұзушылар кінәлі ден танылып, ҚР ӘҚБтК-інің 389-бабымен әкімшілік айыппұлдар салынған.
Жалпы, Сыр өңіріндегі орманды алқаптың 83 пайызын сексеуіл ағашы құрайды. Орманшылар сексеуіл тұқымын әсіресе құмды аймақтарға, теңіз табанына егу жұмысын жалғастыра беру керек деп есептейді. Өйткені, құм көшкіні мен тұз ұшқынын болдырмауда сексеуіл ағашының пайдасы көп.