Семей әкімінің резиденциясы сатылады

3264

Әкім резиденциясында кейбір отбасылар тегін демалмақ.

Семей әкімінің резиденциясы сатылады

"Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласы әкімінің аппаратына" тиесілі қала сыртындағы кең сарай үш коттеджімен, курортымен, үш тұрғын үйімен бірге саудаға қойылып отыр.

Жалпы алғанда, "демалыс базасы" деп аталатын тұтас кешен орман ортасында орналасқан.

Нақты мекенжайы – Бесқарағай ауданы, "Глуховка" селосының әкімшілік шекараларының аясы деп көрсетілген.

Бұл базаны қала әкімдігі 158 миллион теңгеге ғана сатып жіберуге дайын отыр.

Оның саудасы алдағы айдың басында, дәлірек айтқанда, 2 сәуір күні қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қарасты gosreestr.kz порталы арқылы өтеді.

Мемлекеттің бұл "майшелпегін" иеленгісі келетін қалталы азаматтар алдымен 23,7 миллион теңге кепілдік жарнасын енгізіп, жеңіп шықса, сұраған ақыны бере алатынын растауы шарт.

"Қала сыртындағы резиденция Бесқарағай ауданының Глуховка селосының әкімшілік шегінде, жалпы ауданы 2 мың 330,4 шаршы метр жерді алып жатыр. Оның бас корпусы 1981 жылы салынған. Жалпы ауданы 480,3 шаршы метрлік ғимарат. Сауықтыру кешені 1994 жылы тұрғызылған. Ауданы – 371,6 шаршы метр. Резиденция құрамына сондай-ақ 1981 жылы қолданысқа берілген, аудандары 154 шаршы метрден асатын үш коттедж кіреді. Сонымен қатар оның аумағында 1969-1979 жылдары бой көтерген, аудандары 314,4 шаршы метрді құрайтын үш тұрғын үй бар", – деп хабарлайды мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің мемлекеттік мүлік тізілімі.

Оған жүгінсек, бұдан бөлек, сарай аумағында бильярд бөлмесі, сауна, теннис үйі, басқа да ғимараттар орналасқан.

Нысандардың жағдайын мамандар "қанағаттанарлық" деп бағалапты. Яғни, жаңа қожайын интерьерді өзгерткісі келмесе, шұғыл жөндеуді қажет етпейді.

Бірақ жаңа иесі оны өз отбасына не ауқатты жора-жолдастарына ғана арнап, өзгелерден жауып тастай алмайды. Себебі, сату-сатып алу келісімшартының талабына сәйкес, сатып алушы бұрын тек әкімге қызмет етіп келген демалыс кешенін енді бұқараға айқара ашып, онда туристік-экскурсиялық қызмет көрсетуге, демалыс базасын ұйымдастыруға міндеттеме алады. 

Сонымен бірге, тендердің жеңімпазына "кем дегенде 500 миллион теңге сомада инвестиция құйып, төрт жұлдызды қонақүй салу" қажет болады. Сарапшылар дәл осы талапқа қарап, болашақ инвестор бұрыннан осындай жобасымен дайын отыруы да мүмкін деген байлам айтады.

"Демалыс базасы келушілердің аз шоғырына емес, кең ауқымына бағдарлануға тиіс. Онда адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі міндетті. Нысанды сатып алушы саяхатшылар үшін ойын-сауық және көңіл көтеру шараларын ұйымдастыруы, база аумағын абаттандыруы керек. Бұған қоса, ол сату-сатып алу келісімшартына қол қойылған күннен бастап, 18 айдан асырмай, демалыс базасын іске қосуы шарт", – деген міндеттеме белгілеп отыр мемлекет.

Бір ғажабы, кейінгі кездегі үрдіс-тренд бойынша жергілікті әкімдік көп балалы және осал топтарды қорғау шараларының бір бөлігін де бизнеске жүктеу жолын тапқандай. Өйткені алдағы саудада жеңіске жететін кәсіпкер-инвестор резиденция қайта ашылғаннан кейінгі бес жыл бойы жыл сайын кем дегенде 20 адамның аз дегенде 10 күн бойы тегін демалуын және көңіл көтеруін қамтамасыз етуге тиісті болады.

Ақысыз-пұлсыз демалушылардың кім болатынын және тізімін жергілікті әкімқаралар анықтайды. Әзірге олардың "халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан шыққан отбасы мүшелері" болатыны ғана айтылған.   

Бұл ретте тегін тынығу мүмкіндігін олжалайтындардың саны 20-дан әлдеқайда көп болуы мүмкін: жоғарғы шегі белгіленбеген. Барлығы база иесінің жомарттығына байланысты болмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу