Семейде чиптер шығаратын зауыттың құрылысы басталды

789

Жоба құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды.

Семейде чиптер шығаратын зауыттың құрылысы басталды Фото: canva

Болашақта зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар, ТМД елдері мен Еуропаға экспортталмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Семейде чиптер мен электронды қондырғыларды өндіретін индустриялық парктің құрылысы басталды.

Жоғары технологиялық өнімдер өндіретін зауыттың іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли және шетелдік инвесторлар қатысты.

Жобаны қазақстандық-қытайлық бірлескен компания Suto Kazakhstan серіктестігі Семейдегі "Өндіріс" индустриялық аймағында жүзеге асырады.

Жаңа кәсіпорында чип, оптоэлектронды модуль, интеллектуалды хост-контроллер, қуат блогы, энергия үнемдейтін шамдар мен электронды дисплейлер өндірілетін болады.

Облыс әкімі бастаған өңір делегациясы жақында Қытайдың Шыңжаң ұйғыр-автономиялы өлкесінің Алтай қаласына барып, халықаралық "Үлкен Алтай" субөңірлік конференциясына қатысып қайтқан еді.

Ауқымды шара аясында Абай облысы мен қытай инвесторлары арасында құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды. Жаңа өндіріс орнының іргетасының қалануы сол сапардың алғашқы нақты нәтижесі.

Зауыттың іргетасын қалау рәсімінде сөз сөйлеген аймақ басшысы жоба өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жоғары технологиялық салаларды дамытуға үлкен серпін беретінін атап өтті.

"Бүгін Семей қаласында жоғары технологиялы зауыттың іргетасын қалап жатырмыз. Мұндай өндіріс елімізде бірінші рет қолға алынып жатыр. Құрылыс кезеңінде 140 адам жұмыспен қамтылса, зауыт іске қосылғаннан кейін 500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Құрылысқа жергілікті азаматтар, Семей қаласының тұрғындары тартылады. Жоба толық іске асқан кезде қызметкерлер 250 мың мен 500 мың теңге аралығында жалақы алатын болады", – деді аймақ басшысы.

Ерекше атап өтерлігі, кәсіпорын Семейдегі IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінің студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізіп, кейін зауытқа тұрақты жұмысқа алуға ниет білдіріп отыр.

Оқу орны мен компания өкілдері келісімге келіп, ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

"Семей қаласының маңында "Қазақстанда жасалған" таңбасымен микросхемалар мен чиптер өндіретін заманауи кәсіпорын пайда болады. Бізге 20 гектар жер берілді. Бірінші кезеңде негізгі ғимаратты, құрылғылар тұратын зауыттың цехтарын саламыз. Жоспарымыз бойынша кәсіпорынның алғашқы ғимаратының құрылысын 90 күнде аяқтасақ, алғашқы өнімді шығара береміз. Негізгі мақсат – чип өндіру. Мұндай чиптер бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген, тек құрастырылған", – деді Suto Kazakhstan серіктестігінің құрылтайшысы Ернұр Болатұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу