Ширек ғасыр Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған жылдары қаланың инфроқұрылымы әбден тозған. Әсіресе, жылу, жарықтандыру, абаттандыруға қатысты мардымды жұмыс жүргізілмеген.
Соның бірі – аулалардағы балалар ойын алаңдарының жағдайы мәз емес. Қазір шаһарда 576 аула болса, оның тек 10 проценті ғана жарамды. Денінің жағдайы адам шошырлық.
– Балалар ойнайтын жер жоқ. Жол дегенің быт-шыт. Негізі осыны жөндеуге болады ғой. Өзі облыс болды дегенге қуанамыз. Ал енді облыс болғанда, ешқандай жұмыстың жүріп жатқанын байқамаймыз. Бала-шаға жүретін де жер жоқ. Ойнайтын да жер жоқ-дейді қала тұрғыны Өмірбек Нұрахметов.
– Әкімдік ешқайда қарамайды, шынын айтса. Балам ешқайда ойнамайды. Осы есіктің алдында жүреміз. Көрші үйдің алаңына барамыз. Онда да жөндеу жүргізілмеген. Быт-шыт. Шегелері бәрі шығып жатыр, – дейді қала тұрғыны Саят Ибраев.
Қала әкімдігі болса мәселені жақсы білетінін айтыып отыр. Арнайы мониторинг жүргізіп, жөндеу қажет ететін аулаларды анықтаған.
– Біз аулаларды аралап шықтық. Олар, шынымен, нашар жағдайда. 576 аула болса соның 10 проценті ғана жарамды. Биылғы жылы кешенді түрде 70 ауланы жөндейміз. Ойын алаңдарын жасамас бұрын, бірінші, оның астында тозып тұрған инженерлік желілерді жаңалаймыз. Ол үшін де қаржы қарастырып отырмыз. Желілерді реттеген соң толықтай асфальт төсейміз. Көлік қоятын орындарды да жөндейміз. Жарық орнатамыз, – дейді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Семейдің инфрақұрылымын реттеу үшін 40 миллиардтан астам қаржы бөлінбек. Шаһар басшылары 100 ден астам көшені жарықтандыру, 60 көшеге асфальт төсеу мен 15 саябақты ретке келтіруді жоспарға енгізген.