Сенат депутаты жергілікті мәслихаттардағы айлық теңсіздігін көтерді

2457

Парламент сенатының пленарлық отырысында қала, аудан, облыс деңгейіндегі мәслихат хатшылары мен тексеру комиссиясының жалақысы өспеуіне қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолданды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Сенат депутаты жергілікті мәслихаттардағы айлық теңсіздігін көтерді

Депутаттық сауал Жолдаушы Мұрат Бақтиярұлы мәслихат хатшыларының жалақысын атап көрсетіп, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында айтқан кейбір мәселе әлі де шешілмегенін келтіреді.

"Біздің сауал еліміздегі аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі мәслихат хатшылары мен тексеру комиссиясының мәртебесіне қатысты болмақ. Бұл мәселе көптен бері айтылып, бірақ осы кезге дейін шешімін таппай келеді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жергілікті өкіл органдарға үлкен мән беріп:

"Мәслихаттар өңір қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға жауапты, бірақ көп жағдайда олардың пікірі ескерусіз қалады" деп, шегелеп атап өткен болатын. Біз таяуда өңірлерде ісспарда болғанымызда жергілікті мәслихаттардың мәртебелері бойынша әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екенінің куәсі болдық. Атап айтқанда, Үкіметтің 2021 жыл маусым айындағы қаулысына орай жергілікті деңгейде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің жалақасы екі еседен артық көтерілген. Алайда барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының еңбекақысы сол бұрынғы қалпында қалып қойды. Осы орайда мұндай жағдай 2016 жылы мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтергенде де болғанын айта кету керек", – деді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

Оның айтуы бойынша, аудандық мәслихат хатшысы аудандық мәслихат аппарат басшысынан екі есе төмен жалақы алады. Қызылорда облысында аудандық мәслихат хатшысы 200 мың теңге, мәслихаттың аппарат басшысы 453 мың теңге, бөлім басшысы 302 мың теңге алады. Облыстық деңгейдегі мәслихат хатшысы 467 мың теңге, мәслихаттың аппарат басшысы 634 мың теңге, бөлім басшысы 400 мың теңге жалақы алады.

"Тексеру комиссиясы төрағаларының жалақысы тек 33 пайыз, оның мүшелерінің жалақысы тек 17 пайыз өсті. Басқа мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі немесе одан да көп есе артқан. Бұл ретте айтарымыз, тексеру комиссиясы мүшелері жергілікті атқарушы органдар қызметі тиімділігінің тәуелсіз қорытындысын әзірлейтінін атап өту керек. Ал Мәслихат хатшыларының мәслихаттың аппарат басшыларынан төмен жалақы алуы лауазымдық иерархия қағидаларының сақталмауына әкеліп соғады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ҚР заңына сәйкес, мәслихат хатшылары мемлекеттік қызметші болып саналмайды, бірақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген тұлға ретінде қаралады", – деді сенатор. 

Жасын Қалибек


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу