Сенат электросамокаттарды пайдалану мәселелерін реттейтін заңды мақұлдады

1137

Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін дайындауға мемлекеттік монополия енгізілмек. 

Сенат электросамокаттарды пайдалану мәселелерін реттейтін заңды мақұлдады Фото: myseldon.com

Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz

Құжатты таныстырған сенатор Евгений Больгерттің сөзінше, заңның негізгі мақсаты – қолданыстағы құқықтық олқылықтарды жою және шағын электр көліктерін, электросамокаттарын пайдалану мәселелерін заңнамалық реттеу.

"Заңға сәйкес "шағын электр көлік құралы" ұғымы, оның техникалық сипаттамаларын және пайдалану тәртібін құқықтық регламенттей отырып, жүргізушілер үшін тыйым салулардың тізбесін белгілеу енгізіледі.  "Электрондық самокат" ұғымы енгізіледі. Ол ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік құралы деп танылады және олардың қозғалысы үшін орындар айқындалады, сондай-ақ олардың жүргізушілеріне тыйымдар белгіленеді. Атап айтқанда, электросамокаттардың жүргізушілері велосипед жолымен жүреді", – деді сенатор. 

Бұл болмаған жағдайда заңмен енгізілген шарттар мен тыйымдарды сақтай отырып, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша электросамокаттардың жүруіне жол беріледі.

Ол үшін электросамокаттар жүргізушілерінің 18 жасқа толуы, кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігінің болуы, түймеленген дулығаның болуы, ал тәуліктің қараңғы мезгіліндегі қозғалыста басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуді қамтамасыз ететін жарық шағылыстыратын заттың болуы секілді шарттар бар.

"Электросамокатқа тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен жүруіне жол беріледі. Шағын электр көлік құралдары мен электросамокаттары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері белгіленеді. Бұдан бөлек басқа құзыретті органда тіркелген көлік құралдарының "Жол қозғалысы туралы" Заңда көзделген талаптарға сәйкестігін тексеру үшін ішкі істер органдары қызметкерлерінің көлік құралдарын тоқтатуының негіздерін белгілейтін түзетулер енгізілді. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін дайындау саласында мемлекеттік монополия енгізілмек", – деп атап өтті Евгений Больгерт.

Оның сөзінше, бұл қызмет түрін жүзеге асыру құқығы ҚР ІІМ жанындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорынына берілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу