Сенат Қаңтар оқиғасы бойынша рақымшылық туралы заң қабылдады

Ол 1500-ге жуық адамды қамтиды.

Сенат Қаңтар оқиғасы бойынша рақымшылық туралы заң қабылдады Фото: inbusiness.kz

Сенаттың жалпы отырысында "Рақымшылық жасау туралы" Заң қабылданды, деп жазады inbusiness.kz.

Құжат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Қазақстан халқына Жолдауы негізінде әзірленді. 

"Ұсынып отырған заң жобасы қаңтар оқиғасына кезінде жасалған қылмыстар үшін жауапқа тартылатын адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан гуманизм мен мейірімділік актісі болып отыр. Тергеу органдары қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 1600-дей адамды анықтап, оларды жауапқа тартып отыр. Оның ішінде 1 112 адамға сот үкімі шығарылды. Басқаларының істері тергеу сатысында. Рақымшылық сотта да, тергеуде де қолданылады", – деді Заңды таныстырған сенатор Ләззат Сүлеймен.

Депутат жасалған қылмыстардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар белгіленгенін жеткізді. Заң жобасы орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатады. Ал жазасын өтегендерден соттылық алынады.

Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімін төмендету жоспарланған. 

"Ауыр қылмыстарға қатысты сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар бойынша мерзімінің жартысы қысқарады", – деп түсіндірді сенатор. 

Заң жобасының бірнеше ерекше тұсы бар. Оның бірі бұрын болған рақымшылық кезінде айыпталушы міндетті түрде келтірілген шығынды өтеуі тиіс еді. Бұл жолы мұндай міндет жүктелмейді.

"Келтірілген залал өтелген соң ғана рақымшылық жасалады деген талап қойылмайды. Алайда мүлік иесі материалдық шығынды сот арқылы азаматтық-құқықтық тәртіпте өндіріп алуға құқылы", – деп түсіндірді Ләззат Сүлеймен.

Тағы бір өзгешелік, осыған дейінгі тәжірибеде бас бостандығынан айыру мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамға рақымшылық жасау үшін міндетті түрде оның тәртібі ескерілетін. 

"Жазаны өтеу тәртiбiн қасақана бұзушы сотталған адамдарға рақымшылық қолданылмайтын. Ал ұсынып отырған Заң жобасында ондай талап жоқ. Бұдан басқа, алдағы уақытта қаңтар оқиғасындағы қылмыстар ашылатын болса және осы заң жобасында көзделген баптарға сәйкес соттылық болған жағдайда да рақымшылық жасалады", – деді депутат.

Айта кететіні, рақымшылық 1500-ге жуық адамды қамтиды. Олардың қатарында үгіттеушілердің сөзіне еріп ұрлық жасағандар бар. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу