Сенат Қазақстан мен Түркия арасында жүк көлемін арттыратын құжатты мақұлдады

2000

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы" Заңы мақұлданды.

Сенат Қазақстан мен Түркия арасында жүк көлемін арттыратын құжатты мақұлдады Фото: dknews.kz

"Түркия – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, былтыр Қазақстан мен басқа елдер арасындағы ең көп тауар айналымы бойынша Түркия 5-ші орында тұрақтаған. Алдыңғы қатарда тұрған Қытай (31,5 млрд доллар), Ресей (26 млрд доллар), Италия (16,1 млрд доллар) және Оңтүстік Корея (6 млрд доллар) елдеріне жол берген. Бұл ретте, Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 6 млрд доллар, экспорт көлемі 3,6 млрд доллар, ал импортталған түркиялық тауарлар көлемі 2 млрд долларға жеткен", деді сенатор Әлібек Нәутиев.

Оның айтуынша, қазірге дейін Түркияның Қазақстанға салған тікелей инвестициясының көлемі 5 млрд долларға жуықтаған.

Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр.

"Осыған орай екі ел арасында жүзеге асырылатын тасымалдарды заңнамалық реттеу өзекті деп есептейміз. Аталған келісім әртүрлі көлікті пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы транзиттік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Келісім мемлекеттерді байланыстыратын теміржол желілерінде, оның ішінде халықаралық контейнерлік блок-пойыздар үшін тиісті байланыстар мен транзиттік қызметтерді ұсынуды қарастырады. Тараптар Каспий теңізінде тұрақты жол-паромдық операцияларды жүзеге асырады. Сонымен қатар, кедендік рәсімдеу ережелерін есепке ала отырып, екі ел арасындағы жүктерді халықаралық тасымалдау шарттарын айқындайды. Қазіргі кезде Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Қытайдан Еуропаға жүктерді жеткізу мерзімін қысқарту бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Оған теміржол, автомобиль және су көлігі жұмылдырылған", деді депутат.

Сенатор Қытайдан Еуропаға транзитпен жүктерді өткізу және тауарларды жеткізу мерзімі 19-23 күнді құрайтынын айтты. Оның ішінде Қазақстан аумағы бойынша – 6 күн. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда екі есеге аз.

"Заң Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуды көздейді және екі ел арасында авто, теміржол және су көлігімен тасымалданатын жүктерді жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жүк тасымалдаумен айналысатын компаниялар саны да артады. Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндігі зор. Осы орайда Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тауар тасымалдап, одан әрі "Баку-Тбилиси-Карс" теміржол желісімен жүктерді жөнелту бойынша жұмыс жалғасады. Келісімді орындаудың барлық мәселелерін реттеу мақсатында, тасымалдарды дамыту жөніндегі Бірлескен комитет құрылады", – деді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу